Kyzylorda-news.kz. Қазір бірен-саран ғана кездесетін аты жаман ауруларды айтпағанда, медицинаның көптеген ауруға төтеп беруге қауқары жетеді, мүмкіндік те бар. Бірақ заман дамып, жаңа медициналық құрылғылар пайда болған сайын осы сала қызметкерлеріне артылатын жүк ауырлай түсті. Өйткені денсаулық сақтау саласына келген әрбір маман тек күнкөріс қамы деп емес, адам өмірінің арашашысы екенін жете түсініп келуі керек. Ал сол ақ халаттылардың кәсіби біліктілігі дертіне дауа іздеген мыңдаған адамның салауатты өмір салтына қайта оралуына себеп болмақ.
Жалағаш аудандық ауруханадағы ең күрделі бөлім – терапия бөлімі. Терапия бөлімінің бөлім меңгерушісі Әзизбек Жәмкеевтің айтуынша, терапия бөлімінде 2 пост бар, 3 дәрігер, 1 аға медбике, жалпы медбикелер саны 17, кіші аяжандар 14. Бөлімше 28 төсек орыннан тұрады. Оның ішінде 8 кардиологиялық, 10 неврологиялық, 7 терапиялық, 3 ревматологиялық төсек орын. Ал терапияның күндізгі стационарында 15 төсек орын бар. Ақылы палата 1 орын. Барлық бөлмелер кең, таза, жылы сумен қамтамасыз етілген. Әрбір палата 2-4 орындық. Сондай-ақ аурухана мен емхана аралығына жабық жолмен өтуге болады. Емханадан қажетті дәрігерлер ауруханаға баратын болса, айналып жүрмей-ақ жаңағы аспалы қатынас жолмен барып келе береді.
Дені сау адам қоғамның басты байлығы деп, бұрынғы ғалымдар айтып кеткен. Осы жолда қазірдің өзінде дәрігерлер белсенді кірісіп жұмыс жасауда. Соның бірін мысалға алсақ, терапия бөлімі осы кездері халық денсаулығын сақтау және қорғау барысында айтарлықтай жақсы жұмыстар атқарып жатқаны белгілі. 2021 жылы терапия бөліміне 1002 науқас түскен. Емделіп жазылып шыққан науқастар саны 969 адам болған. Ал былтырғы жылдың 5 айының өзінде осы бөлімге түскен науқас саны 611 болса, емделіп шыққаны 603 науқас болыпты. Міне көріп отырсыздар дәрігерлер мен медбикелер, медағалар, шаруашылық аяжаны, аспазшы және кіші аяжандарға қаншама ауырлық болған. Әсіресе кіші аяжандардың еңбектері ерекше деп айтар едік. Егде кісілердің жүріп тұру қиын болатындығы белгілі.
Әсіресе қайта қалпына келтіруге жатқан нақастарға көмек өте қажет етеді. Жуындыру, әжетханаға апару, арбамен тасымалдау сияқты сан-қилы жұмыстар атқарылады. Осындай күндіз-түні еңбек еткен денсаулық сақшыларының бір жақты ғана көрінісі. Келген науқастар әртүрлі жастағы адамдар, оның ішінде егде жастағы науқастар үшін күтімі ем-домы күрделірек болады.
«Медицина саласындағы басты мақсат – Қазақстан халқының денсаулығын сақтау, өскелең ұрпақтың саулығын қамтамасыз ету ісіне озық технологиялар енгізу, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру болып табылады. Осы бағытта халқымыздың дені сау ұлт болып өсіп-жетілуі жолындағы ақ халатты абзал жандардың еңбегі зор дер едім. Әсіресе кешегідей індет жайлағанда, ел басына күн туғанда, сын сағатта жауапкершіліктен қашпай, еш мойымай бар күш-жігерін елдің амандығы жолында жұмсаған да дәрігерлер қауымы болды. Сол сәттердегі осы терапия бөлімінің, осындағы ақ халаттылардың қалай қауырт жұмыс жасағанын мен білемін. Өзім де дәрігер деген ардақ атты арқалап жүргендіктен, жауапкершіліктің бәрінен маңызды, ал адам өмірі ең қымбат екенін жақсы түсінемін. Кәсіби біліктілікті үнемі арттырып отыру, мамандықтың қыр-сырын меңгерумен қатар жауапкершілікті үнемі сезіне білу және ең бастысы уақытпен санаспай жұмыс жасай білу маңызды. Жалпы, біздің терапия бөлімі күрделі. Мұнда көптеген диагноздағы науқастар емделеді. Мәселен, жүректің ишемиялық ауруы, артераильды гипертензия, өкпенің созылмалы обструктивті аурулары, бронх демікпесі, қант диабеті, анемияның ауыр дәрежелі түрлері, ревматологиялық аурулар, цереброваскулярлы ауру мен дисциркуляторлы энцефалопатия, ми қан айналымының жедел бұзылысының салдары, эплепсия, бел омыртқаларының остеохондрозы, протрузиясы, грыжасы және созылмалы пиелонефрит, созылмалы холецистит пен созылмалы панкреатит сияқты көптеген ауру түрлері бойынша ем-дом жасаймыз. Дегенмен бөлім күрделі болғанымен, мамандар жеткілікті деп айта аламын. Білікті дәрігерлер де, жұмысына жауапты медбикелер де бар. Осында келіп түскен әрбір науқастың аман-есен үйіне оралуына және ауруханадан шығарда тек алғыс айтып кетуіне күш саламыз, – деген терапия бөлімінің меңгерушісі Әзизбек Жәмкеев ақ халатты абзал жандар деген атқа лайықты болу әр медицина қызметкерінің міндеті екенін айтады.
Осындай күрделі бөлімге меңгерушілік етіп отырған Әзизбек Смағұлұлы еңбек жолын 2009 жылы аймақтық дәрігер, бөлім меңгерушісі болудан бастапты. Одан кейін Алматыда білімін жетілдіріп, невропотолог мамандығын алып шыққан. 2016 жылдан бастап невропотолог дәрігер болса, қазіргі таңда аудандық аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі. Бөлімдегі 26 науқас толық әрі өз дәрежесінде ем қабылдап жатыр екен. Айта кетейік, былтыр осы терапия бөлімінен ақылы 1 орындық палата ашылған. Мұнда ерікті түрде ақылы қызмет аламын, толық ақылы тексеруден өткім келеді деген кез келген адам медициналық көмекке қол жеткізе алады.
Міне 3 қабатты аурухана ғимараты осы заманға сай салынып, жабдықталған. Жоғары білімді дәрігерлер де жыл өткен сайын көптеп келуде. Түптеп келгенде біздің ең қымбат байлығымыз – өміріміз осы сала қызметкерлерінің кәсібиліктеріне байланысты. Сондықтан да бұл сала иелеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның жанына дауа, дертіне шипа бола алатын да осы сала қызметкерлері. Ал денсаулық сақтау саласында талай жыл тапжылмай тер төгіп, еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген білікті жандардың жүріп өткен жолы көпке үлгі деуге болады. Себебі тіршілікке нәр беріп, қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылылықты жанына серік еткен, игілікті мамандық иесі атанған олар қашанда сый-құрметке лайық.
Жалпы халық үшін ең маңызды сала – денсаулық сақтау саласында біраз жетістік, ауқымды шаралар жасалды. Соңғы жылдарда апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына жаңадан денсаулық сақтау нысандары салынды. Сонымен бірге облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының бірқатары жаңғыртылған. Облыс экономикасын қарқынды дамытуда біздің аудан да шет қалып отырған жоқ. Ауданға қарасты елді мекендердегі медициналық көмек беретін орындар жаңғыртылды, күрделі жөндеуден өтті, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде ауылдық жерлер тұрғындарына да талапқа сай медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік туды.
Аудандағы орталық аурухана ғимараты заманға сай жабдықталып, жасақталып, жаңа үлгімен бой көтерді. Аудан халқының көптен бергі көкейінде жүрген мәселе шешімін тапты. Кең әрі жаңа ауруханада енді жалағаштықтар сапалы медициналық көмек алуда. Дәрігерлер де жыл сайын біліктіліктерін арттырып, адам өміріне деген жауапкершіліктерін сезіне біледі. Кешегі індет жайлаған кезеңде де ауданның ақ халаттылары табандылық танытып, күн-түн демей, уақытпен санаспай жұмыс жасады. Барлық ауырған, індет жұқтырған науқастардың аман-есен отбасына қайта оралуына күш салды. Қашанда адам өмірі бәрінен қымбат дейтін абзал жандармен жолыққанда да мамандықтарына деген адалдықтары мен кәсібиліктеріне тағы бір көз жеткіземіз.
