Kyzylorda-news.kz. Медицина саласындағы басты мақсат Қазақстан халқының денсаулығын сақтау, өскелең ұрпақтың саулығын қамтамасыз ету ісіне озық технологиялар енгізу, ауылдағы медициналық қызметтердің сапасын арттыру болып табылады. Халық үшін де ең маңызды сала – денсаулық сақтау саласында біраз жетістік, ауқымды шаралар жасалды. Облыс экономикасын қарқынды дамытуда біздің аудан да шет қалып отырған жоқ. Осы бағытта халқымыздың дені сау ұлт болып өсіп-жетілуі жолындағы аудандағы ақ халатты абзал жандардың да еңбегі зор.
Қазіргі таңда Жалағаш ауданы көлемінде орталық аурухана, аудандық емхана, 12 амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет және 2 медициналық бекет халыққа қызмет етеді. «Дені сау ұлт әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жалағаш ауданының денсаулық сақтау саласында медициналық қызметті жетілдіру, медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолже¬тімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту, аурудың алдын алу шаралары мен алғашқы медициналық көмекті жетілдіру, ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Жалпы биылғы жылы соңғы үш айда аурушаңдық төрт мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда алғаш тіркелген аурушаңдық деңгейінен жоға¬рылаған. Ең көп кездесетін жағдайлардың алғашқысы жүйке жүйесінің аурулары болса, екінші сүйек-бұлшықет жүйесінің аурулары, одан соң тыныс алу жүйесінің аурулары тұр.
Аурушаңдық өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жоғарыласа, ал туу көрсеткіші керісінше биыл төмендеген. Өткен жылдың есепті кезеңінде 192 бала дүниеге келсе, биылғы жылы осы мерзімде 172 сәби жарық дүние есігін ашқан. Ал сәби өлімі өткен жылы 2-еу болса, биыл 1 жағдай тіркелген. Жалпы, өлім-жітімге келер болсақ, былтыр 46 жағдай тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 6 жағдайға азайып отыр. Суицид бойынша биылғы жыл басынан бері өз-өзіне қол жұмсау дерегімен 6 жағдай тіркеліп, оның 5-еуі аяқталмаған. Өткен жылы суицид әрекетімен 2 жағдай тіркелген. Бұл ретте аудандық ауруханада бірнеше психолог, әлеуметтік қызметкер жұмыс істеп отыр.
Мамандар күйзелістің алдын алу тақырыбында халық арасында сани-тарлық-ағарту жұмыстарын күшейтуде. Бұл жұмыстардың ішінде халық арасында өткізілген акция, семинар, тренингтер бар. Айта кету керек, өз-өзіне қол жұмсау дерегіне барған жандармен және жалпы тұрғындардың арасында ұйымдастырылатын мұндай шаралар барысында медицина мамандары тарапынан толықтай түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Адам өмірінің қаншалықты қымбат екені, кездескен сәтсіз жағдайлар мен қиындықты еңсерудің жолы – өз өмірімен қоштасумен шешілмейтінін және жасөспірімдер арасындағы суицидтің ата-аналарға қалай әсер ететіні талқыланады. Ерік-жігердің күшті болуы, кездескен қиындыққа қарсы төтеп бере алатын рухани, моральдық потенциал және ашықтық бұл етене жақын қарым қатынастан туындайды. Сондықтан да ата-аналар әсіресе жасөспірім балаларымен өте тығыз байланыста болып, ұдайы бақылап отыруы керек. Сонда томаға тұйықтықтыққа салынған балаларды қиын жағдайдан алып шығуға мүмкіндік тумақ. Бұл да психолог мамандардың халыққа айтар кеңестерінің бірі.
Жалпы аталған саланы дамыту, аудандағы медицинаның сапасын арт-тыру бағытында алға қойылған мақсатты жұмыстар да жоқ емес. Мәселен, ана мен бала және ұрпақты болу жасындағы әйелдердің денсаулығын қорғау жұмысын жандандыру, ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында енгізілген «Эффективті перинаталды технологиясы» және БШАЫЕ бағдарламалары әрі қарай жалғастыру, пилоттық патронаждық қызметтің жұмысын жандандыру, сәби өлімін болдырмау және алдын алуға бағытталған қысқа мерзімді жоспармен жұмыс жасау, емдеу-диагностикалық жұмыстарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында аудан бойынша медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктерін жетілдіру және мастер-класс тәжірибесін тиімді пайдалану, емдеу және алдын алу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, аурудың алдын алу шараларын жүргізу, салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау жұмыстарын жалғастыру, цифрлы Қазақстан бағытында мекеме жұмысын толығымен біріктірілген ақпараттандыру жүйесіне енгізу арқылы қағазсыз мекеме принципімен жұмыс жасауды жандандыру және МӘМС жүйесі бойынша халықты ақпараттандыру жұмыстарын жандандыру жұмыстары жолға қойылмақ.
Иә, медицинасы дамыған елдің болашағы жарқын болмақ. Өйткені медицина дамыса, елдің денсаулығы жақсарады, осылайша қоғам дамиды. Дамыған елдердің тәжірибелерін меңгеру арқылы озық елдердің қатарына енуді мақсат тұтқан еліміз соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына аса мән беріп келеді. Нәтижесінде жыл сайын салада өзгерістер орын алып, тіпті шалғай аудандардағы емханаларға заманауи аппараттар үлестірілуде. Ал мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің денсаулығымызды бақылайтын ақ халатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі еселі.