Kyzylorda-news.kz. Ұлттық мереке - Республика күніне тарту ретінде бүгін Жалағаш ауданының Таң ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды.
Игі шараға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, аудан жұртшылығын ұлық мерекемен құттықтады.
«Жалағаш ауданындағы іргелі елді мекен - Таң ауылы тұрғындарының көптен күткен көкейтесті мәселелерінің бірі шешімін тауып, жаңа медициналық нысан пайдалануға берілуде. Жаңа емдеу орнында әрбір дәрігер елге адал қызмет етіп, науқастың дертіне дауа, көңілге рауан беріп, денсаулығын жақсартуға атсалысады деп сенемін. Егемен еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігі нық болсын! Мереке құтты болсын», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Ауыл халқының игілігіне қызмет ететін медициналық нысан «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы арқылы салынған. Жаңа ғимараттың құрылысына 140 млн. теңге қаржыға бөлінді.
Айта кетейік, ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Айтулы мереке қарсаңында ауданында 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілді. Аумағы 29 мың шаршы метрді құрайтын ғимаратқа «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен 431,5 млн. теңге қаржы жұмсалды.

