Kyzylorda-news.kz. Ақ халатты жандарды көрсек, көзімізге жүрегі мейірімге толы, жанашыр, жүзі жылы жандай көрінеді. Себебі әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салып, өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын жүреді. Сондықтан оларды ақ халатты абзал жандар дейді.
Бала күнінде қатты ауырған қаршадай қыз ауруханаға түсіп, айналасынан ақ халатты абзал жандардың мейіріммен қарап, емдегенін көреді. Осылайша «Мен міндетті түрде ақ халат киіп, адамдарға жақсылық жасап, барлығын емдейтін боламын» деп алдына мақсат қойған кейіпкеріміз Зейпін Уызбаева мектепті үздік бітіріп, арман-мақсатына жетеді. Яғни Ыбырай Алтынсарин атындағы №10 мектепті бітірген соң, 1985-1988 жылдары аралығында Қызылорда медициналық училищесінде жалпы мейірбике саласын оқып, тәмамдаған.
Алғаш еңбек жолын 1988 жылы Ленинск қаласында қазіргі Байқоңырда госпитальда травматология бөлімінде бастаған. Ондағы жұмыс қиын болса да күні-түні науқастардың жағдайын жасап, денсаулығын қадағалаған.
Бір жылдан соң отбасын құруына байланысты Қараөзек ауылындағы ФАП-қа фельдшер қызметін атқарған мейірбике қалалық ауруханаға қалай ауысқанын айтып берді.
– Тоқырау кезеңі болатын. Ол кезде ауылда акушер, мейірбике және медбике болып үш адам жұмыс істейтінбіз. Ауылдағы адамдар мен балаларға екпе салып, әр адамның денсаулығын қадағалап, қызмет атқаратынмын. Тіпті келіншектердің үйіне барып босандыратынбыз. Себебі қазіргідей көлік болмайтын. Кейін Қаракөл совхозына қоныс аударып, сондағы жаңадан салынған ауруханада бес жыл еңбек еттім. Алайда 2010 жылы аурухананың жабылуына байланысты қызметкерлерді екіге бөлді. Яғни ауылдағы емхана бөліміндегі қызметкерлер екінші емханаға ауысса, қалғанын қалалық ауруханаға ауыстырды. Міне, осылайша Қызылорда қалалық ауруханасына ауысып, қазіргі таңда физиотерапия бөлімінің мейірбикесі болып қызмет атқарамын, – деді мейірбике Зейпін Молдашқызы.
Адам жаны мен тәнін емдеуді, игі іс жасағанды жаны сүйетін ақ халатты абзал жан бүгінде өзі армандағандай маман иесі атанғаны көрініп-ақ тұр. Себебі ауруханадағы науқастармен ашық-жарқын сөйлесіп, жанашырлық танытып жүргенін сырттай бақыладық.
– Мейірбике болу бұл жоғары кәсіби шеберлікті талап етеді. Себебі мейірбикелерге де үлкен міндеттер жүктелген. Мәселен, бақылаушылық, науқастың бойындағы физикалық, психологиялық өзгерістерді көретін, байқағыштық қасиеттерге ие болу керек. Сондай-ақ мейірбике болатын адам мейірімді, сабырлы, ұстамдылық пен қатар өзінің сезімталдығын басқара білетін және эмоциялық тұрақтылықта тәрбиеленген жандар болуы қажет. Өйткені ауруханада түрлі жағдай болады. Сондықтан бойында қорқыныш сезімі болмаған жөн. Одан бөлек алдыңа келген науқасқа жақсы қарап, жылы сөйлесу керек. Себебі жылы сөз – адам жанының шипасы. Сол үшін әрбір адамға жақсы қарап, жылы сөйлеу арқылы күш-қуат беріп, емдеуге болады, – дейді Зейпін Уызбаева.
Сондай-ақ адамдарға жәрдем беріп, әрбір науқасқа жақынындай қарап, тезірек сауыққанша қолынан келгенін аянбайтынын жеткізді.
Сондай-ақ науқастардан сұрастыру барысында өте қарапайым жан екенін, қызметіне адал, әрдайым күліп жүретін, ауырып тұрғаныңды ұмыттырып қана қоймай, қолдау білдіретінін білдік. Тіпті мінезі қандай жұмсақ болса, қолы да өте жеңіл укол, системаны білдіртпей салатынын айтуда. Жалпы айтқанда науқастар мейірбикені мақтап, кез келген уақытта жұмысынан бөлек үйге де шақыртып емделетіндерін де жеткізді.
Кейіпкеріміз отбасында аяулы жар, қамқор ана және мейірімді әже. Өмірге арыстандай бес ұл әкеліп, балаларын оқытып, келін түсіріп, бес немере сүйіп отыр. Осындай үлкен отбасының отанасы болып үлгі көрсетсе, қызметте абырой биігінен көрініп еңбек етуде.