Kyzylorda-news.kz   Әрбір елде бекітілген Ұлттық егу күнтізбесі және оларға қарсы вакцинация жүргізілетін жұқпалы аурулардың тізімі болады. Сол сияқты елімізде де Үкімет қаулысымен бекітілген егу күнтізбесі бар. Онда көрсетілген жоспарлы вакциналаудың барлығы республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

Вакциналау – жұқпалы аурулардан қорғанудың ең тиімді әрі сенімді жолы. Профилактикалық екпелермен жоғары деңгейде қамту ұжымдық иммунитет қалыптастыруға ықпал етеді, осылайша иммунизация жұқпалы аурулардан қорғап қана қоймай, жалпы қоғам денсаулығына оң әсер етеді. Бірқатар жұқпалы инфекциялардан болатын аурулар мен өлім жағдайларын едәуір азайтады.

– Профилактикалық екпелер арнайы дайындықтан өткен мейіргерлермен мамандандырылған егу кабинеттерінде жүргізіледі. Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 216 екпе кабинеті жұмылдырылған. Алыс орналасқан елді мекендерде егу жұмыстары 43 жылжымалы егу бригадасымен жүзеге асырылады. Елімізде профилактикалық екпелердің ұлттық күнтізбесіне сәйкес бала туылғаннан бастап 56 жасқа дейін 21 инфекциялық ауруға қарсы иммундау жүргізіледі. Ағымдағы жылдың І тоқсан қорытындысы бойынша жалпы облыс көлемінде инфекциялық ауруларға қарсы жоспарлы прфилактикалық егулермен қамту оптималды деңгейде. Вакцинадан кейінгі асқынулар тіркелген жоқ, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Жүргізілген профилактикалық егулердің арқасында облыс аумағында соңғы 15 жылда гемофильді инфекция, дифтерия, полиомиелит, сіреспе сияқты инфекциялық аурулар тіркелмеген. «В» вирустық гепатитімен, сондай-ақ қызамықпен, эпидпаротитпен сырқаттанушылық деңгейі спорадиялық жағдайларға дейін төмендеді.

​Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде вакциналаудың қауіпсіздігіне күмән тудыратын, теріс көзқарас қалыптастыратын жарияланымдар саны артты. Мұндай негізсіз ақпараттар адамдар арасында қорқыныш пен сенімсіздіктің белең алуына әсер етеді, сәйкесінше халықтың екпемен қамтылу деңгейінің төмендеуіне әкеледі.

Вакцинациядан бас тартудың салдары ретінде соңғы уақытта қызылша, көкжөтел, «А» вирусты гепатиті ауруларының әлем бойынша күрделенуін атап кетуге болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл қолайсыз эпидемиологиялық жағдайдың қалыптасуын ауруларға қарсы екпе алмағандар санының артуымен байланыстырады. Бұл кезекті рет вакциналардың жұқпалы аурулардан қорғайтындығын дәлелдейді.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мен емдеу мекемелерінің дәрігерлерімен бірге екпелердің сапасы мен қауіпсіздігі, қажеттілі мен маңызы бойынша тұрғындар арасында тұрақты түрде санитариялық ағарту жұмыстары жүргізіледі.

Қызылорда облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды уақытылы вакцинациядан өтуге шақырады, себебі бұл жұқпалы аурулардың таралуына қарсы тұрудың жалғыз әрі ұтымды жолы.

Тағы да оқыңыз: