«Вакцина алған әйелдерге жарты жыл бала көтеруге болмайды»: Ақпарат қаншалықты рас? – Kyzylorda News
Басты бет

«Вакцина алған әйелдерге жарты жыл бала көтеруге болмайды»: Ақпарат қаншалықты рас?

16.04.2021, 16:20

740 0

Kyzylorda-news.kz. Коронавирусқа қарсы вакцина алған әйелдер кез келген уақытқа жүктілікті жоспарлай беруіне болады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің өкілі айтты, деп хабарлайды  «Информбюро».

Қазақстанда сәуір айының ортасына дейін 505 мың адам ғана коронавирусқа қарсы екпе салдырыпты. Бұл үкімет осы айда жоспарлаған сандардың жартысына да жетпейді. Бұған себеп, мамандардың айтуынша, жұртшылықтың екпеге деген сенімінің аздығы. Бірі – екпеден соң бала көтере алмаймыз деп қорықса, ал енді бірі өзге ауруымды қоздырып аламын деп алаңдайды екен.

Әйелдердің дені екпеден соң бала көтере алмаймын деп алаңдайды екен. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі, бұл жалған ақпарат екенін мәлімдеді. Ковидке қарсы вакцина алған әйелдердің кез келген уақытқа жүктілікті жоспарлай беруіне болады екен. Алайда жүкті және емізулі баласы барларға екпе алуға тыйым салынған.

«Вакцинаны қабылдағаннан кейін үш күндей міндетті түрде кейбір азаматтарымызда дене қызуы көтерілуі мүмкін. Уколдың орны ауырып кішкене ісінуі мүмкін. Вакцинаны қабылдағаннан кейін үш күнге дейін суға түспеуге біз кеңес береміз. Егерде бірінші компонентті алған азаматымыз 21 күннің ішінде коронавирус инфекциясын жұқтырып алса, коронавирустан толық айығып алған соң 6 айдан кейін вакцина салдыруына болады», – деді санитария-эпидемиология бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтана.

Дәрігерлер соңғы күндері елорда емханаларына ковидке қарсы екпе алуға келетіндер саны артып жатқанын айтады. Алайда сандар керісінше сайрайтын сияқты. Мысалға, елордалық емханаға қарасты 80 мыңнан астам адамның ішінен тек 1900-ы ғана сәуір айында вакцинацияланған.

«Температурасын өлшейміз, сатурациясын өлшейміз, қан қысымын өлшейміз. Сұрақтар қоямыз, жүкті ме, емізулі баласы бар ма, онкологиялық аурулары бар ма, соңғы алты айда ауырды ма коронавируспен. Соңғы бір айда басқа да екпелерді алды ма?», – деді терапевт дәрігер Әлия Өскембаева.

Мамандар екпенің орны ісіп, сыздап ауырса жылы киіну керек екенін айтады, ал тіпті шыдатпаса 103 нөміріне хабарласуға кеңес береді. Дәрігерлердің айтуынша, екпе бұрынғы ауруларды қоздырмайды, қанды ұйытпайды. Өйткені вакцина алдында пациент толық медициналық тексеруден өтеді.

0

Пікір қалдыру