Kyzylorda-news.kzАудандық аурухананың хирургия бөлімі басқа бөлімдерге қарағанда қызмет көрсету жағынан өзгешелеу. Мұнда түрлі жарақаттар, отадан өткен науқастар ем қабылдайды. Былай айтқанда, бөлімге түскен науқасқа жедел шешім қабылданып, шұғыл көмек көрсетіледі. Себебі ондай сәтте әрбір минут, секунд санаулы.
6 маусым. Кешкі сағат 20:15 шамасында жедел түрде бөлімге науқас жеткізіледі. Жағдайы күрт төмен түсіп, денсаулығы әлсіреген. Бөлім меңгерушісі Шакрат Бердібаев хал үстінде жатқан науқасқа жан-жақты тексертулер жасап, шұғыл отаға алады. Хирургияда 30 жылдық тәжірибесі бар маман алдымен диагнозын қойып, әбден құр сүлдері келген Шымкент қаласының тұрғынына ем-шарасын жасайды. Жалпы жағдай қалай болды, оны хирургтың өз аузынан естісек.
– 66 жастағы азамат Олег Шипицинге үлкен ота жасалды. Ол 4 сағатқа жуық уақытқа созылды. Бізге келген бойда ем-шарасы жасалып, дәрілер құйылды. Отаға жарау үшін осылай науқастың қан қысымын, басқа да резустарын жан-жақты көтеріп алуымыз керек. Әйтпесе отаға ала алмаймыз. Денсаулығын жаратып алған соң, бір сағаттың көлемінде бірден отаға кірістік. Дұрыс ем қону үшін, нақты диагнозы қойылуы тиіс. Ол кісінің дене температурасы 35-ке түсіп, аяқ-қолы мұздап келді. Өзінің айтуынша, 6 күннен бері егістікте жұмыс істеп, тек ауырсынуды басатын дәрі-дәрмек ішіп, жүре берген екен. Шымкент қаласында емханаға барғанда ол жақта өт жолында тас бар деп диагноз қойып, үйіне қайтарған. Біздің бөлімге жеткізілгенде есін жоғалтып алып тұрды. Сонда да болса, қолымыздан келген көмегімізді аямай, аман алып қалуға білігімізді салдық. Басынан-ақ ішкі құрылысында ақау бар екенін білгенбіз. Ішін ашқанда 2 литрдей ірің алдық. Тексеру нәтижесінде ішектің 4-5 жерінен жара болып, ол жарылып, сыртына шығып, іріңдеген. 4 сағат тікемізден тік тұрып ота жасадық. Әлдеқалай болып кетер ме екен деген де қорқынышымыздың болғанын жасырмаймын. Қазір жағдайы күннен-күнге жақсарып келеді, – дейді бөлім меңгерушісі Шакрат Ақбергенұлы.
Хирург отаның сәтті шығуына әріптестерінің де еңбегі зор екенін айтады. Оған өзі бас болып ота жасаса, хирург Сәкен Жақсыбаев ота жасаушы хирургтың көмекшісі әрі ассистенті болса, реанимотолог Әділбек Маликов анестезиолог қызметін көрсеткен. Ал анестезиолог медбикесі Жанар Ахметбекова, операциялық медбикелер Гүлжан Елпанова, Айнұр Битенова, кезекші медбикелер Ләйла Балатаева, Задия Смағұлова және аяжан Ләззат Асқаровалар да отаның ойдағыдай өтуіне маман ретінде атсалысқан.
Аудан дәрігерлерінің біліктілігінің арқасында ажал аузынан аман қалған Шымкент қаласының тұрғыны Олег Геннадиевич "Дельта юг" авиакомпаниясының авиатехнигі болып қызмет атқарады. Бұл жаққа шаруашылықтарды зиянкестерден залалсыздандыру мақсатында келген. Хирургия бөліміне арнайы барып науқаспен жолыққан болатынбыз.
– Қармақшыға келмей тұрып, үйде ішім бүріп ауырып, қатты қиналдым. Жедел жәрдеммен Шымкенттегі аурухананың біріне түскен болатынмын. Онда маған дәрігерлер денсаулығымда ешқандай кінәраттың жоғын, тек өт жолында тас болуына байланысты осылай ауырып тұрғанымды айтып, мені компьютерлік томографияға (МРТ) түсуге облыстық клиникаға жолдады. Онда да ауруымды таппай, кері қайтарды. Мамандар айтқасын бәрі дұрыс болар деген үмітпен осылай қарай ұшып келдім. Мұнда келген бойда-ақ денсаулығым сыр берді. Жанымды шүберекке түйгендей болдым. Осында келгеннен кейін ғана менің диагнозымды дұрыс бір ғана дәрігер тапты. Ол – хирургия бөлімінің меңгерушісі Шакрат Бердібаев. Ол менің өмірімді құтқарды. Ажалдан арашалады. Өз ісінің шебері екен. Әрине түсінемін. Адамдардың еміне шипа беру – антына сай жұмыс болар. Дегенмен де оның осы еңбегі ескеруге өте лайық. ҚР Денсаулық министрлігі немесе денсаулық сақтау саласының басшылығы дәрігерді марапаттаса екен деген тілегім бар. Егер маған дер кезінде осындай көмек жасалмағанда қазір менің қайда боларымды бір құдай біледі. Жас баладай мәпелеп қарап жатыр. Қаншама адамның сауығып кетуіне септігін тигізіп жүр. Мен ота үстелінде өмір мен өлімнің арасында жаттым. Ана дүниеден алып келді десем артық емес. Осындай хирург дәрігерлер көп болсын.
Өзім еңбек ететін компания мен оның командованиесінің атынан аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Сағилатұлына, хирургия бөлімінің барша қызметкерлеріне алғысымды айтып, кәсіби төл мерекелерімен шын жүректен құттықтағым келеді, – дейді шымкенттік ұшқыш риясыз көңілде.
Науқастың бүгінде жағдайы бірқалыпты. Дәрігерлердің емін алып жатыр. Отбасы, командирлері де хабарласып, мереке қарсаңында ажалға араша болған барша медицина қызметкерлеріне алғыстарын жаудыруда.