Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы №3 емханада жоғары ажыратымдылықтағы УДЗ аппараты ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. МӘМС жүйесінің аясында ультрадыбыстық зерттеу қолжетімді әрі сапалы медициналық көмектің ажырамас бөлігіне айналды.
38 жастағы Жарасхан Бегімбаев бүйрек тұсындағы ауырсынуға шағымданып, емханаға жүгінді. Учаскелік дәрігер пациентті УДЗ-зерттеуге жолдады.
— Жұмыс істеймін, МӘМС жүйесінде сақтандырылғанмын. Тиісінше, медициналық қызметтерді тегін аламын. Қуантатыны – қазір УДЗ-ге кезек жоқ. Жолдама берілді, бірден тексеруден өттім. Медициналық сақтандыру арқылы көптеген қызметтер қолжетімді, – дейді Жарасхан.
Емханада үш УДЗ аппараты жұмыс істейді. Соның бірі – заманауи Samsung Medison HERA W10 құрылғысы. Бұл аппарат анық бейнелеуді және жетілдірілген визуализацияны қамтамасыз етеді.
— Аталған құрылғы арқылы жүктілік кезіндегі скрининг, жүрек, сүт бездері, барлық ішкі ағзалар бойынша зерттеулер жүргіземіз. Сондай-ақ, қатерлі түзілістерге күмән болғанда толық тексеру өткіземіз. Әрине, МӘМС аясында ультрадыбыстық зерттеудің қолжетімді болуымен ауруларды ерте анықтау деңгейі артты. Бұл әсіресе әлеуметтік осал топтар үшін өте маңызды, – дейді УДЗ дәрігері Айнұр Тұрманова.
