Kyzylorda-news.kz Бұл туралы эндокринолог маман айтып берді.

Егер сау болғыңыз келсе және ерте қартайғыңыз келмесе, ұйқыға өмірлік маңызы бар нәрсе ретінде қарау керек, – деп хабарлайды Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Заманауи адамдар түрлі жағдай үшін ұйқысын жиі қияды. Мысалы, емтиханға дайындалу үшін түнде ұйықтамайды, жұмыстағы жобасын аяқтау үшін таңға дейін отырады немесе сүйікті сериалын аяқтаймын деп түні бойы ұйықтамайды.

Алайда дәрігерлер ұйқының маңызы жайлы айтудан жалықпайды. Егер адам ұзақ уақыт бойы дұрыс ұйықтамаса, оның салдары ұзақ күттірмейді. Осы ретте эндокринолог Зухра Павлова өзінің Telegram каналында дұрыс ұйықтамаудың зияны туралы айтты.

Эндокринолог Nature журналында жарияланған зерттеу жөнінде айтып берді. Зерттеу авторлары 7 мың ересек адамның ұйқы сапасының мәліметтеріне анализ жасаған. Олардың ұйқы сапасын бағалауға арнайы ақылды білезіктер көмектескен. Зерттеуге қатысушылар бұл білезікті жарты жылдан кем емес уақыт тағып жүру керек болған. Зерттеу 4 жылға созылған. Нәтижесінде, ғалымдар адамның нашар ұйқысы мен түрлі аурудың дамуы арасындағы байланысты байқаған. 

Ғалымдардың айтуынша, тұрақсыз ұйқы депрессия, гипертония, семіздік және гиперлипидемияның пайда болу қаупін арттырған.

Сондай-ақ авторлар ұйқы жетіспеушілігі мен артериялық гипертензия арасындағы байланысты да байқаған.

Дәрігерлер бұған дейін де нашар ұйқы ерте қартаюға және артық салмаққа әкелетінін айтып жүрді.

Егер күнде 23:00-ден кейін ұйықтасаңыз және қажетті 8 сағаттан өте көп немесе өте аз ұйықтасаңыз, денсаулыққа зиян келтіріп алуыңыз мүмкін. Ұйқысыздық адамның сырт келбетіне де жағымсыз әсер етеді.

Ұйқыны қалай ретке келтіреміз?

Дәрігерлер күнде бір уақытта ұйықтап, бір уақытта тұруға кеңес береді. Ұйқыны реттеу үшін таңертеңгі ритуалдардан бастаңыз: ең болмағанда 5-10 минут жаттығу жасаңыз, міндетті түрде пайдалы таңғы ас ішіңіз, мүмкіндік болса, таңертең жаяу жүріңіз.

Сондай-ақ мына әрекеттерді әдетке айналдырған жөн:

  • Сағат 14:00-ден кейін құрамында кофеині бар ештеңе ішпеңіз немесе жемеңіз;
  • Мүмкіндігінше жұмыстағы тапсырмаларды үйге апармаңыз, барлық шаруаны уақытында аяқтаңыз;
  • Ұйықтарға 3-4 сағат қалғанда кешкі асты ішіп алыңыз;
  • Ұйықтарға 2 сағат қалғанда белсенді жаттығулар жасамаңыз;
  • Ұйықтарға 1 сағат қалғанда гаджеттерді әрі ысырып қойыңыз.

Фото: aikyn.kz

Тағы да оқыңыз: