Kyzylorda-news.kz. КВИ-ға қарсы вакцина егіп жатқан медицина ұйымының бірі №3 қалалық емхана. Бүгінде емханадан 21 428 адам вакцинаның 1 компонентін алса, 2 компонентін 16 879 адам салдырған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында №3 қалалық емхананың алдын алу және әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Дана Есетова екпе егу жұмыстарының барысын баяндады.

«№3 қалалық емхананың дәрігерлері екпе салдыру жұмыстарын күнделікті жүргізіп жатыр. Екпе салар алдында тұрғындар дәрігердің толық тексеруінен өтіп, рұқсат берілген жағдайда ғана салынады. Емханада бес жылжымалы егу бригадалары жұмыс істейді. Бір егу бригадасының құрамында дәрігер мен тіркеуші және вакцинатор болады. Тұрғындар санитарлық талаптарды сақтап, індетке қарсы вакцинаны белсенді түрде салдыруда. Осының арқасында ұжымдық иммунитет қалыптасуда», – деді Дана Есетова.

Өз кезегінде №4 қалалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Ұлжан Болатова тұрғындарды індеттен сақ болуға шақырып, індетке қарсы екпенің маңыздылығына тоқталып өтті.

«Үстіміздегі жылдың ақпан айынан бастап елімізде жаппай вакцинация шаралары басталған болатын. Ендігі кезекте, әр азамат екпе егу жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, вакцина қабылдауы тиіс. Қазір Қызылорда облысы сары аймақта тұр. Әрине бұл қуантарлық жағдай. Дегенмен жасыл аймаққа еніп, бұрынғы өмірімізге қайта оралу өз қолымызда», – деді Ұлжан Маратқызы.

Айта кетейік, өткен тәулікте аймақта коронавирус инфекциясын жұқтырудың 56 дерегі тіркелді. Ал 59 адам індетінен толық айығып шыққан.

Тағы да оқыңыз: