Kyzylorda-news. Тәуелсіздік жылдарының басында көптеген саланың жұмысы тұралап қалғаны белгілі. Бірақ ел болашағының жарқын болуы үшін жасалған ең әуелгі әрі батыл қадамдардың барлығы дерлік бүгінде нәтижесін беріп жатыр десек, артық айтқанымыз болмас. Әсіресе медицина саласына көрсетілген қолдау жемісін беріп, саланың дамуына үлкен септігін тигізуде.
Медицина халық саулығының негізі екенін ескерсек, салаға бағытталған қаржы мен қолдаудың әрқашан өз нәтижесін бергеніне және алдағы уақытта да нәтижелі жұмыстарға жол ашатынына күмән жоқ. Бұл қолдаудың арқасында елдің сапалы медициналық қызметке қолы жеткенін аңғару қиын емес. Бір сөзбен айтқанда, сала қызметкерлерінің жұмысының оңтайлануына үлкен қолғабыс болып отыр.
Жалағаш ауданындағы аудандық емханаға жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, жүзі жылы, мейірімді дәрігерлердің науқастарға асқан ыждағаттылықпен хал-жағдайын біліп, ақыл-кеңесін айтып жатқанын көресіз. Дәрігерге керегі де осы қасиет, мейірімділік қой. Ал көзінде күн күлімдеген ақхалатты абзал жандардың алдына келген жанды жылы жүзбен қарсы алуы кәсіби біліктіліктерімен қатар, адами тұр-ғысынан да мәдениеті жоғары екенін айқын аңғартып тұр.
Негізі медицина саласында ақхалатты абзал жандардың дертке шалдыққан жанды емдеуінің айқын үш жолы бар екені баршамызға мәлім. Біріншісі сөзбен. Екіншісі шөппен, яғни дәрі-дәрмекпен. Үшіншісі пышақпен, яғни ауру асқынып, жоғарыдағы екеуінен көмек болмағанда, көрсеткішіне қарай хирургиялық жолмен емдеу қажет. Осы емдеу жолының алғашқы екеуін ұштастыра білген маман нағыз өз мамандығына дөп келген жандар деп айта аламыз. Таңдаған мамандығына жауапкершілікпен қарайтын, өз ісінің маманы деуге тұрарлықтай ақхалаттылардың қатарынан Жалағаш аудандық емханасының егу медбикесі Айжан Кенбаеваның есімін ерекше атауға болады. Жалағаш жерінде туып-өскен Айжан Бостанқызы – тәуелсіздіктің төл құрдасы. Нағыз еркіндік салтанат құрған кезеңде дүние есігін ашқан бақытты ұрпақ. 1991 жылдың 22 желтоқсанында жарық дүниеге келген кейіпкеріміз отбасы үшін де ерекше перзент, ата-анасының қуанышын еселеген қыз.
– Шүкір, қызым – бүгінде медицина саласының қызметкері. Өз жұмысын жауапкершілікпен алып жүруге әркез тырысады. Қай кезде де, кез келген уақытта жұмысын бірінші орынға қояды. Жұмысы ширақ, жүйелі болса, елдің алғысында болады ғой қашанда. Бүгінде осы қызым бір шаңырақтың аяулы келіні, екі баланың анасы атанып отыр. Ата-ана үшін баласымен мақтанғанға не жетсін, – дейді ақхалатты абзал жанның анасы Маржан Омарова.
Иә, Маржан апайдың бізбен қуанышын бөлісетіндей жөні бар, «Бала жаман болса, ата-анасын түйе үстінен ит қабады» дейді. Ал өзіңнен үлгі-өнеге алып, жолыңды қуып, халыққа адал қызмет етіп, тек елдің алғысын алса, ата-ана да оның қуанышына марқайып отырады. Бүгінгі кейіпкеріміздің анасының сөзінен осыны ұқтық. Аудан орталығындағы №201 мектеп-лицейін тәмамдап, кейіннен Қызылорда медициналық колледжінде мамандығы бойынша білім алған Айжан Бостанқызы алғашқы еңбек жолын аудандық емхананың жалпы тәжірибелік медбикесі болып бастаған. 2021 жылдан бері емханада егу медбикесінің міндетін атқарады.
– Несін жасырайын, медицина саласына аяқасты келе салмадым. Ақхалатты абзал жан атану бала күнгі арманым болатын. Мамандық таңдауда қателеспеу керек дегендей, мен өмір бойы жасайтын жұмысымды таңдауда өзімнің қарым-қабілетіме, ынта-жігеріме сендім. Емханада қызмет ету, алдыңа келген әрбір науқастың саған қарап-ақ жүзіне күлкі үйірілуі міне, біздің «абзал жан» атына лайықты болғанымыздың дәлелі деп білемін. Көптеген үлкен кісілер алғысын айтып, батасын беріп жатады. Бұл мен үшін ең үлкен жетістік деп есептеймін, – дейді кейіпкеріміз.
Өз қызметі жайында бір-ақ ауыз сөзбен жауап қатқан Айжан өзінің нағыз маман екенін сөзбен емес, іспен дәлелдейтінін де байқадық. Қиын болсын, қызықты болсын барлығына шыдамдылықпен қарауға дайынмын деген Айжан Кенбаева азын-аулақ әңгімеден соң жұмысына кірісіп кетті.
Дұрыс қой, есік алдына адамды үйіріп қойып, жайбарақат әңгімелесіп отыру ақхалатты абзал жандарға тән емес. Біз де мұнан әрі Айжанға қолбайлау болмай, жұмысын сырттай бақылап көрдік. «мейірбике деген аты айтып тұрғандай, дәл осындай жүзі жылы, мейірімді болмаушы ма еді» деп іштей кейіпкеріміздің тыңғылықты ісіне, нәзік болмысына қайран қалдық. Расымен дертке дауа, емге шипа бере алатын тек осы ақхалатты абзал жандар ғана. Біздің ең қымбат байлығымыз – өміріміз осы сала қызметкерлерінің кәсібиліктеріне байланысты. Сондықтан да бұл сала иелеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олардың көмегімен ауруымыздан айығып, ертеңімізге үмітпен қараймыз. Алдына барған әр науқасқа ерекше мейіріммен қарап, жылы сөзімен көңіліңді көтеріп, өмірге деген құлшынысыңды арттыратын да осы асыл маман иелері. Жалағаш аудандық емханасындағы Айжан сынды білікті мамандар ендігі жерде халықтың денсаулығын жақсарту жолында аянбай еңбек ете береді деп сенеміз.