Kyzylorda-news.kz. Неміс ойшылы Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» дейді. Расында адам өмірі мамандығы бұрылыстар мен құбылыстардан тұратын ақ халатты абзал жандармен тығыз байланысты. Ауру алқымнан алып, дерт дендегенде әр адам дәрігерден үміт күтеді. Тырп етпестен төсек тартып жатқан жандардың жебеушісі де осы ақ халаттылар. Аққошқар ауылындағы антына берік адал жандарға ауылдағы жалғыз шаруашылық «Еңбек-Жер» ЖШС төрағасы Шакизатхан Ысқақов емхана ұжымына жалпы құны 11 млн теңгені құрайтын жаңа үлгідегі «УЗИ» апппаратын сыйлаған болатын.

2 мыңға жуық халықтың денсаулығын күзеткен бұл емханада 20-ға жуық ақ халатты абзал жан жұмыс жасайды. Ауыл емес, тура бір кенттегі орталық аурухана іспетті, таң атысымен мұнда жеңіл-желпі дертпен келушілер қатары көп болды. Қайтарында бәрі де мұндағы медицина мамандарына алғысын жаудырып жатыр. Осыдан-ақ мұндағы мамандардың жұмысына адалдығын анық аңғаруға болады. Күндізгі бөлімдегі ауылдық емханаға салада 6 жылдық тәжірибесі бар Самал Терекбаева басшылық етеді. Ақ халатты абзал жан бұған дейін Таң, Бұқарбай батыр және Аламесек ауылдық округтерінде аймақтық дәрігер болып жұмыс жасаған. Тіпті жыл басында коронавирус індеті күшейген шақта да Еңбек, Аламесек және Жаңадария елді мекендеріне жауапты дәрігер болып бекітілген. 

Тәжірибелі дәрігер жыл басында коронавирус індеті қайта бас көтеріп, 3 ауылда ахуалдың күрделенгенін жасырмайды. Алайда халықтың дертті дендетпеуге вакцинаның басты себеп боларын түсінгенінің арқасында кеселді құрықтауға мүмкіндік туғанын айтып отыр. – Жыл басында вирустың қайта бас көтергенін жасырмаймыз. Өзім жауапты үш елді мекенде барлығы 23 науқас тіркелді. Халықтың вакцинаға қатысты медицина мамандарының кеңесіне құлақ асып, оны алуға белсенділік танытуының арқасында індетті ауыздықтауға мүмкіндік туды. Еңбек ауылы бойынша жыл басынан бері 7 жағдай анықталса, оның алтауы дертінен айықты. Ахуал қазір уақыт өте қалыпқа ке-луде. Бүгінде Аламесек ауылындағы әріптес ағамыздың еңбек демалысында болуына байланысты қос елді мекенге мен жауаптымын. Мұндағы мамандар – өз ісіне адал әрі тәжірибесі мол жандар. Қазір ауылдық емхана ғимараты заманауи аппараттармен толығуда. Әсіресе шаруашылық төрағасы Шакизатхан Ысқақов ағамыз бізге қол ұшын созып келеді. Бүгін де жаңа “УЗИ” аппаратын сыйға тартып отыр. Ол бұған дейін де індет өршіген шақта бізге түрлі медициналық аппараттар сыйға тартқан еді. Олардың көбі тыныс алуда қиындығы бар науқастарды емдеуге қолғабыс болды. Жомарт жанға алғысымыз шексіз, – дейді аймақтық дәрігер. 

Айта кетейік, Еңбек ауылында 936 ересек адам екпе қабылдау қажет болса, оның 80 пайызы вакцинаның 2 турын қабылдаған. Ал ревакцинациядан 300-ге жуық ауыл тұрғыны өтіпті. Кеше біз барған күні де таң атысымен ревакцинациядан өтуге келген ауыл халқы көп болды. Демек, еңбекте вакцинаның пайдасы хақында түсіндірме жұ¬мыстары өз нәтижесін беріп жатыр деген сөз. Ал 12-17 жас аралығындағы 127 баланың 90-ға жуығы “Pfizer” вакцинасының екі турынан өткен. Жасөспірімдердің де екпе алуға деген құлшынысы жоғары. 

Мұндағы мамандардың айтуынша, емханаға көбіне ауыл тұрғындары тұмау, де¬мікпе және қан қысымының көтерілуі немесе төмендеуі секілді ауру түрлерімен ке-летін көрінеді. Ал бүгін бұл нысанда жұмысын бастағалы отырған жаңа аппарат жүректен басқа мүшелердегі ахаудың барлығын анықтауға мүмкіндік береді екен. Енді төраға Шакизатхан Ысқақов мұндағы бір маманды арнайы аппаратпен еркін жұмыс жасауы үшін тәжірибесін шыңдауға да қолғабыс етуді жоспарлап отыр. 
Иә, бұл Шакизатхан Ысқақовтың ауылына жасап жатқан бірінші қолғабысы емес, соңы да болмасына сенеміз. Бұған дейін оның ауылды абаттандыруға, елді мекен халқының әлеуетін арттыру бағытында қолға алған жарқын жобаларын жазған едік. Бастысы мұның бәрі жергілікті халықтың қажетіне жарап тұр.

Тағы да оқыңыз: