Kyzylorda-news.kz Технологиялық жетістіктердің тиімділікті арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту, ақпарат пен қызметтерге қолжетімділікті арттыру сияқты көптеген артықшылықтары бар. Соңғы жиырма жылда медицинада компьютерлік технологияны қолдану қарқынды дамуда. Ғылым мен техникалық прогрестің арқасында бұрынғыданда нәтижелі емдеу тәсілдері арқылы халық денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар үнемі пайда болып отыр. Адамзаттың игілігі үшін жасалып жатқан сондай заманауи озық технология бүгінде өз жемісін беруде.

Денсаулық сақтау саласына жалпы, медицинадағы тың идеялар мен технологиялық жаңалықтар өзінің оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Медициналық технологиялар – бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау саласы үшін ортақ мәселе болып отыр. Сондықтан да, әрбір медицина бағыты жоғарғы деңгейлі технологияны талап етеді. Медициналық технологиялар емдеу процедураларының сенімділігін арттыруға көмектеседі. Науқастың үміті үзіліп, ауыр сыни жағдайларға тап болғанда өмірін сақтап қалуға мүмкіндік тудырады. Сол себепті де, заман ағымынан қалыспай, шығарылған жабдықтар адамдардың денсаулығы мен өміріне, қызметкерлердің сеніміне, клиниканың лайықты беделіне деген жауаптылықты арттырады.

Қазір медицинада инновациялар көп. Бұл ең алдымен, әр адамның өмір сүру сапасы мен оның дамуына оң әсерін тигізеді. Ғылыми білімнің бұл саласына жыл сайын қыруар қаржы құйылады. Нәтижесінде, медицинадағы инновациялар апта сайын пайда болуда.

Инновациялық құрылғы дертке дауа сыйлайды

Жақында Қазалы теміржол ауруханасы соны үлгідегі шетелдік компьютерлік томографияға қол жеткізді. Neusoft Medical – қытайлық компанияның жасап шығарған жабдығы қызметкерлер мен науқастардың уақытын үнемдемек. Аталған компания медициналық бейнелеу шешімдерінің жетекші әлемдік провайдері. "Neusoft Medical" штаб-пәтері Қытайда орналасқан. Компанияның кеңселері әлемнің он елінде орналасқан. Компания медициналық бейнелеу саласындағы өз әзірлемелерін үнемі жетілдіріп отырады. "Neusoft Medical" компаниясы КТ, МРТ, ангиографтар, рентген аппараттары, ПЭТ/КТ, радиотерапия жүйелері, ультрадыбыстық сканерлер және "INVITRO" диагностикалық аппараттарын шығарады. "Neusoft Medical" пациенттерді диагностикалау мен емдеуде Денсаулық сақтау мекемелерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік беретін басқа технологиялармен бірге IT шешімдерін әзірлеумен айналысады. "Neusoft Medical" жаһандық ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми әзірлемелер жүргізуде. Олар Хьюстон, Сеул, Пекин, Шанхай, Шэньян, Гуанчжоу және Нанкинде орналасқан. "Neusoft Medical" медициналық бейнелеу шешімдерінің технологияларын ілгерілетуге арналған әлемдік деңгейдегі ғалымдармен және денсаулық сақтау мекемелерімен серіктес.

– Медицина саласындағы жаңа ашылулардың жоғары қарқыны тек ақша үшін ғана емес, адамдардың өмірін жеңілдету, жақсырақ және ұзағырақ ету үшін жұмыс істейтін энтузиастардың көптігімен де байланысты. Басқа нәрселермен қатар, медицинаның бір басым бағыты жоқ, ал ғылымның өзі өте, өте кең. Сондықтан, медицинадағы инновациялар қаншалықты көп болса да, ғалымдардың әлі де, үлкен қызмет өрісі болады.

Соңғы бірнеше онжылдықта заманауи медицина алға үлкен қадам жасағанын атап өткен жөн. Ғалымдардың сансыз жетістіктерінсіз бұл мүмкін емес еді. Қазіргі уақытта ғылымның медицинадағы рөлін асыра бағалау қиын. Заманауи технологиялық жетістіктердің арқасында қазір эндоскопия, ультрадыбыстық, компьютерлік томография және магнитті-резонанстық томография сияқты диагностикалық әдістер бар. Соның нәтижесінде, біз неге қол жеткіздік деген сауал туындауы заңдылық. Медицинадағы ғылымның жетістіктері шынымен де, орасан зор. Ең алдымен, дәрігерлер бұрын пациенттердің қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік бермеген ауруларды сәтті емдей алуда. Сонымен қатар, көптеген ауруды олардың дамуының ең ерте кезеңдерінде диагностикалау мүмкін болды. Сондай-ақ, медицинадағы инновациялар көптеген пациенттердің өмір сүру ұзақтығын айтарлықтай арттыруға көмектеседі, – дейді Қазалы теміржол ауруханасының директоры Құбыл Ршымбетов.

Науқастың жасырын сырқатын табады

Ұзақ уақыт бойы ғалымдарда адам ағзасына әсер еткен микроағзалардың бар-жоғын және табиғатын тез анықтайтын жабдық жасау идеясы болған. Қазіргі уақытта мұндай зерттеуге көбінесе күндер емес, апталар қажет. Медицинадағы соңғы жаңалықтар бұл жағдайдың ұзаққа созылмайтынына үміт береді. Өйткені, швейцариялық ғалымдар бірнеше минут ішінде белгілі бір ортадағы микроорганизмді анықтауға және оның белгілі бір түрге тиесілігін анықтауға қабілетті аппараттың прототипін ойлап тауып, жасай алды. Болашақта бұл кез келген жұқпалы ауруларды ұтымды емдеуді дәл дерлік тағайындауға мүмкіндік береді. Бұл көптеген ауыр аурулардың ұзақтығы мен ауырлығын қысқартып қана қоймайды, сонымен қатар, көптеген асқынулардың алдын алады.

Жиырма бес жыл еңбек өтілі бар Қазалы теміржол ауруханасының сәулелік диагностика бөлімінің меңгерушісі Ғалымжан Темірбекұлы "Neusoft Medical" компаниясының компьютерлік томография аппаратының жұмыс қуатының зор екеніне таңданысын жасырмады.

– Бұл құрылғы бұрынғылардан өзгешілігі 128 кесінді жасайды. Бір айналымды 7 секундта түсіреді. Сонда 1 минутке жетпей ағзаны толық түсіруге қабілетті. Сыр өңірінде алғашқы болып, теміржол ауруханасы осы заманауи жабдыққа қол жеткізді. Бұнымен адамның дене мүшелерін түсірген кадрлар анық болуда. Бас ми, ішкі құрылысын түсіруге өте қолайлы. Науқас бойындағы жасырын дертті анықтауға мүмкіндігі мол. Мәселен, бірінші сатыдағы қатерлі ісіктерді анықтайды. Қосымша Инжектор деген апараты бар. Сол арқылы тамырға арнайы контрастық сұйықтық жіберіп, ағзадағы ішкі жайын бақылауға болады. Сонымен қатар, тамырдағы қан ұйып қалуы мен жүректегі ақауларды анықтайды. Жылдамдығы зор болғандықтан, бір күнде 80 адамды қабылдауға қауқарлы. Сонымен бірге, 24 сағат тоқтаусыз жұмыс істейді. Денсаулық жағдайын тексеруге еңкейген кәріден, еңбектеген балаға дейін түсуіне рұқсат. Бойындағы әшекеймен де, темір тіспен де, түсе алады. Хал-жағдайыннан хабардар болғысы келетіндер арнайы жолдамамен немесе ақылы түрде де, келуіне болады, – дейді Ғалымжан Темірбекұлы.

Оның мәлімдеуінше, ауруханада Қазалыдан бөлек, Қармақшы мен Байқоңыр және Аралдан келетіндермен қатар, 25 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Бір аптаға жуық іске қосылған жабдық көмегімен бірнеше дертті анықтаған. Атап айтқанда, онкология, бас миына қан құйылу мен қан бармай қалуын, туберкулез, бронхит пен өкпенің қабынуын, асқазан жолдарының ақауын анық көрсеткен. Өте сапалы түсірген соң "3D" форматта компьютерден көріледі. Бүйрек, бауыр, ұйқыбез, талақ, асқазан бәрі бәрі түсіріледі. Дегенмен, ең әуелі, асқазанды босатып, тазалағаннан кейін процедураға кіріседі. Тамырмен арнайы контраст жіберумен қызмет үдерісі іске асады. Аталған жабдықпен ауруды анықтаудың түрлі тәсілі бар.

Жоғары санатты дәрігер рентгенолог Ерболат Дәрібаев теміржол ауруханасында 47 жыл еңбек етіп келеді. Бүгінде онымен бірге, сәулелік диагностика бөлімінде дәрігер рентгенологтар: Кемали Фархад пен Амангелді Қанатов, лаборанттар: Нұрболат Мыңболсын, Биболат Тілеубай, Жадырасын Азиев, Мұрат Байболат пен Мақсат Жалғасбек халыққа үздіксіз қызмет көрсетуде.

– Ұжым өте ұйымшыл. Әркез келушілерге жылы шырай танытып, дертін дөп басуға тырысамыз. Айына – 500 адамды қабылдаймыз. Басшылықта тұрған Құбыл Ршымбетұлының алысты бағамдайтынының арқасында заман талабына бейімделіп келеміз. Технология ағымынан қалыс қалмауға мүмкіндік жасалғанына қуанамыз. Жұмысымыз да жедел, әрі тез орындалғаны да нұр үстіне нұр. Осындай жаңа аппарат арқылы аурудың қыр-сыры анықталып, қорытынды шығарылады. Алғаш рет 2012 жылы алынған компьютерлік томография 2 кесінді жасаса, 2017 жылы қол жеткізгені 16 кесінді шығаратын. Бұнысы бүгінгі күні 128 кесінді шығарумен диагноз айтуға жеңілдік беруде. Сонысымен сапалы көмек көрсетуге пайдасын тигізіп тұр, – дейді Ерболат Тәжібайұлы.

Тән саулығы – жан саулығы

Қазалы теміржол ауруханасында нейроинсульт бөлімшесінің меңгерушісі Шолпан Өтеулінің айтуынша, бөлімше қызметі аудан, облыс және республика көлеміне аян. Бөлімше ашылғаннан бері қаншама науқастар емделіп, өмірге қайта оралып жатыр.

– Біздің нейроинсульт бөлімшесінің негізгі мақсаты – ең ауыр неврологиялық және инсульт алған науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсету. Сонымен қатар, ерте сауықтыруды жүргізу болып табылады. Науқасты емдеудің, аурудың алдын алу және тексеру әдістерінің маңызы ерекше. Әсіресе, компьютерлік томография мен магнитті-резонансты томографиялық зерттеудің пайдасы зор. Нейроинсульт бөлімшесінде науқастардың толық тексеріліп, диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, толық емін алуға барлық жағдай қарастырылған. Осы жайлылықты ұсынып отырған аурухана басшысы Құбыл Ршымбетұлы халықтың алғысына бөленуде. Жаңа әдістер мен диагнозды дәл қойып, тұрғындардың денсаулығын нығайтуға ықпал етіп отыр, – дейді Шолпан Өтеулі.

Шолпан Өтеулінің мәлімдеуінше, теміржол ауруханасы соңғы үлгідегі аппараттармен жыл өткен сайын жабдықталуда. Соның бірі – бүгінгі компьютерлік томография аппаратының бөлімге түскен науқастардың ауруын анықтауға мол септігін тигізуде. Ескілерден артықшылығы – тез сканерлейді. Суреттері өте анық. Рентген сәулесінің жанама әсері – 75 процентке дейін азайтылған. Денеге жіберілетін контраст заттар көлемі – 15 процентке аз. Зерттеу кезіндегі анатомиялық тексеру ауданы кеңейтілген. Ерте сауықтыру кезеңі үшін де, қажетті құралмен, емдік жабдықпен қамтамасыз етілудің мүмкіндігі зор. Соның нәтижесінде, инсульттің геморрагиялық түріне нейрохирургтер ота жасайды.

Бұл аппараттарға қоса, жаңадан сандық үлгідегі автоматтандырылған рентген құрылғысы да алынған. Ол орталықтағы Қазалы теміржол емханасында-1-де орналасқан. Аталған жабдық кішкентай бөбектен бастап, егде жастағы қарияларды да түсіреді. Кез келген сүйек сынықтарын анықтайды. Басы ауырып, балтыры сыздап келгендерді тұрғызып та, жатқызып та түсіруге мүмкіндігі бар. Тез, жылдам нақты диагноз қойылады. Тағы бір ерекшелігі – асқазандағы тесік пен жұтқыншақ жолындағы өңештегі ісікті көрсетеді. Ол үшін арнайы бор ішіледі. Теміржол емханасындағы рентген кабинетінде рентген лаборанттар: Жалын Көбенов, Ануарбек Батырбек, Қуанбай Аманжол, мамограф лаборант – Қарлыға Сырлыбаева халыққа кеңес беруде.

Сонымен қатар, теміржол ауруханасының зертханасына жаңадан бактериологиялық "Scan-10" анализатор келді. Жанында "D2" mini аппараты бар. "Бұл анализатор қанның стерильдігін және антибиотикке сезімталдығын анықтайды. Сол арқылы науқастардың дәрі-дәрмектің 23 түріне тітіргенгіштігі нақтыланады. Қанның стерильдігі нәтижесі үш күнде, антибиотик сезімталдығы екі күнде шығарылады. 2021 жылы қазанда әлемге үрей туғызған жұқпалы індет анализдерін анықтауға арналған ПЦР зертханасы ашылған болатын. Бүгінде бұл ауру азайғандықтан, анализдер де тоқтап тұр. Сондағы ПЦР зертханамызда тұрған ламинарный бокс пен DT прайм анализаторды модернизациялау мақсатында онкологиялық ауруларды анықтауға бес түрлі онкомаркер, әйел және ер адамдарда кездесетін жыныстық инфекцияларды табатын және гепатит Б, С мен хеликобактер реактивтеріне тапсырыс берілді. Алдағы уақытта жүзеге асыруға дайынбыз", – дейді зертхана меңгерушісі Айнагүл Исаева.

Бұдан бөлек, Қазалы теміржол ауруханасының офтальмолог дәрігері Берік Жадырасын тағы да бір жаңалығымен бөлісті. Берік Балдақұлының айтуынша, жақында ауруханаға көзге ота жасайтын "Centurion" факомашинасы алынған. Катаракта жасауға арналған медициналық құрылғының арқасында осы жылдың мамыр айында көпбейінді облыстық ауруханадан әріптесіміз окулист Мұрат Байқадамовпен 10 науқасқа операция өткізілді. Алдағы уақытта әр ай сайын науқас жинап, ретті түрде 10-15 науқасқа катарактаға ота жасалып тұратын болады. ИВИ интравитреалды иньекция жасалады. Қазалы мен Арал аудандарынан науқастар келіп, оперативтік жолмен ем кабылдайды.

Қазалы теміржол ауруханасының басшысы Құбыл Ршымбетов мәлімдегендей, алдағы уақытта тағы да бірнеше замануаи жабдықтар алуды көздеп отыр.

441941539_1987842968312188_2260341344776597743_n.jpg441517425_947125993861622_289804107107796041_n.jpg

Тағы да оқыңыз: