Kyzylorda-news.kz  2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. №6 қалалық емханаға және «Достармед Line» клиникасына баспасөз туры аясында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының мамандары мен медицина қызметкерлері денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған жаңа бастамалар туралы айтып берді.                                

№6 қалалық емхананың пациенті Зияда Жұмабаева артериялық гипертензия және қант диабеті бойынша диспансерлік есепте тұр. Ол 2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтердің сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар қолжетімді болатынын естіп қуанды.

– Денсаулығымды бақылау үшін жыл сайын тексеруден өтемін. Әсіресе онкологиялық аурулардың алдын алуға мән беру қажет. Мұндай тексерулер әрбір қазақстандыққа қолжетімді болуы тиіс, – деді Зияда.

Онкологиялық ауруларды анықтауға арналған скринингтер тұрғылықты жері немесе тіркелген емхана бойынша жүргізіледі.

– Жаңа жылдан бастап сүт безі, жатыр мойны және колоректалды қатерлі ісікті ерте анықтауға арналған скринингтер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізіміне енгізіледі. Бұл тексерулер 30 бен 70 жас аралығындағы пациенттер арасында жүргізіледі, – деп атап өтті №6 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары Раушан Манатқызы.

2026 жылдан бастап Бірыңғай медициналық көмек пакеті енгізіледі. Ол кепілдендірілген көлемдегі қызметтер мен медициналық сақтандыру жүйесі арасындағы қайталануды жойып, тегін медициналық қызметтер тізімін кеңейтеді. Жаңа бастаманы қызылордалықтар оң қабылдауда.

– Отбасымыз «Достармед Line» клиникасына тіркелген. 2026 жылдан бастап гепатит, инфаркт, инсульт сияқты әлеуметтік маңызы бар ауруларға күдік болған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмектің тегін көрсетілетіні қуантады. Қазір бұл қызметтер тек АИТВ мен туберкулезге шалдыққан науқастарға ғана қолжетімді, – деді Нұргүл Кішкенбаева.

Облыстық әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының мамандарының айтуынша, медициналық - санитарлық алғашқы көмек (МСАК) деңгейіндегі базалық қызметтер толық көлемде сақталады және тегін болып қала береді.

– МСАК базалық пакетіне алғашқы қаралу, шұғыл медициналық көмек, екпе егу, жұқпалы ауруларды емдеу, паллиативтік көмек және басқа да медициналық көмек түрлері кіреді. Өңірде мұндай қызметтерді 25 медициналық ұйым көрсетеді, - деді ӘМСҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Жұпар Алхожаева.

2025 жылы өңірдегі 25 МСАК ұйымы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жалпы сомасы 63,9 млрд теңгеге келісімшарт жасасқан. Ағымдағы жылдың соңына дейін бұл ұйымдар қосымша қаржыландырылатын болады.

осмс.jpg

Тағы да оқыңыз: