Kyzylorda-news.kz. Емханаға жүрегі мазалап келген әрбір науқас Айгүл Есенкелдіқызының мүлтіксіз қызметіне жүгінеді. Себебі, сала маманы ЭКГ бөлмесінің медбикесі ретінде 2006 жылдан бері жұмыс жасауда. Арнайы аппарат көмегімен науқастың жүректегі ақауын анықтап, дәрігерге көрінуге кеңес береді.
Білікті маман 1968 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келген. Сол кездегі №35 А.Жданов атындағы білім ошағында ұстаздардан тәлім алады. Қызылорда қаласында медицина мамандығын меңгеріп, алғашқы еңбек жолын аудандағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының статист маманы болып бастайды. Кейіннен, аудандық ауруханаға қарайтын «Жан сақтау» бөлімшесіне ауысады.
– Сыр өңірінде жүрек ауруларымен ауыратын адамдар саны жеткілікті. Адамның ең маңызды мүшесі сырқаттанған сәтте дансаулығы күрт нашарлайды. Күнделікті дәрігер кеңесіне жүгінуге келген қаншама адам дертіне дауа табуда. Өзіміз үйреніскен салада жүріп, кез келген емделушіге қол ұшын берсек деп тұрамыз. Жағдайының ауырлығын сезсек, қапаланып қаламыз. Олардың көңіл-күйін көтеруге тырысамыз. Бір сәтке дертінің жанына батқандығын ұмыттыру – негізгі міндетіміз саналады, – деді Айгүл Есенкелдіқызы.
Бүгінде 3 перзентінен 3 немере сүйіп отырған ардақты ана денсаулық саласында атқарған елеулі еңбегі үшін бірнеше жоғарғы марапатқа қол жеткізген.