Kyzylorda-news.kz  Сырдария аудандық мекемелер үйінде Жастар денсаулығы орталығының мамандарымен нарколог-фельдшер Қ.Жұмабеков, акушер-гинеколог С.Жәнібекқызы, уролог-дәрігер А.Қуатов пен психолог мамандардың қатысуымен аудан жастарымен кездесу өткізілді.

Кездесуде 26 маусым халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні туралы және жасөспірімдер мен жастардың репродуктивтік денсаулықты күту жөнінде мағлұмат берілді. Жастарға жұқтырылған қорғаныш тапшылығының инфекциясын жұқтырудың, есірткі құралдарын пайдаланудың алдын-алуға және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды жүргізуге, есірткінің жағымсыз салдары туралы, сондай-ақ репродуктивтік денсаулыққа әсер ететін факторлар туралы ақпараттар беріліп, ақпараттық үнпарақтар таратылды.

– Нашақорлық – адамды өлімге әкелетін өте қауіпті дерт. Нашақорлықпен күрес дүниежүзі бойынша жүргізілгенімен, оның түп тамырына балта шабу оңай шаруа емес. Мемлекет тарапынан, құқық қорғау органдарымен кешенді іс-шаралар жүргізілгенімен жастар арасында есірткіге тәуелділік кең етек алуда. Жастарды бұл дерттен бойын аулақ ұстау, оның салдарының қандай деңгейге әкелетінін айтып, түсіндіру қоғамның алдындағы міндет. Біздер, мамандар жыл сайын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, келеңсіз әдеттен сақтануға шақырамыз. Кез келген отбасын айналып өтпеуіне ешкім кепілдік бермейді. Баласын нашақор екенін ата-ана кеш байқауы мүмкін. Сондықтан балаларға дұрыс тәрбие беріп, олардың бос уақытын қатаң қадағалау керек, – дейді аудандық емхананың нарколог-фельдшері Қалдыбек Жұмабеков.

Жиын барысында сала мамандары жастарды есірткіден бойды аулақ ұстаудың маңыздылығы ескертіліп, саламатты өмір сүру салтын ұстануға шақырды.

Тағы да оқыңыз: