Kyzylorda-news.kz Бүгінде денсаулық сақтау саласының жүгін қол ұстасып көтеріп келе жатқан Байтабын – емханада дәрігер-стоматолог, ал Гүлфарида – аудандық аурухананың оңалту бөлімшесінің меңгерушісі қызметінде. Ақ халатты абзал жандар 25 жылдан бері аудандық денсаулық сақтау саласында абыройлы қызмет ете білген ерлі-зайыптылар.
Жарасымды жұпты таныстырған да, табыстырған да – өздерінің сүйікті мамандығы. Бір қызығы, екеуі де 6 жыл бойы Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық институтта оқыса да, бірін бірі көрмеген, білмеген екен. Абзал жандар оқуды бітіріп, дәрігер мамандығын алып, туған елге оралғаннан кейін танысып, біліскені көпке аян.
– Оқуды бітіріп келген жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына барып, тіркелу керек болған еді. Ұмытпасам, 1998 жылдың тамыз айы еді. Басқарма алдында бір топ жас дәрігерлермен танысқанымыз бар. Араларында Сырдариядан қазіргі әріптестерім Аида Серікбаева, Жанар Жұмабаева, Байтабын Рүстемов те бар екенін көзім шалды. Ал мен Шағанның тумасы едім. Аудан орталығына оқушы кезімізде байқауларға, жарыстарға ұстаздарымызбен барғанымыз болмаса, Тереңөзекті біле бермейтіінмін. Қолымызға жолдаманы алған соң сол күні аудан орталығына барып, бас дәрігерге жолығуымыз керек еді. Айтып кеткенімдей бұрын өз бетімше Тереңөзекке барып көрмегендіктен «енді қалай жетеді екенмін» деп тұрғанымда, танысып, біліскен құрбыларым ауданнан жедел-жәрдем көлігі келгенін айтып, барлығымыз бірге баратынымызды естіп, қатты қуандым. Болашақ жарыммен таныстығымыз сол кезден басталды. Байтабынның бас дәрігердің баласы екенін білдім. Сол күні бас дәрігер қазіргі қайны атам Рүстем Садықовтың қабылдауында болдым. Аурухананың терапия бөлімшесіне дәрігер болып қабылдандым. Байтабынмен таныстығымыз бір жылға ұласып, қыз бен жігіт болып жүрдік, – дейді отбасылық өмірдің бастауы болған қызықты жылдар жайлы дәрігер Гүлфарида Қайыпқызы.
Жауапкершілігі зор салада еңбек жолын бастаған жастар бір жылдан соң ерлі-зайыпты атанып, көңіл жарастырып, отау құрады. Қос дәрігердің арманы бір арнаға тоғысып, үлкен әулетке, дәрігерлер династиясына келін болған Гүлфарида өмірде де өнегелі отбасыға айналу үшін барын салғаны мәлім.
– Әкем ауданның денсаулық сақтау саласына еңбегі сіңген дәрігер, анам да өмір бойы медбике ретінде көпшілікке есімі таныс. Отбасымызда 6 бала өскен едік. Қазір үшеуіміз дәрігер болсақ, бір ағам мал дәрігері, арамызда екі мұғалім бар. Ата-анамыздың немерелері мен жиендерінің дені – дәрігерлер. Дәрігер мамандығына оқу кез келген адамға берілмейтін бақыт. Адам өміріне жауапты мамандықты меңгеру үшін ең ұзақ оқитындар да дәрігерлер. Осындай қиын да ұзақ жолдан өткен адам ғана дәрігер бола алады. Бізге ата-анамыз өте жақсы тәрбие берді, қазір әкеміз ортамызда отыр. Әлі күнге дейін әкемізден бағыт-бағдар сұрап, мамандығымыз бойынша, бала тәрбиесі туралы көп әңгімелесеміз, – дейді Байтабын Рүстемұлы.
Байтабын мен Гүлфарида жоғары санатты дәрігер атану жолында көп еңбек ете білді. Уақыт пен төзімділікті қажет ететін, адам жанының арашашысы болу оңай емес екенін байыппен сезінді. Сондықтан бір-біріне қолдау білдіріп, сенім мен жауапкершілікті жоғары қойғаны баршаға аян. Мұндайда отбасылық түсіністік пен жарасымдылық ауадай қажет болатын. Үйдегі қарт кісілердің жағдайын жасау мен қызмет бабын қатар алып жүру әйел адамға оңай емес. Гүлфарида ең алдымен ата-анасының берген тәрбиесінің арқасында өнегелі келін атана білді. Рүстемовтер отбасындағы жарасымдылықтың сырын «мына жұмыс сенікі, мына жұмыс менікі» деген әңгіменің мүлдем болмайтындығында дейді. Барлық мәселені бірігіп шешу, үлкеннің кішіге қамқор болуы, қолғабыс етудің темірқазығы мықтап қаланған. Гүлфарида отбасылық құндылықты жоғары бағалап, алдына мақсат қойып, күнделікті тіршілікті дұрыс жоспарлауға дағдыланғаны – қызмет пен отбасын қатар алып жүруіне көмегін бергенін айтады.
Гүлфарида үшін ең алдымен отбасы, балаларының жақсы білім алуы мен тәрбиесі маңызды. Содан кейін қызметі екенін жасырмайды. Шын мәнінде ана болу бақыты әйелдерге берілген Тәңірдің сыйы болып табылады. Сондықтан бала тәрбиесіндегі бар жауапкершілікті ана ғана сезінетіні де заңдылық. Қазіргі кезде балалардың аурушаң болуын өмір салтымен, дағдымен байланыстырады. Дұрыс тамақтану, уақытылы демалу, таза ауада серуендеуді балалар азайтқан. Ал оларды дұрыс жолға қойып, қалыптастыру ата-ананың және ұстаздардың – міндеті. Қаншалықты жұмысбасты болса да ата-ана балаларының мезгілімен тамақтануына мән беріп, баланың ортасын білуі тиіс. Қадағалау болмаған жерде бала білгенін істейді. Ұзақ уақыт ұялы телефонға телмірген баланың тәрбиесі бұзылады. Оның орнын бір мезгіл кітап оқумен алмастыруға және жақындарымен қарым-қатынас жасауға жұмсау әлдеқайда пайдалы екенін ұғындыру қажет.
«Ерлі-зайыптылардың бір салада жұмыс істеуі қиын емес пе» деген сауалымызға, қос дәрігердің «ешқандай қиын емес, қайта ортақ мәселені шешуге ойласып, пікір білдіруге керемет мүмкіндік, медицинамыз жетістікке жетіп, жақсы жаңалықтар болып жатса, онда бірлескен еңбегіміздің бар екеніне қуанамыз» деп жауап беруі – Гиппократ антына деген адалдығы деп білдік.
Ерлі-зайыптылардың 25 жыл бұрын неке қию рәсімінде бір-біріне өтірік айтпауға, ешуақытта ренжіспеуге уәде бергендері күні кешегідей естерінде. Уәдеге берік болуды өмірлік ұстанымдарына айналдырды. Аға буын дәрігер, сүйікті ата-ана болған Байтабын мен Гүлфарида бүгінде қарашаңырақтың иесі саналады.