Kyzylorda-news.kz. Адам өмірі мен оның денсаулығы бәрінен де маңызды. Балалардың қауіпсіздігі одан да көп жауапкершілікті талап етеді. Осы орайда Сырдария аудандық ауруханасының мамандары кент орталығында орналасқан балабақшаларға арнайы бас сұғып, балаларға медициналық тексеру жұмыстарын жүргізді. Білікті мамандар аудан орталығындағы «Бақ-нұр бөбек» және «Аяла» балабақшаларында болды. Балабақша тәрбиешілері медицина қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жүргізіп, ұдайы кеңес алып отырады. Себебі балабақшаға келушілердің ауру-сырқау жұқтырып алмауы өте маңызды.
– Кішкентай баланың иммунитеті қалыпты үлкен адамдарға қарағанда төмен болады. Сондықтан ауру жұқтыру қаупі басым. Әсіресе бір бала ауырып, оны басқалары да жұқтыруы қиын жағдай. Осындай жағдайдың алдын алу үшін денсаулық сақтау саласы мамандарымен ұдайы бірлесе жұмыс жасап, кеңес алып, балаларды медициналық тексеруден өткізіп отырамыз, – дейді балабақша қызметкерлері.
Ал дәрігерлер балаларды профилактикалық медициналық тексеруден өткізудің маңызды екенін айтады.
– Бұл ауруларды ерте сатыда анықтауға және аурулардың дамуын, қауіп факторларын, қосалқы аурулардың туындауын болдырмауға және балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған тексерулер өз нәтижесін береді. Өз кезегінде балалардың денсаулығын басты назарда ұстау – маңызды рөл ойнайды. Біз қашанда балаларда кездесетін созылмалы дерттерді алдын алу керекпіз. Аудан бойынша орналасқан балабақша тәрбиеленушілерін тексеру барысында медбикелерге бірқатар ақыл-кеңестер айта білдік. Бұл ретте, бала деусаулығына бей-жай қарамау керектігін ата-аналарға ескертеміз. Уақытылы көптеген дерттерге арналған екпені қабылдау өз өзектілігін жоймайды. Қазіргі балаларды ішек инфекциясынан сақтауда күн тәртібінен түспейді. Жеміс-жидек пен көкеністі абайлап қолданған дұрыс. Себебі, өңірімізде балалар арасында жедел ішек инфекциясы анықталуда. Жалпы, денсаулық қадірін жіті түсіуіміз керек – дейді ақ халатты абзал жандар.