Kyzylorda-news.kz. Ауырған, жанына шипа іздеген жанның қасынан табылатын ақ халатты абзал жандардың адал еңбегі ерлікпен тең. Дертіне дауа із-деген жанның қасынан табылып, кеселінен айығуына бар ынта ықыласын танытып жүргендердің бірі – сырдариялық дәрігер Гүлзат Тыныштықбаева.
Жас та болса, ел алғысына бөленіп келе жатқан ақ халатты абзал жан бұл мамандыққа кездейсоқ келмеді. Оның бала кездегі арманы – денсаулық сақшысы, дәрігер болу. Балауса қыз жүрек қалауымен мектеп бітірген жылы медицина мамандығын таңдады. Бойындағы батылдық, еңбексүйгіштік, қиындықтан қорықпайтын қайсарлық, шыдамдылық мінезі жас талапкерді қалаған оқуына түсуге жетеледі.
Қасиетті Тереңөзек топырағынан түлеп ұшқан болашақ дәрігер мектеп бітірген жылы даярлық курсында оқып, дайындығын шыңдай түсті. Бір жылдан соң Гүлзат Қаппарқызы қалаған оқудың грантына қол жеткізуге мүмкіндік алған.
Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде жеті жыл дәрігерлік мамандықта оқып, туған жерге балалар дәрігері болып оралды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. Жас маман бағдарламаның қатысушысы ретінде жеңілдіктер алып, оның игілігін көруге мүмкіндік алды.
Еңбек жолын аудандық емханада жұқпалы аурулар дәрігері болып бастаған жас дәрігер медицина саласының күрделі түрін білуге ұмтылды. Уақыт оздырмай біліктілігін арттыру курсынан өтіп, жалпы тәжірибелік дәрігер болды. Сонан соң аудандағы С.Сейфуллин мен О.Мәлібаев елді-мекеннің тұрғындарына аймақтық дәрігер ретінде қызмет жасаған.
Тәжірибе жинақтауға әріптестерінің де дұрыс бағыт-бағдар беруіне көп нәрсе байланысты. Емхана басшылығы дәрігердің талабы мен біліктілігін басты назарға алып, оны кәсіби шыңдау үшін ауданға қажетті кардиолог-дәрігерлікке қайта мамандануға ұсыныс берді. Ұсынысты қабылдаған ақ халатты абзал жан Алматы қаласына 4 айлық курсқа жіберілген еді.
Аудан халқына қызмет ететін кардиолог-дәрігердің тапшылығы сезілді. Барлық ауыртпалық бір ғана кардиолог-дәрігерге артылды. Білікті дәрігер Қарлығаш Құлбаева сонша жұмысты бір өзі үлгірді. Әрине, қиын, ауыр, қосымша жұмыс. Сондықтан мен де өзімді кардиолог ретінде қызмет етуге келісімімді бердім. Қазір бұл шешіміме өкінбеймін. Аз ғана уақыт ішінде біраз тәжірибе жинақтап, науқастарды емдеп жатырмыз, – дейді кардиолог Гүлзат Тыныштықбаева.
Дәрігердің негізгі қызметі – елді-мекендерде жүрек ауруымен есепте тұратын науқастарды бақылап, дер кезде дәрігер қабылдауында болуына жұмыс жасау. Ең бастысы соңғы кезде көбейіп кеткен жүрек қан тамырлары ауруы бойынша алдын алу жұмысына күш салады. Себебі соңғы жылдардағы көрсеткіш бойынша жүрек ауруына шалдығу жас талғамайтын жағдайға жеткен. Мұның басты себебі адамдардың зиянды әдеттерге бой алдыруы мен күні бойы қозғалыссыз еңбек ету режимі болып табылады. Дұрыс тамақтанбау мен саламатты өмір салтын ұстанбау да жүрек ауруына әкелетін факторлар. Дегенмен еліміздегі медицина саласының қарқынды дамуы, атап айтқанда заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуы дертті ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді. Жүрек ауруына шағымданған науқастарға холтер, смад, тридмил-тест тағайындалып, қандайда бір жүрек ақауын анықтауға болады. Бір кездері мұндай құралдар қолжетімсіз болып, науқастар облыс орталығына сабылғанда, көп уақыт жоғалтып алатын еді. Енді осы құралдар мезгілсіз өлімнің болмауына бірден бір себепші десек, артық айтқандық болмас.
Бір ғана жүрек ауруында кездесетін бірнеше дерттің түрін дәрі-дәрмекпен алдын алып, емдеуге болады. Тіпті ота жасатқан науқастардың өзі дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмек пен кеңеске жүгінсе, дертінен құлан таза айғып кетеді екен.
Науқас ең алдымен өзін жайсыз сезінсе, жүрек тұсында ауырсынуды байқаса, дәрігерге дереу келу керек. Бақылауға алып, нақты диагнозы анықталмайынша ем тағайындалмайды. Кез келген дәріні қабылдауға болмайды. Әрбір дәрінің не үшін қолданылатыны және оның қалай әсер ететіні туралы кеңес беріп, түсіндіру міндетіміз. Мезгілімен ем алған науқас сауығып кетуі үшін дәрігердің айтқанын орындауы керек. Жүрек ауруынан айығып кеткен науқасты көру дәрігер үшін үлкен жетістік, – дейді ақ халатты абзал жан Гүлзат Қаппарқызы.
Бүгінде уақытпен санаспай, жаны жабыққан, дертіне дауа іздеген жанның қасынан табылуға асығып тұратын дәрігер қызметін мінсіз атқарып келеді.
Сырқатына дауа іздеген адамдардың дәрігер отбасында 3 баланың анасы. Бақытын отбасынан, сүйікті ісінен тапқан дәрігерге ел алғысына бөлене беріңіз демекпіз.
