Kyzylorda-news.kz. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев жиын өткізді. Жиынға облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, аудандық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева мен сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Алдымен төл мереке иелерін құттықтаған аудан басшысы ізгі тілегін жеткізді.
Құрметті сала ардагерлері, медицина қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – адам жанын жүрегімен сезінетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің ерен еңбегі бағаланатын күн. Сіздердің еңбектеріңіздің өлшемі – өмірмен қайта табысқан адамдардың тағдырымен тікелей байланысты. Дәрігер – адам жанының арашасы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесі. Ал оның иесі болу – үлкен мәртебе. Әрдайым адамзат баласы тағдырын сеніп тапсыратын мамандықтарыңызды абыроймен атқарып, халық сеніміне ие болып жүре беріңіздер. Ел мүддесі жолын¬дағы қиындығы мен қуанышы мол еңбектеріңізге табыс, отбастарыңызға амандық тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мерекелік құттықтаудан соң аудан басшысы сала ардагерлері Рүстем Садықұлына, Астрахан Қожақовқа, Нұрипа Оралбаеваға, Тәжігүл Жорабекқызына алғыс хат тапсырып, сый сияпат көрсетті.
Ақ халатты абзал жандарды аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов құттықтап, мамандықтың ішіндегі ең қиыны да жауапты дәрігерлікті таңдаған, адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандарға ізгі тілегін жеткізді.
Мерекелік құттықтауларды аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев жалғастырды. Сала ардагерлері Рүстем Садықұлы мен Астрахан Қожақов аудан әкіміне ардагерлерді төрге шығарып, құрмет көрсеткеніне алғыстарын айтты.
Ауданда аурухана құрылысы 1993 жылы басталды. Елдегі қиыншылық, қаржы тапшылығы болған кез еді. Осындай күрделі уақытта жаңа аурухананы салып бітіруге күш салдық. Қазіргі дәрігерлерге айтпағым, адам жанына араша түсу үшін өміріңнің көп уақытын ауруханада, науқас жанның жанында өткізуің керек, бір ауыз жылы сөздің өзі жаны жабырқаулы адамға күш береді. Абыройлы болу үшін жұмысты күшейту керек, – деді саланың байырғы басшысы болған, ардагер Рүстем Садықұлы.
Ауданның медицина саласында ұзақ жыл қызмет етіп, еңбек кітапшасында бір ғана жазбамен зейнеткерлікке шыққан ардагер Астархан аға Қожақов та қиын кездегі қызметі жайында естелік айтып, аудан басшысына өз ұсынысын жеткізді.
Дәрігерлікке 1966 жылы институтты бітіріп келіп, кірістім. Сол жылы аудандық туберкулезге қарсы диспансерге жұмысқа қабылданып, өмір бойы сонда жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым. Медицина өте қиын сала екені белгілі, абыроймен жұмыс жасау үшін науқастың жанын түсіну керек. Қай кезде дәрігерден көмек сұрап келетін адамға жылы шырай танып, білгеніңді айтсаң, одан артықтың керегі де жоқ. Науқастың қолынан ұстап, "кешегіден бүгін тәуірсіз" деп айтқан сөзіңіздің өзі науқастың бетіне қан жүгіртеді. Сондықтан әрдайым алақандарыңыз шипалы болсын. Ал аудан әкіміне айтатын ұсынысым, ауданда радиобайланысы қайта іске қосылса, халық радионың үнімен оянып, онда айтылатын керемет тағылымды әңгімелерді естіп, бір сәт мына қолдағы ұялы телефоннан бас тартатын еді, – деді ардагер.
Мерекеге орай өткен жиын соң аудандық мәдениет үйінде салтанатты іс-шарамен жалғасты. Іс-шарада саланың үздіктері марапатталып, құрмет көрсетілді. Концерттік бағдарламаға ұласқан жиында әннен шашу шашылды.