Kyzylorda-news.kz. Денсаулық сақтау саласында күн санап ауқымды жобалар жүзеге асуда. Халық денсаулығын жақсартуда кешенді іс-шараларға иек артылады. Қазіргі уақытта тұрғындарды жергілікті емханаға тіркеу арқылы сырқат белгісін анықтау, сан түрлі диагноз бойынша емдеуді жүргізу жүзеге асырылады. Осы ретте, аталған мәселеге қатысты емделушілерге ұдайы кеңінен ақпарат беруге мүдделіміз.
Негізінен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылдың 13 қарашасындағы №194-бұйрығына сәйкес, тұрғындарды емханаға тіркеу регистрына тіркеудің өзіндік қағидасы қалыптасқан. Біріншіден, қызмет көрсетудің отбасылық қағидаты, яғни бір отбасының барлық мүшелері бір емханаға тіркелген тиімді саналады. Екіншіден, МСАК аумақтық қолжетімділігі, демек емхананың өз тұрғылықты жеріне жақын орналасқаны дұрыс. Үшіншіден, аумақтық қолжетімділік шегінде медициналық ұйымды еркін таңдау болады. Төртіншіден, пациенттің медициналық көмек сапасына қанағаттануы кіреді. Бесіншіден, меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан, тең құқықтылық және адал бәсекелестік қағидаттарымен жүзеге асырылады.
Шын мәнінде, жергілікті аумақта орналасқан емханаға тіркелу әрбір тұрғын үшін маңызды. Айта кетейік, кез келген адам Сырдария аудандық ауруханасына тіркелу үшін, орталық емхананың тіркеу бөлімі мамандарына келіп, жеке басты куәландыратын құжаты арқылы тіркелу немесе үйден шықпай-ақ E-Gov электронды Үкімет порталы арқылы тіркеле алады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, дүйсенбі-жұма күндері аралығында сағат 8.00-ден бастап 20.00-ге дейін, сенбі күні сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін науқастар дәрігерге тексерілуге мүмкіндігі бар. Емханаға тіркелген жағдайда денсаулығында кінәраты бар көпшілік «Жедел жәрдемнен» бөлек, аймақтық дәрігерді үйіне шақырта алады. Ерекше мән беретін жәйт, аймақтық дәрігерді үйге шақыртуды тек емханаға «Халықты тіркеу регистры» арқылы тіркелуі бар тұрғындар ғана жасай алады. Аудандық емханада жалпы тәжірибелі дәрігерлермен қатар, тар буынды мамандар, невропатолог, хирург, уролог, оториноларинголог, психиатр, психолог, логопед, кардиолог, травматолог сынды ақ халатты абзал жандар жергілікті халыққа қызмет етеуде. Емдеу мекемесінде ашылған амбулаториялық-реабилитациялық және «Күндізгі стационар» бөлімінде иньекционды еммен қатар, барлық физио ем шаралар науқасқа жасалуы жолға қойылған.
Қай кезде де, денсаулығына алаңдаушылық білдіретін тұрғындар емханаға тіркеліп, медициналық қызметтерді сапалы әрі уақытылы пайдалана алады.