Kyzylorda-news.kz. Сырдария аудандық ауруханасының мәжіліс залында «Медицина қызметкерлері күні» мерекесіне арналған іс-шара өткізілген болатын.
Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев қатысып, шараға жиналған сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, өз ізгі тілегін білдірді.
– Мерекелік көңіл-күйді сезінген ақ халатты абзал жандарды мерекемен шын жүреуктен құттықтаймын! Тынымсыз еңбек, дамыл өткен күндер мен түндер сала мамандарын қажытатыны рас. Соған қарамастан медицина қызметкерлері өз саласының майталмандарына айналып келеді. Қазіргі уақытта адамдар арасында аурушаңдық көбейіп, сан түрлі арулар пайда болуда. Біз қашанда науқасқа нақты диагноз қойып, емдеп келе сала мамандарына құрметіміз ерекше. Осы күні қырық мыңға жуық халқы бар ауданда 250 орындық емхана жұмыс жасайды. Кәсіби мамандар шоғыры қалыптасып, адам өмірін арашалауға барын салуда. Бұл ретте, аудандық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсенов бастаған ұжымның қызметін жоғары бағалаймыз. Басы ауырып, балтыры сыздаған әрбір адамның өтінішін қанағаттандырып, емхана мен аурухананың материалдық базасын кеңейтуге жұмыс жасауда, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Шара барысында арнайы мерекелік гүл шоғы қойылды. Сала мамандары аудан әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталды.
Сонымен қатар, аудандық аруханаға қарасты «Терапия» бөлімшесінің аға медбикесі Зина Кенжебекова Қызылорда медициналық жоғарғы колледжінің 95 жылдық мерейтойына арналған төсбелгімен марапатталды.
– Мен бірнеше жылдан бері медицина саласында қызмет етіп келе жатырмын. Күні-түні науқастардың қасынан табылып, дертіне шипа дарытуға күш саламыз. Осыған дейін қаншама күндер еткен еңбек ақталды. Кәсіби мереке қарсаңында жоғарғы марапатқа қол жеткізудеміз, – деді кәсіт маман.
Өз кезегінде аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.