ФОТО

Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданы бойынша 2021 жылы – туберкулез ауруымен 8 науқас тіркелсе, былтыр 11 жаңадан науқас тіркелген, аурушаңдық көрсеткіші 29,1 пайыз. Бұл туралы Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Самалбек Өмірбаев мәлімдеді. 

Бір қуанарлығы балалар мен жас-өспірімдер арасында туберкулез тіркелген жоқ. Облыстық көрсеткішпен салыстырғанда Сырдария ауданы төмен болса да, 2 жылда жоғарылау байқалады. Себебі тіркелу көрсеткіші зейнеткерлер арасында жоғары болып отыр. Оның басты себебі егде жастағы тұрғындар уақытылы медициналық, соның ішінде флюорографиялық зерттеуден өтуі төмендеген.

«Былтыр балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулез ауруы тіркелген жоқ. Жыл сайын аудандық емханамен бірлесіп «Манту» жоспары бекітіледі, жоспар бойынша көрсеткіш 100 пайыз орындалып, туберкулез диагнозымен өлім-жағдайы тіркелген жоқ. Көбінесе халықтың арасында әлі де болса жыл сайынғы флюорографиялық тексеруден уақытылы өтуден қашып, келмей жүретіндер кездеседі. Олармен түсіндіру жұмыстарын учаскелік медбикелер жүргізіп, емханаға жетектеп әкелетіндері де бар. Негізінен науқаста салқын тиіп, қызуы көтеріліп, екі аптадан астам жөтел, әлсіздік пайда болады. Бұл белгілер дабыл қағатын жағдай. Науқас әлсіреп дәрігерге қаралғанда, флюорографиялық тексеруден өткізіп, зертхана арқылы анықтап, нақты диагнозы қойылады. Бұл дерттен қорқудың қажеті жоқ. Себебі, туберкулез – емделетін дерт. Уақытылы ем-шара қолданғанда дерттен толық айығуға негіз бар», дейді Самалбек Өмірбаев.

Туберкулез – негізінен ауа тамшылары арқылы таралатын жұқпалы ауру. Инфекция көзі көбінесе туберкулезбен ауыратын адамдар немесе олардың тұрмыстық заттары болып табылады.

Микроорганизмдер адамның тыныс алу жолдарына қақырық тамшыларымен сөйлескенде, түшкіргенде, жөтелгенде, күлгенде немесе шаңмен түседі. Өкпедегі қабыну процесінің дамуымен өкпе туберкулезі дамиды. Туберкулез микобактериясы тек өкпеге ғана емес, басқа мүшелерге де әсер етуі мүмкін, бұл жағдайда өкпеден тыс туберкулез дамиды – сүйектер, буындар, көз¬дер, тері, лимфа түйіндері, жыныс мүшелері және басқа да мүшелер мен жүйелер. Осындай маңызды мәселені біліп, адамдар сақтанып жүрсе, аталған жұқпалы дерттен аулақ болатыны сөзсіз.

«Инфекция көзі ауру жануарлар мен адамдар. Туберкулезді жұқтырудың жетекші жолдары – ауа тамшылары. Микобактериялардың сиырдан жұғатын түрі адам үшін ең қауіптісі болып табылады. Патогенді тасымалдау факторлары. Ірі қара мал ауруға шалдыққан кезде туберкулез микобактериясы жануардың сүтімен, нәжісімен, зәрімен бірге сыртқа шығады және көбінесе ауру жасырын түрде, клиникалық көрініссіз өтеді. Жас төл негізінен ауру малдан алынған сүт және майсыз сүт арқылы ауруға шалдығады. Бұзаулардың құрсақішілік инфекциясы болуы мүмкін.
Ауру әдетте туберкулездің белсенді түрімен ауыратын адамдардан ауа тамшылары арқылы немесе туберкулезбен ауырған жануарлардан алынған сүт өнімдерін тұтыну арқылы таралады. Сіздің денеңізде туберкулез бактериялары болса да, сіздің иммундық жүйеңіз аурудың алдын алады. Туберкулезді қоршаған ортаның нашарлығы, дұрыс емес тамақтану, жаман әдеттер және жиі стресс тудыруы мүмкін.
Туберкулездің алдын алудың бір түрі – БЦЖ екпесін салу. Екпе жаңа туылған нәрестеге салынады. Дегенмен балалар 100 пайыз ауырмайды деп айта алмаймыз, бірақ ауырған жағдайда өміріне қауіп төнбейді, жеңіл түрімен ауруы мүм¬кін. Кейбір ата-аналар балаларына екпе салдыртпай жатады, балаларға зияны тиеді деген оймен. Сондықтан дәрігер ретінде айтарым, екпе алмаған балалар туберкулездің ауыр түріне, менингитке шалдығуы мүмкін. Ал оның зардабы туралы айтудың өзі қиын. Осындай жағдайды болдырмас үшін ата-ана түсіністік танытып, баласын қорғағаны дұрыс», - дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.

Уақытылы флюорографиялық тексеруден өтіп, жоғарыда айтып өткен белгілері байқалған жағдайда, дәрігерге көрініп емін алған жағдайда алдын алуға болады. Көбінесе интернет арқылы тұрғындар өздері ем-домын үйден жасап, қызуын түсіріп, шамалы жақсы болса дәрігерге бармай сол күйінде жүре береді. Өкпесінде туберкулез қалдығы қалып қояды да, асқынған кезде туберкулездің ашық түрі пайда болады.
 

Тағы да оқыңыз: