Kyzylorda-news.kz Дертке шипа, адам жанына араша бола білген медицина мамандығы қоғам өмірінде маңызды рөл атқарады. Жас пен жасамыстың денсаулығына жіті көңіл бөлетін ақ халаты абзал жандар қашанда бар мақтауға лайық. Дені сау адам – табиғаттың ең бағалы жемісі десек, қоғам өмірінде тән рақаты – денсаулық екенін сезінген қаншама адам бар. Жан саулығын жақсартуға барын салған медицина мамандарының өлшеусіз еңбегі қайталанбас ерліктің үлгісі.
Елімізде жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде медицина қызметкерлері күні» кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Негізінен, аудан медицинасының тарихы тереңде жатыр. Ең алғаш 1938 жылы Сырдария ауданында 15 төсектің аурухана ашылған. Сол уақыттан бері аудан медицинасы жергілікті халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Ел егемендігі алған тұста медицина саласында ауқымды өзгерістер орын алып, дертке дауа тапқан дәрігерлер зор тәжірибе жинақтап, медицина майталмандарына айналды. Осыдан 31 жыл бұрын ауданымызда ел есінде қалған оқиға аудандық аурухананың 175 орынға лайықтандырылған ғимаратқа көшуі еді. Міне, сол уақыттан бері жергілікті халыққа кедергісіз жұмыс істеп келе жатқан аудандық аурухананың материалдық базасы ұдайы жаңартылып отырылады. Осыдан 10 жыл бұрын ауысымына 250 орындық аудандық емхана ашылып, бүгінде аталған емдеу мекемесі аудан халқын қабылдауда.
Тәуелсіздік алған сәттен аудандық аурухананы денсаулық сақтау ісінің үздігі Рүстем Садыков, Абдулла Арғынбаев, Жақсыбай Баймурзаев, Сексенбай Ерімбетов, Манат Садықова, Нұржамал Мырзағалиева аудан медицинасының көш ілгері басуына өзіндік үлестерін қосып, қажырлы еңбек ете білді. Іргелі ұжымды қазіргі уақытта білікті басшы Жалғасбек Үсенов басқаруда.
Бүгінде Сырдария аудандық ауруханасында 68 дәрігер, 394 медбике, 120 кіші буын қызметкері бар. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарға аудандық аурухана базасында «Жан сақтау», «Хирургия», «Гинекология», «Терапия», «Балалар» «Қабылдау», «Жұқпалы аурулар», «Перзентхана», «Оңалту және паллиативтік көмек» бөлімшесі есігін айқара ашса, ал емханада «Тіркеу», «Жалпы тәжірибелік», «Алдын алу және психологиялық көмек көрсету», «Функцоналды диагностикалық», «Тар буынды мамандар», «Амбулаториялық қалпына келтіру емі», «Күндізгі стационар» «Әкімшілік» бөлімі өз емделушілерін күтеді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде салынған 27 медициналық нысанның алғашқысы – Нағи Ілиясов ауылындағы дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Ал өткен жылдың соңында санитариялық жаңа автокөлік пайдалануға берілсе, биыл кәсіби мереке қарсаңында Сырдария ауданына 6 автокөліктің кілті табысталды. Аманкелді ауылдық дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Өткен жылы Сырдария ауданында 724 сәби дүниеге келген. Оның ішінде, 386 қамшы ұстар, 338 кесте тігер сырдариялық отбасылардың көз қуанышына айналған.
Өткен жылы Сырдария аудандық ауруханасының базасында дәрігерлер 93 ота жасап, адам өмірін арашалап қалды.
Ілкімді істер аудан мерейін асырып, сала мамандары жоғарғы марапат төрінен көрінуде. Сала ардагерлерін ұдайы құрмет көрсетіліп, арнайы куәлік табысталды.