Kyzylorda-news.kz. Денсаулық – әр адамның және тұтас қоғамның бүтін бір байлығы мен бақыты. Өйткені, адамның бойын ауру меңдесе жаны қалжырап, әл кетіп, қайта қан жүгіруі қиын болады. Сосын да шыбын жаны шырқырап, сай-сүйегінің сырқырағанын сезген жұрт дертіне дауа іздеуге дайын тұрады. Жұмысқа жегіліп, қаржыны күректеп табу керек болса да, денсау¬лыққа күтім керек екенін бәрі біледі. Қанша дегенмен ауру батып, жаның көзіне көрінгенде басқаны ойлап, бас қатырудың өзі бекер. Осыдан-ақ, саулықтың басты байлық екенін аңғаруға болады. Әсте, халықтың мықты денсаулығы мемлекет үшін де маңызды. Медицинаны дамыту мақсатында қабылданған шешімдер түйткілді түйінді тарқатып, оңды болуына ықпал етіп келеді. Сайып келгенде, денсаулық саласында қозғалатын даудың азайып, кемшіліктің кемігені атқарылған ауқымды жұмыстардың үлесінде екені айдан анық. Қазіргі таңда денсау¬лық сақтау жүйесінде дабыл қағарлық жүгенсіздіктің жоқтығы көпті қуантады. Осы ретте, облысымызда денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында іске асырылған жұмыстарға тоқталып өтуді жөн көрдік.
Өміріміздің негізі де, діңгегі де – денсаулық. Тасыған қуат, қажыр-қайрат болмаса, төртбұрышты керуетте төсекке таңылып жатуға тура келеді. Әсте, ауруды ауыр немесе жеңіл деп қарастыруға болмайды. Ауру асқынар болса, ағзадағы берік байланыстар бытырап, ажалмен күресу керек болады. Сондықтан емге шипа іздеуді ертерек ескерген ләзім. Иә, ауру-сырқау айтып келмейді. Мезгіл меңземейтін, уақыт таңдамайтын сырқаттың қашан жаныңды шырқырататынын болжап білу мүмкін емес. Сол себепті де аудандарда жаңа емханалардың салынып жатқаны орынды. Әйтпесе, орталыққа жетем дегенше оқыстан қауіп төнсе, үздіккен үміт те үзілмей ме?! Тұрғындарға тынбастан көмек көрсететін емхананың болғаны көңілдегі күмән мен күдікті сейілтіп, сенім ұялататыны сөзсіз. Осы ретте, республикалық бюджет есебінен жалпы құны 2,3 млрд. теңгені құрайтын 80 мыңнан аса тұрғынға қолжетімді және жоғары сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде 250 келушіге арналған ауданы емхана ғимараты құрылысы аяқталды. Нанымды нәтиже болса, науқастың айтар назы азаятыны белгілі. Құрылыстың қарқынды жүріп, мезетінде аяқталғаны тұрғынды да қуанышқа кенелтіп, бақытқа бөлейтіні рас. Сонымен қатар, өткен жылдың наурыз айында медициналық ғимараты жоқ шалғай елді мекендерде 2 медициналық бекет іске қосылды. Мұның өзі жағымды жаңалықтар легін толтырып, жүзеге асырылған жұмыстардың жүйесін көрсетіп берді.
Өткен жылдың қорытындысы құлазытып тұрған жоқ. Тиісінше, биыл да атқарылатын жұмыстар жемісін беріп, шаш етектен шаруаның шешімі табылып, жоспарлар іске аспақ. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатқан Жалағаш ауданы Таң ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысының 1 қыркүйекте қабылдау актісі алынды. Шынтуайтында, емхана есігі қашан да ашық әрі көптеп салынғаны жақсы. Себебі, алыстан ат терлетіп жеткенде ауру күшейіп, емдеуге мүмкіндік жолы жабылуы мүмкін. Әсіресе, шалғай орналасқан елді мекендерге көп көңіл бөліп, тұрғын талабы мен тілегін назарға алуы құптарлық іс. Демек, денсаулық сақтау жүйесінің дамуында дамыл жоқ деген сөз.
Құрылысы қарқынды һәм бірқалыпты жалғасқан емханаларды айтпағанда медициналық мекемелерді жаңа құрал-жабдықтармен жабдықтау ісі қолға алынған. Бюджеттен бөлінген қаржының қажетті жұмсалуы жоқты түгендеуге сеп болуда. Мәселен, 2022 жылға денсаулық сақтау саласына жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 1523,9 млн. теңге қаражат қаралды. Бөлінген қаражат шеңберінде Қармақшы және Шиелі аудандық ауруханасына компьютерлік томограф, №3 қалалық емхана, Арал және Жаңақорған ауданаралық ауруханаларына видеоэндоскопиялық жүйесі, қалалық орталық емханаға цифрлы стационарлық флюрографиялық рентген аппараты, №3 қалалық емханаға рентген жүйесі, №5 қалалық емханаға маммографиялық рентген жүйесі аппараттары сатып алу жоспарлануда. Нәтижесінде құрал-жабдықтармен қамтылу көрсеткіші 83,5 пайыздан 85%-ға дейін көтерілетін болады. Медициналық мекемелердің құрал-жабдықтармен толығуы науқастың назын азайтып, алғысын көбейтетін тәрізді. Осы жоспарлар нық жолға қойылса, «бармаған жерім, баспаған тауым қалмады» деп, еміне шипа таба алмай, санасы сан-саққа жүгіріп, жан-жақта сандалып кететін, яғни өзге елге барып ем қабылдауға мәжбүр болатын науқастар көңілі жайланушы еді. Денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс¬тардың бәрі бағдарлы түрде орындалып-ақ жатыр. Бір ғана кем-кетігін түзеп ғана қоймай, бүге-шүгесіне дейін атқарылар істі жүйелеп, ұсақ-түйекке дейін мән берген басшылықтың мақсаты айқын екені байқалып тұр. Облыста орайын тапқан жұмыстың жемісін көрсеткішімен-ақ бағалап, бағамдап алуға әбден болады. Атап айтсақ, облыстық жедел жәрдем стансасына линзинг арқылы 20 санитарлық автокөлік алынды. Яғни, құрал-жабдықтармен және санитарлы автокөліктермен жабдықталуы 100 %-ды құрайды.
Ендігі көзделген мақсат – 2023 жылы республикалық бюджеттен 3,5 млрд. теңгеге медициналық бұйымдар сатып алу. Сонымен қатар, 14 наурызда «Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек орнына арналған көп бейінді аурухана (онкологиялық бөлімшемен) салу» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Әкімдік тарапынан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет қаражаты есебінен жоспарланған инвестициялық жобалардың тізбесін енгізу үшін бюджеттік өтінім ұсынылды. Осыған орай, Қызылорда облысы үшін жедел және шұғыл қажеттілігін, сонымен қатар, Арал өңірі аймағы үшін маңыздылығын ескере отырып, аталған нысан құрылысын бастауға 2023 жылға 750 миллион теңге республикалық бюджет есебінен бөлінді. Қазіргі таңда конкурс рәсімдері жүргізілуде. Әлбетте, бұл да өз кезегінде Сыр медицинасында жаңа серпін барын айғақтайтыны анық. Енді құрылысы жүріп, жаңа аурухананың кірпіші қаланса, бұл да жағымды жаңалық болмақ.
Денсаулық саласында жүргізілген ұлттық жобалардың ұтымды тұсы көп болғаны мәлім. Мәселен, «Дені сау ұлт» жобасы аясында жеткен жетістіктер аз емес. Жоспары жүйелі, бағыты айқын ұлттық жоба мақсатына жетуде десек артық болмас. Соңғы жылдардың қорытындысында ұлттық жобаның барлық іс-шаралары орындалып, көрсеткіштер деңгейі жоспарлағандай мәнге ие болды.
Енді «Ауылдық денсаулық сақтау¬ды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасының облыста қалай жүзеге асып жатқанына тоқталып көрелік. Аталған жоба бойынша ауылдық инфрақұрылымды дамытуда қомақты қаржы көлемінде 27 нысан, яғни 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет құрылысының тізімі бекітіліп, Денсаулық сақтау министрлігіне жолданған болатын, өз кезегінде қолдау тапты.
Қазіргі таңда бірнеше ауданда 15 дәрігерлік амбулатория және 1 медициналық бекет құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Нысан құрылысына жер учаскесі бөлініп, инженерлік инфрақұрылым жүргізілген. Аталған 16 нысанның құрылысы осы жылы басталмақ. Сонымен қатар, қалған 9 дәрігерлік амбулатория мен 2 фельдшерлік-акушерлік бекет құрылысына типтік жобаға байланыстыру жүргізілетін болады. Осыған қатысты жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп, нысандар құрылысына жер таңдау актілері алынған.
Асылында, алға қойған мақсатты міндетті орындауға көшкен басқармалардың бастамасы жаман емес. Адам өмірі мен тағдырының ойыншық емес екенін ескерсек, денсаулық сақтау жүйесінің жүйке жұқартпайтындай болғаны игі. Осы орайда, жауапкершілік жүгі ауыр салмақты салада болған әрбір серпін көңілге серпіліс сыйламақ.