Бүгінде Сыр медицинасы серпінді дамып келеді. Жалпы күннен-күнге қарыштап, түрлі жаңа технологиялар жүзеге асып жатқан саланың өңірде де заманға сай бағыт алуы қуанарлық жайт. Бүгінде аймақта 150-ден астам медицина ұйымы бар екен. Ал дертіне дауа іздеп келген науқастарға үш мыңға тарта дәрігер, 11 мыңнан астам орта буынды медицина мамандары қызмет көрсетеді.
Өңірде денсаулық саласындағы өзекті мәселелердің бірі – маман тапшылығы болатын. Бұл күнде аталған мәселе де өз шешімін тауып келеді. Мәселен, 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша 155 резидентке, 162 жалпытәжірибелік дәрігерді даярлауға облыс әкімінің арнайы гранты бөлінген. Сонымен қатар дәрігерлердің білімі мен біліктілігін арттыру мәселесі де аймақта оңтайлы көрініс тауып келеді. Бұл ретте денсаулық сақтау саласы мамандары арнайы оқудан өтеді. Оның ішінде өткен жылы 590 дәрігер, 738 орта буынды медицина қызметкерлері біліктіліктерін арттырған. Бұл үрдіс тұрақты түрде жүзеге асырылады. Себебі дәрігер маманы болу үнемі жетілдірілуді, дамуды, біліктілігіңді арттыруды талап ететіні анық. Осы орайда биылда мамандардың біліктілігін еліміздің алдыңғы қатарлы медицина орталықтарымен қатар озық тәжірибелі шетелдерде арттыру жоспарланып отыр. Мәселен биыл сәуір айында 10 реаниматолог, 5 кардиолог маман Түркияның Стамбул қаласындағы «Мемориал» клиникасында білімін жетілдірген. Сондай-ақ, жыл көлемінде республиканың 9 штаттан тыс бас мамандарын шақырту арқылы конференция, хирургиялық сала бойынша 14 шеберлік сағаттары, оның ішінде екі шеберлік сағаты шетел мамандарының қатысуымен өткізілген. Сонымен бірге 21 түрлі ота жаңадан енгізілген. Аймақтағы денсаулық саласының дамуының тағы бір көрінісі ретінде араға 9 жыл салып бүйрек трансплантациясы отасының қайта жасалуын айтуға болады.
Өткен жылдан бастап аймақта денсаулық саласын дамытуда ауқымды жаңа жобалар жүзеге асырыла бастады. Атап айтсақ, 2023 жылы жалпы құны 48,6 миллиард теңгені құрайтын 21 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілген еді. Оның ішінде жалпы құны 7,1 миллиард теңгені құрайтын 17 нысанның құрылысы аяқталған. Ал биылғы жылы 12,5 миллиард теңге қаржы бөлініп, 17 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталған.
Сонымен қатар облыс орталығында 36 миллиард 400 миллион теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргiзiлуде. Одан бөлек қан орталығының құрылысы ашылуға дайын. Оған республикалық бюджеттен 2 миллиард 900 миллион теңге бөлінген. Жылына 5000-нан 10000 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар орталық соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде жалпы құны 11 миллиард теңгені құрайтын 27 нысан салу жоспарланған. Өткен жылы Ұлттық жоба аясында елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға берілген. Қалған 11 нысан және Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық көпбейінді ауруханалары жанынан қосымша құрылыс салынып, халық игілігіне берілмек.
Бұдан бөлек жақын күндері ұлттық жоба аясында 2 миллиард 300 миллион теңгеге Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше құрылысы басталады. Одан бөлек жергілікті бюджет есебінен 922,0 миллион теңгеге Жаңақорған ауданы, Төменарық дәрігерлік амбулаториясымен қоса, 15 төсекке арналған ауылдық аурухана құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
«Ауыл ел - бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласының Досан елді мекенінде 140 миллион теңгеге медициналық бекет, Баймұрат батыр елдімекенінде 418,2 миллион теңгеге дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген. Сонымен қатар көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппаратын іске қосып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Алдағы уақытта Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық орталық аурухана базасында балаларға арнап «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ. Дәл осындай оңалту орталығы жыл соңында Арал ауданында берілмек.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 3 миллиард 800 миллион теңге қаржыға 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылды. Биыл 4 миллиард теңге қаржыға 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылады деп жоспарлануда. Өткен жылы денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 5,1 милилард теңге қаржы қаралған. Оның ішінде 4,4 миллиард теңгеге 560 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынып, медицина ұйымдарының жабдықталу деңгейі 84 проценттен 87,10 процентке дейін көтерілген. Былтыр медицина ұйымдарына құны 512,5 миллион теңгеге жаңа 25 санитарлық автокөлік табысталған еді. Биыл өңірдегі барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөліктер алынды. Соның нәтижесінде елді мекендердегі емдеу ұйымдарын санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі деп күтілуде.
Аймақтың медицина дамытуда бюджет қаражатынан бөлек «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауы да маңызды. Мәселен, аталған қор соңғы екі жыл көлемінде өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 миллиард теңге қаржы бағыттаған. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, денсаулық сақтау саласына қажетті аса қымбат дәрі-дәрмектер алынған. Сондай-ақ, қор құны 1 миллиард 100 миллион теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз еткен. Мұндай құрал-жабдық елімізде тек үш облыста ғана бар.
Сыр өңірінің медицинасында серпінді даму бар. Себебі тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауда медицина мекемелері жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, заманауи үлгідегі медициналық емдеу мекемелері бой көтеруде. Мұның барлығы денсаулық саласын жақсарту мен ел игілігі жолында жасалынып жатқан жұмыстардың бір бөлігі.
А. Әлім