Kyzylorda-news.kz. Денсаулық сақтау саласында кезек күтірмейтін мәселелер жетерлік. Соның ішінде, Сыр медицинасын серпінді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Мәселен, Денсаулық сақтау саласында кезек күтірмейтін мәселелер жетерлік. Соның ішінде, Сыр медицинасын серпінді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Мәселен, биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 138,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Тиісінше, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артып отыр. Сондай-ақ, былтыр өңірде 21 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталса, оның 17-сі мерзімінде аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Биыл да өңірде бірнеше медициналық ұйымдардың іргетасы қаланып, тұрғындарға мерзімінде табыстау межеленуде.
− Биыл жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданы, Төменарық елді мекенінде дәрігерлік амбулаториямен қатар, 15 төсекке арналған ауылдық аурухана құрылысы салынуда. Сонымен қатар, шалғай аудандардағы балаларға реабилитациялық емнің қолжетімділігін арттыру мақсатында Арал ауданында оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Ал, бүгінде 20 денсаулық сақтау нысанының құрылысы бойынша жоба-сметалық құжаттар әзірленуде. Оның ішінде 4 аудандық көп бейінді аурухананың қосымша құрылысы, 2 қалалық емхана, 10 дәрігерлік амбулатория және 2 фельдшерлік-акушерлік бекет. Бұдан бөлек, қаланың сол жағалауында 500 келушіге арналған қалалық емхана мен Қарауылтөбе ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысы салынатын болады. Өткен жылы да 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Соның ішінде 5 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталса, осы жылы 4 нысан пайдалануға берілмек. Ендігі кезекте, денсаулық сақтау нысандарын материалдық техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша тоқталсам, былтыр осы бағытқа жалпы құны 5,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде, медицина ұйымдарының керекті құрал-жабдықтармен қамтылу деңгейі 86 пайызға ұлғайды,−деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков.
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласына қажетті қызметтік көліктер алынып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде оң өзгерістер бар. Қызылорда облысында медицина саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда.
Жақында көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылды. Бұл сала мамандарының жоғары деңгейде жұмыс атқаруына оң септігін тигізеді.
«Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын басым бағыттардың бірі ретінде белгілеп, халыққа арнаған Жолдауында нақты талаптар қойды. Осыған орай көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Бұрынғы аппарат бұзылып, ауруханада 2016 жылдан бері мұндай құрал-жабдық болған жоқ. Мәселенің шешімін табу үшін бюджеттен қаржы бөліп, биыл бағасы 646 млн. теңге тұратын МРТ аппараты алынды. Жаңа құрал өңір халқының игілігіне, аурудың алдын алу, анықтау жұмыстарын ілгерілетуге қызмет етеді», – дейді сала мамандары.
Осындай қамқорлықтың нәтижесінде облыстық көпбейінді ауруханада күрделі ота жасауға мүмкіндік жасалып отыр. Өткен жылдың желтоқсанында бүйрек ауыстыру отасын А. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Болатбек Баймахановтың басшылығымен қызылордалық дәрігерлер сәтті атқарып шықты.
«Елімізде 2011 жылдан бері бүйрек және бауыр трансплатациясы кең ауқымда жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін 1 000-ға тарта ота жасалды. Оның 700-і бүйрекке қатысты болса, қалғанын бауыр трансплантациясы құрайды. Бұл – өте күрделі іс, оған әрбір дәрігер үлкен жауапкершілікпен қарайды. Тәжірибесі жоғары болуы ескеріледі. Біз облыстық көпбейінді аурухана дәрігерлерінің ұсынысын қабыл алдық. Аурухана оған қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ота төрт сағаттан астам уақытқа созылды. Жалпы, бұл өте жіті назарда болады. Барлығы алдын-ала зерттеледі», - дейді Болатбек Баймаханов.
Айта кетсек, өңірдің медицина саласында ауқымды жобалар жүзеге асуда. 2022 жылы 45 жедел жәрдем көлігі алынып, облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы 100% автокөлікпен қамтамасыз етілді. Өткен жылы денсаулық сақтау ұйымдарына 512,5 млн. теңгеге 25 жаңа санитарлық автокөлік табысталды.
Өткен жылы тамыз айында Қызылорда қаласының сол жағалауында құны 2 млрд 700 млн теңгені құрайтын Қан орталығының іргетасы қаланды. Нысан жылына 5000-10000 адамдға қызмет көрсете алады. Орталықтың салынуы – аймақтың денсаулық сақтау саласы үшін маңызды әрі ұтымды шешім. Бұл – облыс тұрғындарының денсаулығын сақтау және қорғау бағытындағы нақты іс-шараның бірі.
Тұрғындар сұранысына сәйкес, биыл өңірдің барлық елді мекендеріндегі денсаулық сақтау мекемелеріне 200 санитарлық автокөлік сатып алынады Оған қоса 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылуда. Бұл жұмыстарға 3 млрд. 700 млн.теңге қаралды.
Жақын күндері Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық орталық аурухана базасында «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылады. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры соңғы екі жылда аймақтың денсаулық сақтау саласына 2 млрд. теңге қаржы бағыттады. Оған облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, аса қымбат дәрі-дәрмектер алынды. Сондай-ақ, қор республика бойынша 3 облыста ғана бар, құны 1 млрд. 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті.
Өздеріңіз білетіндей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуал зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе екенін айтып, нақты міндеттер жүктеген еді.
«Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет» деп нақты тапсырма берді.
Осылайша 2021 жылдан бастап елімізде қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық проблемаларды шешуге жәрдемдесу мақсатында «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы аймаққа 281 квота бөлініп, толық игерілді. Сол жылы ЭКҰ арқылы 119 бала туып, 3 отбасында егіздер дүниеге келді. Ал 2022 жылы бағдарлама бойынша 277 квота бөлінсе, былтыр 274 квота берілген. Биыл бөлінген квота саны – 270.
Ал бағдарлама әзірленгенге дейін аймаққа бөлінетін квота саны тым төмен болған. Мәселен, 2015 жылы 34, 2016 жылы 35, 2017 жылы 38, 2018 жылы 38, 2019 жылы 36, 2020 жылы 44-ті құраған. Нақтырақ айтқанда, 2015 жылдан бері берілген квота саны 8 есе өсіп отыр.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, былтыр 274 квота бөлініп, игерілген. Оның ішінде жүктілік 49,6%, яғни, 136 жағдайда тіркеліп, 11,6%-да түсікпен аяқталған. Өкінішке қарай 31 %-да жүктілік нәтиже бермеген. Есепті кезеңде ЭКҰ арқылы 86 бала туып, 1 отбасында егіз сәби дүниеге келген. Ал 51 әйел қазіргі кезде жүкті. Биыл бөлінген 270 квота бойынша бүгінде 76 әйел жолданып, орындалу үлесі 28,1% құрады.
Жалпы облыста ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдер саны – 174 931. Қазіргі кезде 6320 бедеу отбасы бар. Оларды бедеулігіне сәйкес саралағанда 60,4%-ын әйел (3819), 39,6%-ын ерлер (2501) құрап отыр. Бүгінгі күні 750 отбасы квота кезегін күтуде.
– Кезекте тұрған отбасылардың барлығы өңірлік комиссия арқылы қаралып, қолданыстағы бұйрықтарға сәйкес жолданады. «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы шеңберінде жүргізілген ЭКҰ циклдеріне мониторингті, пациенттердің құжаттарын қабылдау және құрылған комиссияға ұсыну жұмыстарын басқарма жүргізеді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес пациенттерді емдеу үшін квоталарды бөлуді талдау және ұрықтандыруға жолдама беруді шешу бойынша комиссия құрылған. Комиссия құрамында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы, қоғамдық қорлардың үйлестірушілері, білікті акушер-гинеколог, уролог мамандар бекітілген, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала жөніндегі орынбасары Айгүл Асылбекқызы.
Айта кету керек, бағдарлама МӘМС аясында қаржыландырылады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ЭКҰ бағдарламасын қаржыландырады. ЭКҰ-ға жолдама алу үшін тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну қажет. Мамандар пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. 12 ай ішінде емхананың бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, әйел «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеліп, рәсімге дайындала бастайды. Пациент экстракорпоралдық ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы.
ЭКҰ процедурасы терапевтік жолмен емдеуге келмейтін бедеулік диагнозы қойылғандарға арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Сонымен қатар, Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге сәйкес келуі қажет. Бұл – репродуктивті жас, яғни, 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резерв. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда қайтадан кезекке тұра алады.
Сыр медицинасында мамандардың біліктілігін арттыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Дәрігерлердің республикалық орталықтарда ғана емес, шет елдерде де біліктілігін арттыруға жергілікті бюджеттен 80 млн. теңге бөлінді. Сәуір айында Стамбул қаласындағы Қазақстанның бас консулының қолдауымен Түркиядағы «Мемориал» клиникасына 10 реаниматолог және 5 кардиолог біліктілік арттыруға барды. Бұл бағыттағы шаралар жыл көлемінде жалғасын табады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ