Kyzylorda-news.kz Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде күндізгі бөлімде оқитың студенттер 15 жеңілдік санаттың қатарында. МӘМС жүйесінің артықшылықтары туралы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің активімен кездесуде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының мамандары түсіндіру іс-шаралары барысында хабарлады.
Өңірдің жетекші жоғарғы оқу орнында 10 мыңнан астам студент білім алуда. «МӘМС туралы» Заңына (26-баптың 1-тармағының 13-тармақшасы) сәйкес орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар мемлекет есебінен сақтандырылған және МӘМС пакетінде көрсетілетін медициналық қызметтерге қол жеткізе алады.
Қор филиалының бөлім басшысы Ғалымжан Салтықовтың ақпараты бойынша, жеңілдік мәртебе ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық білім беру деректерінің базасында (ҰБДБ) студент туралы мәліметтердің болуы негізінде ұсынылатындығы айтылды.
«Егер студент оқудан шығарылса, академиялық демалыс уақытында немесе оқуын аяқтаса, онда ол білім саласының ҰБДБ ақпараттық жүйесінен шығарылуы қажет, өйткені жұмысқа орналасу кезінде олар үшін МӘМС-ке аудырамдар мен жарналары қабылданбастан кері қайтарылады. Сонымен қатар, егер оқу кезеңінде студент сақтандырылмаған болса, ол оқу орнына хабарласып, ақпараттық жүйедегі деректерді тексеруі керек», - деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, Ғалымжан Нұртілеуұлы күндізгі бөлімде оқитын мемлекеттік және жеке ұйымдарда жұмыс істейтін студенттері үшін МӘМС – ке аударымдар мен жарналар ұсталмайтынын еске салды.
Қосымша сұрақтарыңыз болса, келесі байланыс арналары арқылы хабарласуға болады: 1414, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы Saqtandyry-Bot