Kyzylorda-news.kz. Медициналық қызмет түрленінің арасынан тіс дәрігерінің еңбегі ерекше. Жаныңа батқан сәтте емін іздеуге кірісетін тіс мамандарының қызметі бүгінде сұранысқа сай. Рас, дәрігер – адам өмірінің арашашысы. Жаны қиналып, дертіне дауа іздеген адамға бұл кісінің құтқарушыдай көрінетіні анық. Міне, осындай сан мыңдаған адамның құтқарушысына айналған ақ халатты абзал жанның бірі, стоматолог дәрігер – Еламан Қазиев. Ол 7 жылдан аса тіс дәрігері болып халқына қалтқысыз қызмет етуде.
Еламан бұл салаға кездейсоқ келмеген. Нағашысы Махмұд Есенгелдиев бозбаланың медицинаға икемі барын байқап, ата-анасынан рұқсат алып, клиникасына көмекші етіпті. Бұл, бір жағынан, Еламанға өндірістік тәжірибе болса, бір жағынан, мамандығын айқындауға сеп болған көрінеді.
– Ата-анам құрылыс саласының мамандары. Әу басында құрылысқа қадам бассам қалай болады деген сауал болды. Әке жолын қуып, құрылысшылар династиясын жалғастырғым-ақ келді. Дегенмен өсе келе ойым өзгерді. Нағашым – тіс маманы. Азды-көпті қасында жүріп, стоматологтың қоғамға қажеттілігі зор екенін ұғып, Қызылорда медициналық жоғары колледжіне оқуға түстім. Оқуды бітірісімен еңбек жолымды тіс емханасында көмекші қызметінен бастадым. Жұмыстың арасында Отан алдындағы борышымды да өтеп келдім.
7 жылдан аса уақыт ол осы салада тер төгіп, дертіне шипа іздеген сан мыңдаған науқасқа қол ұшын берді. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Еламан дәрігер науқастың тілін табу оңай шаруа емес екенін айтады. Білікті маман әр адамға ерекше мейіріммен қарап, емінің шипалы болуына бар күш жігерін салады.
– Осы салада жүрген соң бір жағынан психолог болдық. Олай дейтінім тісі сыздап келген адам ашушаң келеді. Оны емдемес бұрын жағдайын сұрап, көңілін аулаймыз. Сонымен қатар науқас дәрігердің ем-домына емес, қабағына, мейірімі мен жан жылуына мұқтаж. Қабағыңнан қар жауып тұрса, емдеген науқасыңа ем қонып, тез арада жазылып кетеді деу – бекершілік. Сондықтан бірінші кезекте дәрігер мейірімді болғаны абзал. Сырқаттанған адамға жаны ашып тұрған дәрігер – мықты маман. Ондай дәрігердің емі де тез қонады. Қолы шипалы тұлға, адамдардың сеніміне де ие болады. Сондай-ақ біздегінің бір жаманы аурудың алдын алмаймыз. Тіс құрдымға кеткен кезде ғана стомед жағалайтынымыз жасырын емес. Сол себепті тіске де мұқият болғанымыз абзал.
Әр науқасқа асқан ептілікпен ем жасайтын кейіпкеріміз әңгіме барысында қажетті кеңестерін де ұсынды.
– Үй жағдайында тісті ағарту кезінде абай болу қажет. Себебі тіс эмалін жұқартып алуыңыз мүмкін. Ағарту құрылғысын айына бір рет, ас содасын аптасына бір рет қана қолданған жөн. Ағарту рәсімін жасаған соң, 48 сағат өткенше кофе ішуге, темекі тартуға және бояуы бар сусындар мен азық-түлік қолдануға болмайды. Тісті табиғи жолмен ағарту үшін қышқылы мол жеміс-жидек (ананас, алма, алмұрт, құлпынай) жеу керек.
Сонымен қатар қанты бар кофені аз-аздап ұзақ уақыт бойы ішу тіс эмалін жылдам құртады. Кофені қантсыз ішу немесе қантпен жылдам ішіп қою керек. Содан соң міндетті түрде тісті жуыңыз.
Мамандықты дұрыс таңдай білген адам жемісті болары сөзсіз. Жемісті еңбек етіп жүрген Еламанның әлі де науқастар үшін тигізер көмегі көп. Қысқасы, бүгінгі кейіпкеріміз кісінің құлан таза айығып кетуіне ешқашан бей-жай қарамайды.