Kyzylorda-news.kz 2026 жылдан бастап бірқатар созылмалы аурулары бар пациенттер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек алады. Барлық сақтандырылған азаматтар дер кезінде емделіп, мамандардың кеңесін алып және қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жалғастыруда.
Шиелі кентінің тұрғыны Меруерт Медетбек артериялық гипертензиямен және қант диабетімен ауырады. Ол күндізгі стационарда ем алуға дайындалып жатыр.
- Бұрын біз ем мен дәрі-дәрмектерді тегін медициналық көмек аясында алатынбыз, қазір – МӘМС арқылы. Мен жұмыс істеймін. Егер медициналық қызметтердің, соның ішінде қымбат қызметтердің барлық шығындарын есептесек, қомақты сома шығады. Дербес төлеушінің МӘМС-ке жыл сайынғы жарнасы шамамен 51 мың теңгені құрайды – бұл емханада тегін алатын барлық дәрі-дәрмектің нақты құнының аз ғана бөлігі, – деп атап өтті Меруерт.
Дәрігерлердің айтуынша, Шиелі ауданда сақтандырылмаған тұрғындар санының азаюы бойынша тұрақты оң динамика байқалады. Егер 2025 жылы олардың саны шамамен 11,5 мың адамды құраса, ағымдағы жылдың басында 3 мыңнан астам тұрғын «сақтандырылған» мәртебесін алды.
- Біздің аймағымыздың диспансерлік есебінде қант диабеті, ревматизм, бүйрек аурулары, жүректің ишемиялық ауруы және басқа да созылмалы аурулары бар 512 пациент ем алуда. Басым көпшілігі тұрақты сақтандырылған мәртебеге ие. Олардың қатарында жеңілдік санатындағы азаматтар, сондай-ақ «D» және «E» санаттарына жататындар бар, – деп хабарлады Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасының аймақтық дәрігері Мария Жабарбекова.
Еске саламыз, Қазақстанда 12 миллионнан астам азамат халықтың жеңілдік санаттарына жатады – олар үшін МӘМС жүйесіне жарналарды мемлекет төлейді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) шамамен 1 миллион адам жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен сақтандырылған.
