Kyzylorda-news.kz Қазіргі таңда әр балада бір смартфон бар. Тіпті бесіктегі балалар да оған тәуелді. Оны бермесеңіз, тағы болмайды. Балалар гаджетке соншалықты үйреніп кеткен, тіпті оны қасынан бір елі қалдырмайды. Бірақ бұл жағдайдың салдары балалардың көзіне үлкен әсер етуде.

 Соңғы кезде офтальмологтарға жүгінетіндер саны күннен-күнге артып келеді. Мысалы, мектеп оқушыларының 70-80 пайызының көзі дұрыс көрмейді. Бұл, өз кезегінде, көзілдірік киетіндер санының артқанына себеп болып отыр.

Статистика бойынша, елімізде әрбір бесінші бала алыстан көрмейді. Дәрігерлер балалар арасында миопияның, яғни алыстан көрмеушіліктің жылдан-жылға көбейіп жатқанын айтады. Офтальмологтар бұл жағдайды көзге шектен тыс салмақ түсірумен байланыстырады. Олар балалардың көз жанарын сақтау үшін гаджеттерді қолдануды шектеуді ұсынып отыр. Бірақ өкінішке орай, бұл мәселені еститін құлақ аз.

Мамандардың айтуынша, смартфон немесе компьютерді ұзақ пайдаланғаннан кейін көзге міндетті түрде демалыс қажет. Әр 20 минут сайын көзге аздаған үзіліс жасап, мүмкін болса таза ауаға шығып, тынығып алған жөн. Бұл көздің шаршауын басып, тамырлардың босаңсуына көмектеседі. Дәрігерлер көз ауруын дер кезінде емдемесе, оның асқынып, су қараңғылыққа дейін әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Мұндай жағдайда әлемнің дамыған медицинасы да дәрменсіз болуы ықтимал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, әлемде әр минут сайын бір бала, ал әр бес секунд сайын бір ересек адам көру қабілетінен айырылады.

Батыс Қазақстан аймағында балалар мен жасөспірімдердің аурушаңдық көрсеткіштері бағаланды. «М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті» КеАҚ (Ақтөбе қ.) және М.Гераци атындағы Ереван мемлекеттік медицина университетінің ғалымдары 2014-2018 жылдар аралығында 11, 13 және 15 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің аурушаңдығына талдау жүргізді. Зерттеу нәтижелері бойынша балалар мен жасөспірімдер арасындағы аурушаңдық құрылымында бірінші орынды тыныс алу жүйесі аурулары алады. Екінші орында – асқорыту жүйесі аурулары, үшінші орында – көз аурулары, төртінші орында – қан жүйесі аурулары, бесінші орында – жүйке жүйесі аурулары, ал алтыншы орында эндокриндік жүйе аурулары тіркелді.

«Денсаулық сақтау жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – балалық шақтағы тұрғындардың денсаулығын сақтау және оны одан әрі жақсарту. Осы тұрғыда жиі және ұзақ ауыратын (ЖҰА) балалардың денсаулығын қорғау мәселесі ерекше ғылыми әрі тәжірибелік маңызға ие. Өйткені бұл топтағы балалардың аурушаңдық деңгейі жалпы балалар арасындағы сырқаттанушылық көрсеткіштерін айқындайды. Сондықтан аталған қатерлі топты дер кезінде анықтау және олармен жүйелі сауықтыру шараларын жүргізу балалардың жалпы аурушаңдық деңгейін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді, – дейді ғалымдар зерттеуінде.

Ал дәрігерлердің айтуынша, балаға ерте жастан смартфон беру – көзге елеулі зиян келтіруі мүмкін. Бас ішілік қысымның жоғарылауынан туындайтын асқынулар, гипертензиялық типтегі ангиопатия және көру жүйкесінің ісінуі көз түбінде өзгерістер тудырады. Осыдан-ақ бас ауруының көру мүшесіне қалай әсер ететінін аңғаруға болады. Сонымен бірге эндокриндік аурулардың (мысалы, зоб), сондай-ақ бүйрек дерттерінің де көзге кері ықпал ететіні белгілі.

Облыстық балалар ауруханасының дәрігері Айжан Бақбергенованың айтуынша, миопияның дамуы баланың иммундық жүйесі мен жалпы соматикалық денсаулық жағдайына тікелей байланысты.

– Колобома, катаракта, микрофтальм сияқты ақаулар туа бітті пайда болады. Шала туған нәрестелерде туа біткен миопия, гиперметропия, аралас астигматизм және глаукома жиі кездеседі. Көру қабілетінің алыстан нашарлауы – миопия деп аталады және ол балалар арасында өте жиі ұшырасады. Миопия тұқым қуалаушылық арқылы берілуі немесе бала туғаннан оған бейім болып келуі мүмкін. Уақыт өте келе көзге дұрыс күтім жасалмаса, бұл ақау үдеп, баланың жасына байланысты күшеюі ықтимал. Минус рефракцияның 40 жасқа дейін өсуі мүмкін екені де айтылады, – дейді дәрігер.

Ата-аналардың шағымы көп. Дәрігерге барсаңыз, ұзын-сонар кезек.

– Баламның қолынан смартфон түспейтін. Қолынан алсам жылайтын, ал мен тыныш болсыншы деп ұзақ уақыт бере бердім. Кейін оның телефонға тәуелді болып қалғанын түсіндім. Смартфонды тартып алсам жылап, қайта-қайта сұрайтын болды. Амалсыз қайта беріп жүрдім. Бір күні қасында тұрған затты алып беруін сұрасам, дәл жанында тұрғанын таба алмай қойды. Әуелде байқамаған шығар деп ойладым, бірақ көзінің дұрыс көрмейтінін аңғардым. Дәрігерге барғанымызда, уақытында келгенімізді айтты. «Бұдан былай смартфон ұстатпаңыз» деп қатаң ескертті. Содан бері мүлдем бермеймін. Жыласа да көнбеймін, өзі де үйренді. Ең бастысы – көз жанарын дер кезінде сақтап қалдық, әйтпесе ота жасатуға дейін баруы мүмкін екен, – дейді Ләззат Серікбайқызы.

Қазір екі баласы да смартфон ұстамайды. Тек 8-сыныпта оқитын үлкен ұлы сабаққа қажет кезде ғана қолданады, ал бос уақытта телефонға әуес емес.

  P.S Балаға смартфонды тым ерте жастан беру – оның көру мүмкіндігіне елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан ата-аналар гаджет қолдану уақытын шектеуі, үзіліс жасатуды қадағалауы және баланың көру гигиенасын қорғауы аса маңызды.

Мөлдір САБЫРЖАН

Фото: freepik.com 

Тағы да оқыңыз: