Kyzylorda-news.kz. Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Манарбек Қожахметовтың жасап жатқан жұмысы көпке үлгі. Өзінің массаж арқылы түрлі дерттің алдын алуға болатын қабілетін сезген ол бастапқыда үй-үйді аралап, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетті. Кейін елордаға барып, қытайлық профессор Чан Сиян Юден 3 ай дәріс алып, адам бойындағы басқа да түрлі дертті жоюдың тәсілін жетік меңгереді. 2016 жылы «Салта» кәсіпорнын ашып, жалағаштықтарға үздіксіз қызмет көрсетеді. 

Түрлі дертке дауа тапқан іскер азамат бастапқыда кент орталығынан ғимаратты жалға алады. Сол жерде 3 жылдай жұмыс жасаған Манарбек Қожахметов пен аяулы жары Салтанат Есенбаеваға түрлі дертпен келгендердің қатары көбейді. Алайда бұл нысанды қыс мезгілінде жылыту оларға қиынға соғыпты. Мәкеңнің үш жыл бұрын аудан орталығындағы көпқабатты үйлердің бірін жалға алуы да сондықтан. Біз барғанда Манарбек ағамыз жасқа толмаған балаға массаж жасап жатыр екен. Сөзінше, бұл баланың ұршығы жетілмеген. Ал баланың бойында бұл дерт қалып қойса, өскенде қиын болатын көрінеді. 

– Маған ата-аналар көбіне балаларын алып келіп жатады. Байқайтыным, олардың бойынан дисплазия ауруы жиі табылып жатады. Яғни ұршықтың дұрыс жетілмеуі. Оның үстіне қазіргі ата-аналар да, әжелер де балажан ғой. Оларды суға шомылдырғанда аяқ-қолын созуға жүрексінеді. Бірақ оларға да кінә артуға болмайды. Себебі қазір дүниеге келген балалардың көбісінің шеміршегі әлсіз. Оны тек массаж арқылы қалпына келтіруге болады. 6 жыл бұрын бастаған кәсібімнің жемісін көріп жатырмыз. Бірақ мен үшін бастысы – халықтың алғысы. Жұмысымның жүруіне оның да өзіндік себебі бар деп ойлаймын. Елордада оқуда жүргенде көбісін практикада меңгердім. Теория тек қай ауруға қалай массаж жасалады, сол айтылады. Практикада жиған тәжірибемнің көп пайдасы тиді, – дейді Манарбек Қожахметов.Отбасылық бизнестің аяққа тұруы бастапқыда қиын болыпты. Бұл тұста Салтанат Есенбаеваның үлкен көмегі тиген. Ол аудан орталығында жарнама үнпарақтар арқылы түрлі дерттің алдын алуға жұмыс жасайтындарын жалағаштықтарға жеткізген. Хабарласқан тұрғындардың үйіне барып ем-дом жасапты. 

Мәкең кейін кәсібінің көкжиегін кеңейту үшін мемлекеттен 1 млн теңге қайтарымсыз қаражат алған. Бұл абзал жанның әрі қарай да жұмысының ширауына айтарлықтай қолғабыс болыпты. Келушілер қатарында кейін инсульт алғандар да табылған. Ал оларды аяққа тұрғызу үшін қажетті аппараттар қажет. Осы ретте Манарбек Қожахметов мемлекеттен тағы да 2 млн теңге қаржылай қолдау тапқан. 

– Иә, келушілер қатарында инсульт алғандар да болды. Ондайлар әлі де келеді. Кейбірі аяққа тұрып жатыр, алғыстан басқа айтары жоқ. Оларда мынадай түсінік бар, аяқ-қолдан жан кетті деген. Алайда мүлде олай емес, аяқ-қолда жан болады. Тек оның қимылын жүзеге асыру үшін ми жұмыс жасау керек. Біз массаж арқылы осыны қамтамасыз етеміз, – дейді ол.
Қожахметовтер отбасы қазіргі таңда кент іргесіндегі Ақсу ауылына алып баратын жолдың бойында үлкен ғимараттың құрылысын бастап кетті. Құрылысы аяқталған бойда кәсібін сонда көшірмек. Бір жағынан оның көкжиегін кеңейту де жоспарда бар. Іскер азамат мемлекеттен екі рет қолдау тапты. Бұл – тек кәсіпкерге жасалған қолдау емес, бір жағынан халықтың табысын арттыруға қосылған тамшыдай болса да үлес. Мәкең тағы да мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болса, басқа да жобаларын жүзеге асыруға ниет етіп отыр.

Тағы да оқыңыз: