Kyzylorda-news.kz. Жаздың жайма шуақ күндерінде аталып өтетін мерекелер аз емес. Соның бірі – медицина қызметкерлерінің күні.  ­Маусым айының үшінші жексенбісі – елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі дәстүрлі түрде аталып өтеді. Бұл – әр секунд сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-қайратын салатын және өмірі арпалысқа түскен адам тағдырына араша түсуші абзал жандардың төл мейрамы. Осы күні мыңдаған дәрігер мен аталған саланың қызметкерлері мерекені асыға күтетіні жасырын емес. Аудандық мәдениет үйі сейсенбі күні халыққа лық толды. Емен-жарқын, көтеріңкі көңіл-күйдегі жандар, құшақ-құшақ гүлдер, құттықтаулар легі. Бұл құрметтің барлығы өздеріңіз байқағандай ақ халатты жандарға арналды. Нақ осы құрметке жауапкершілікті аса қажет ететін маман иелері лайық-ақ. Осыған орай, аудан көлемінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынға ауданның денсаулық сақтау саласының мамандары мен ардагерлері жиналды.

Медицина мамандарына арналған мерекелік шара аудандық аурухана мен емхананың күнделікті күйбең тірлігі көрсетілген бейнежазбамен басталды. Арнайы мәдениет қызметкерлері түсірген бейнебаянда аудан тұрғындары және аурухана емделушілері ақ халатты абзал жандарға алғыс айтты. Сонымен қатар, аудандағы аурухана қызметкерлері туралы аз-кем мәлімет берілді. Жанға шуақ, көңілге қуаныш сыйлаған бейнероликтен кейін аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы сөз сөйледі.

«Сіздерді  кәсіби төл мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Дәрігер – адам жанының арашасы, жер бетіндегі сан алуан кәсіптің ішіндегі ең ізгі, ең қастерлі мамандықтың иесі. Мұның өзі, осынау шапағаты мен машақаты қатар жүретін, қадірі мен қасиеті мол мамандықтың маңызын көрсетсе керек. Ал оның иесі болу – сіздер үшін үлкен мәртебе болуы тиіс. Бұл мерекені сіздердің ерен еңбектеріңіздің дүйім жұртшылықпен бағаланатын күні деп есептеуге болады. Толассыз еңбектеріңіздің өлшемінде өмір қуанышымен қайта қауышқан талай жандардың тағдыры тұр. Сондықтан біз өз тарапымыздан ауданымыздың медицина саласын дамытуға, дәрігерлер жұмысының сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды күшейтетін боламыз», – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар аудан ауруханасының жеткен жетістіктерімен және жоспарыларымен бөлісті. Нұржан Сәбитұлының айтуынша, өткен жылы Ұлттық аккредиттеу орталығы эксперттері жүргізген сараптаудың нәтижесінде Шиелі ауданаралық ауруханасы республикадағы үздік екі ауданның бірі болып, І санатты көпбейінді аурухана статусын алған. Әрине, бұл – аудан медицинасының, оның ішінде ақ халатты абзал жандардың еңбегінің жемісі. Дәрігерлерге арналған ізгі тілектің ізін Шиелі ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әмір жалғастырды.

«Құрметті әріптестер және қонақтар. Бүгінгі медицина саласының мерейтойына келіп, біздің қуанышымызды бөлісіп отқандарыңызға үлкен алғысымды білдіремін. Медицина саласы – жауапркешілігі мен ауыртпалығы көп жұмыс. Осы саланың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан дәрігерлер мен медбикелерге мың алғыс», – деп ақжарма тілегін айтты аурухана басшысы.

Абзал жандар ардақталған шара ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил мен «Өскен өңір» редакциясы және ақпарат агенттігінің бас редакторы Нұрболат Пірімбеттің дәрігерлерді құттықтау сөзімен және ыстық ықыласын жеткізумен жалғасты. 

Әрмен қарай салтанатты шарада қиындығы мен қуанышы мол қызметте абыройлы еңбек етіп, халық алғысына бөленіп жүрген ақ желеңділерді марапаттады. Атап айтар болсақ, «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атағымен ауданның денсаулық сақтау саласының ардагері Б.Күлімбетов, «ҚР Құрметті азаматы» атты республикалық байқауының жеңімпазы атанып, І орын дәрежелі дипломмен Шиелі денсаулық сақтау саласы ардагерлер төрағасы С.Исламов, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздігі» төс белгісімен бөлім меңгерушісі, ¬реаниматолог дәрігер Б.Болатов, ҚР-ның жедел медициналық жәрдем қауымдастығы «Үздік қызметкер» төсбелгісімен бас дәрігердің бастапқы санитарлық медициналық көмек жөніндегі орынбасары Қ.Шәукебаев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Құрмет грамотасы» бөлім меңгерушісі, акушер-гинеколог дәрігері Ғ.Әшімов иеленді. Мереке қарсаңында өзге де медицина мамандарына алғыс хат пен құрмет грамотасы табысталып, мерейі үстемдей түсті. Сондай-ақ мерекелік шарада айтулы күнге арнап ұйымдастырылған медицина саласы қызметкерлері арасындағы спартакиаданың қорытындысы анықталып, жеңімпаздарды қаржылай сыйлықпен марапаттады. Мәселен, ерлер арасындағы қол күрестен І орын жалпы тәжірибелі дәрігерлік бөлім мейіргері Б.Ниязхановқа бұйырды. Ал ІІ орынды психиатрия бөлім мейіргері Б.Молабеков алса, шаруашылық бөлім жұмысшысы Н.Миндакулов ІІІ орынды қанжығасына байлады. Ал әйелдер арасындағы қол күрестен қабылдау және жедел медициналық көмек бөлімі фельдшері Г.Ескулова І орын, аудандық емхана бөлімі мейіргері Ә.Баймұратова ІІ орын, Көкшоқы ауылдық емханасы әлеуметтік қызметкері Г.Ермаханова ІІІ орын иеленді. Жұмыс пен үй шаруасын, одан қалды қызметтен тыс шараларға белсене қатысып, көптің көңілінен шығып жүрген медицина мамандары осылайша марапат мінберінен көрініп бір марқайып қалды.

Адам жанын жылы сөзімен, шипалы қолымен емдей білген дәрігерлердің мерекесі әрмен қарай әдемі әнмен ұласты. Аудан өнерпаздары ақ халаттыларға арналған өміршең өлеңдерін шырқап, әуен арқылы алғысын айтқандай әсер қалдырды. Залда отырған дүйім халық медицина мамандарына да, өнерпаздарға да ризашылығын ду қол шапалақпен білдіріп отырды. Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтылмаған. Аяқ астынан ауру алқымнан алып, төсекте тырп етпей таңылып қалсақ, осы уақытқа дейін жиған дүниеміз де, қалтамыздағы қаржымыз да құнсыз болып қалады. Сондықтан бірінші байлығымыз саналған денсаулықты жауапты мамандарға сеніп тапсырамыз. Ал денсаулық сақтау саласының қызметкерлері сенім үдесінен шығып, аурумен арпалысып келеді. Олай болса, өзінің біліктілігі мен білімінің арқасында қаншама өмірдің шырағын қайта жаққан дәрігерлердің жұмысына сәттілік тілейміз!

Тағы да оқыңыз: