Kyzylorda-news.kz. Дана халқымыз «Ас тұрған жерде – ауру тұрмайды» дейді. Ақиқат, ас бар жерде ешқандай ауру жоқ. Бірақ мына заманда олай айтуға болмайды. Өйткені қазір тауарлардың ғана емес, тамақ өнімдерінің де сапасы сын көтермей тұр. Жуырда осыған байланысты және 7 маусым Дүниежүзілік тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі күніне орай «Қауіпсіз тағам таңда» атты акция өтті. Акцияны аудандық санитариялық-эпидемологиялық бақылау басқармасының мамандары да жүйелі түрде жүргізіп, он күндік науқан аясында түрлі шаралар өткізіп, аудан тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Ауру – астан». Әсіресе, елімізде орын алған эпид ахуалдан кейін тамақ өндірісіне қауіп жоғарылады. Қазір дүкен сөрелерінде самсап тұрған азық-түлік тауарларын да, көкөністер мен жеміс-жидектерді де емін-еркін жеуге қорқасың. Себебі олардың құрамында нитрат бар. Нитрат – көбінесе көктем мен жаз айларында сатылатын құлпынай, қарбыз, қауын, қызанақ пен қиярда көп болады. Ал мұндай өнімдердің сырты тәбет тартарлықтай көрінгенімен, адам ағзасына өте қауіпті. Әрине, олардың барлығы арнайы қаптамада, дәрі-дәрмектер арқылы егілетін болғандықтан, ерте піседі. Жер ананың көмегінсіз, мезгілсіз піскен жемістер мен көкөністерге деген сұраныстың қашан да жоғары болатыны белгілі. Сондықтан оларды тұтынбас бұрын әуелі арнайы тексерістен өткізген абзал. Осыдан бірнеше күн бұрын аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары Ұлттық сараптама орталығының аудандық бөлімшесімен бірлескен бұйрыққа сәйкес, сондай-ақ онкүндік акция аясында азық-түлік тауарларының сапасын анықтау мақсатында арнайы тексеру жұмыстарын жүргізді.

Санитарлық-эпидемилогиялық тексеру жұмыстары ең әуелі «Сыр Ұланы» тынығу лагерінен бастау алды. Мұнда жазғы лагерге келген балалардың күнделікті тұтынатын тағамдары, көкөніс пен жеміс-жидектер экспресс әдіспен нитратқа тексерілді. Сондай-ақ сала мамандары балаларға тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі, тағамнан улану, сапасыз өнімдерден қорғау, жеке бас гигиенасын сақтау, жедел ішек инфекцияларының алдын алу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, дәрістер оқыды.

Науқан бұдан әрі «Әбдіманап базары» атындағы орталық базарда өз жалғасын тапты. «Қауіпсіз тағам таңда» атты акцияның барысында базарға келген тұрғындарға, сатып алушыларға арнайы үн парақтар таратылды. Бұдан бөлек тамақ өнімдерінің бөлшек сауда нысандарының жеке кәсіпкерлері арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ радиоәдіс арқылы қауіпсіздіктің алдын алу жүйесі баяндалды. Ал аталған тексеру жұмыстары кезінде базарда сатылатын көкөніс пен жеміс-жидектерден 75 үлгі, сүт өнімдерінің қышқылдығынан 10 үлгі, ет өнімдерінен 15 үлгі алынып, тексерілді. Даброраториялық зерттеулер жүргізіліп, үлгілік зерттеу алынды. 
Нәтижесінде базарда сатылып жатқан қарбыз, құлпынай, өрік, пияз сынды өнімдердің қауіптілігі жоғары екендігі анықталды. Осы іс-шара жосарына сәйкес, кент орталығында орналасқан «Қазына» сауда үйінде басқарманың, аудан¬дық сала мамандарының қатысуымен зерттеу жұмыстары өз жалғасын тапты.

«Қазіргі таңда Дүниежүзілік тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі күніне орай «Қауіпсіз тағам таңда» атты халықаралық ауқымдағы түрлі іс шаралар акциясы жүргізілуде. Аталған акция Шиелі ауданында да қарқынды жалғасын тауып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, азық-түліктің сапалы болуы – аса маңызды. Сондықтан әрбір тұтынушы дүкендерден, немесе сауда орындарынан өздеріне қажетті тамақ өнімдерін сатып аларда сақ болған жөн. Біз осы тақырыпқа байланысты аудан халқына арнайы үн парақтар таратып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, жемістер мен көкөністерден экспресс тексеру сынамасын алдық», – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысының орынбасары Гүлстан Болатова.

Иә, «Сақтансаң – сақтаймын» деген сөз де жан бар. Басқа айларды есепке алмаған күннің өзінде, жаз – түрлі дәрумендерге бай болатын мезгіл болғанымен, өте қауіпті ай. Өйткені – жаңа піскен өнімдерде түрлі инфекциялық вирустар болуы әбден мүмкін. Оның үстіне жуылмаған жемістерде қауіп жоғары. Ал мезгілінен бұрын пісетін көкөністердің құрамында нитрат жоғары. Мұның барлығы асқазанның жарасы, бауыр, өт жолдарын нашарлатуы бек мүмкін. Сол үшін ас ішерде абай болайық, қымбатты оқырман!

Тағы да оқыңыз: