Kyzylorda-news.kz. Елімізде маусымның әр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Адамзат тарихындағы ұлы мамандықтардың бірі – дәрігерлік. Кеселмен күресіп, жанға шипа табатын ақ халаттылар тек мереке қарсаңында ғана емес, күнделікті өмірде де құрметке лайық. Әрине, ауруынан құлан таза айығып, денсаулықтың қадірін түсінетін әр адам өз бетінше дәрігерлерге алғыс айтып жатады. Жыл сайын мемлекет те медицина қызметкерлерін ескерусіз қалдырмай, мерекені атап өтеді.

«Дені сау адам – қоғам байлығы» деген халқымызда дана сөз бар. Сол байлығымызды сақтауға, сапасы мен санын арттыруға, халқымыздың дені сау, ойы сергек болып қалыптасуына дәрігерлердің үлесі көп. Бүгінде Шиелі ауданындағы ақ халаттылар ауырып ем іздеген әр адамға ем-дом көрсетіп, аяғынан тік тұрып кетуіне қолдан келген көмегін жасап келеді. Аудан көлемінде 1 аудандық аурухана, 2 ауылдық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 Көкшоқы, 1 жалпы тәжірибелік бөлім, 19 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық бекет, 3 фельдршерлік-акушерлік бекет қызмет көрсетеді. Осылардың қай-қайсысында болсын адам саны үзілген емес. Таңның атысы, күннің батысы медицина қызметкерлері басы ауырып, балтыры сыздағандарға көмек қолын созуға дайын.  Осыған байланысты жыл сайын аудандық аурухананың да ахуалы жақсарып келеді. Себебі адам жанын емдеуде қателесуге, мүлт кетуге болмайды. Ал аурудың атын нақты анықтап, дұрыс диагноз қою үшін ең біріншіден соңғы технологиялар болуы керек.  Өткен жылы ауруханаға қажетті 157 218 000 теңгеге құрал-жабдықтар алынғаны мәлім. Осының нәтижесінде биылдан бастап компьютерлік-томография аппараты іске қосылып, Шиелі халқына тексеру-диагностикадан өту оңайға соқты. Ал 2023 жылға құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету пайызын одан әрі көтеріп, халыққа жоғары технологиялық аппараттарды қолжетімді ету мақсатында жалпы соммасы 1 873 971 теңге болатын медициналық құралдар алу көзделіп отыр екен. 

Аудан орталығынан орын алып, 2019 жылы пайдалануға берілген аурухана да халық игілігіне жарап отыр. Жаңа құралдармен жабдықталып, жаңа бөлімдермен толыққан аурухана мен емхана пайдалануға берілгенде көпшіліктің қуанышында шек болмаған. Әрине, таза, жаңа жерде жұмыс істейміз деп медицина қызметкерлері де қуанғаны өтірік емес. Сондай-ақ Бала би, Досбол би, Бұланбай бауы елді мекендеріндегі тұрғындардың да қуанатын күні жақын. Себебі, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық Ұлттық жобасына сәйкес аудан көлеміндегі жоғарыда аталған үш ауылға жаңа ғимарат осы жылдың аяғына дейін беріледі. Ал  Тәжібаев, Алмалы, Ортақшыл, Тартоғай, Бестам елді мекендеріндегі дәрігерлік-амбулаторияның құрылысы 2024 жылға жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС-нің демеушілігі есебінен Ш.Қодаманов елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаториясына 1 дана жедел жәрдем көлігі сыйға тартылмақ. 

«Ауырып жазылған жан – олжа, жоғалып табылған мал – олжа» демекші адам үшін ең бас¬ты орында тұратын  – денсаулық. Осы «олжаны» сіз бен бізге сыйлайтын, оны ауырлықтан шығарып алып беретін аудан дәрігерлері мен медбикелері. Қазіргі таңда аудан көлемінде 195 дәрігер, 889 орта буынды медицина қызметкерлері өзгенің жанын аман сақтау үшін өз жанын отқа да, суға да салып еңбек етуде. Жауапкершілік жүгі ауыр маман иелерінің жұмысын сәл де болсын жеңілдету мақсатында және аурухананы көпбейінді ауруханаға айналдыру үдерісіне байланысты алдағы уақытта тағы да жаңа аппараттар алу ілкімді істердің тізімінде тұр. Ол аппараттардың атын атап айтар болсақ, магнитті-резонансты томограф, ангиограф, эксперт классты УДЗ аппараты, Фиброгастроскоп, Фибробронхоскоп, Неонатологиялық жинақ алынатын болады. ХХІ ғасыр талабына сай тұрғындар да алдағы уақытта соңғы нұсқадағы аппараттармен тексеруден өтіп, денсаулығын дендеген дерттен жылдам әрі оңай құтылады деген ойдамыз. 

Дәрігерлер – бүгінгі күннің батырлары. Олар күннің қандай мезгілі болса да, қандай мерзімі болса да алдына келген адамды емдемей қайтарып жібермейді. Тіпті түнгі ауысымға қалып, жедел түрде көмекке зәру тұрғынды да қабылдап алып қалатына көзіміз куә. Сол себепті ақ халат пен ақ пейіл, адал жүрек иелеріне қандай алғыс айтсақ та артық емес.

Тағы да оқыңыз: