Kyzylorda-news.kz Шиеліде өткен «Ашық есік» күні тұрғындар үшін тиімді мүмкіндікке айналды. Жолдамасыз және тегін ұйымдастырылған қабылдау барысында бір күннің өзінде 142 адам дәрігер қарауынан өтті.
7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасында «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – тұрғындардың денсаулығын нығайту, аурулардың алдын алу және профилактикалық тексерулердің маңыздылығын арттыру.
Шара барысында онколог, уролог, гинеколог, жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) мамандары қабылдау жүргізді. Тұрғындарға тегін медициналық тексеруден өтіп, өз денсаулық жағдайын бақылауға мүмкіндік берілді.
Айта кету керек, қабылдау медициналық сақтандыруға қарамастан, жолдамасыз негізде ұйымдастырылды. Қажет болған жағдайда пациенттерге тиісті медициналық кеңестер берілді.

Ашық есік күні аясында барлығы 142 адам әртүрлі сала мамандарына қаралып, профилактикалық тексеруден өтті.
Ақмая ауылының тұрғыны Күнсұлу Камалова шара туралы өз әсерімен бөлісті:
«Ашық есік күнінің ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде өтті. Қажетті кабинеттерге кіріп, тексеруден өтіп, дәрігерлік кеңестер алдық. Осындай шаралар алдағы уақытта да жиі өткізілсе екен», – деді ол.
Сонымен қатар, аудан мектептерінде оқушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда:
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде»
«Зиянды әдеттің денсаулыққа зияны»
«Салауатты өмір салтын ұстан»
«Тиімді тамақтану»
тақырыптарында семинарлар өткізіліп, бейнероликтер көрсетіліп, флешмобтар ұйымдастырылды.
Шара аясында №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп-лицейінің жоғары сынып оқушыларына арнайы семинар ұйымдастырылды. Кездесуде АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу, жұғу жолдары, қорғану шаралары және жауапты мінез-құлықтың маңыздылығы түсіндірілді.
Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Сонымен қатар ақпараттық материалдар таратылып, салауатты өмір салтын ұстану қажеттігі айтылды.
Мақсұт Ибрашев
