Kyzylorda-news.kz. Қан тапсыру акциясына Шиелі ауданы әкімі Нұржан Сәбитұлы Ахатов, аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков және ауыл әкімдері, мекеме басшылары мен қызметкерлері, бас аяғы 80-нен астам ерікті қатысты.
Алдымен, ақ халатты абзал жандар ерікті түрде қан тапсырушы азаматтардың денсаулық жағдайын жан-жақты тексерді. Содан соң керекті мөлшерде қан алынып, артынша азаматтарға шай мен тәттілер ұсынылды.
Аудан әкімі "Қан тапсыру акциясының көмегімен қанға мұқтаж бір азаматтың болсын өмірін арашалап қалуға көмегіміз тисе, бізге содан асқан бақыт жоқ. Бүгін қан тапсыруға өз еріктеріңізбен келіп отырғандарыңызға алғысым шексіз", - деп барша ерікті азаматтарға алғысын айтты.
Мамандардың айтуынша, жаз маусымында донор қатары азаятын көрінеді. Сондықтан қанға мұқтаж науқастарға аудан тұрғындарының қолдауы ауадай қажет.
Жалпы, 18 жастан асқан денсаулығы дұрыс, қайырымды, ең бастысы адам өмірін сақтап қалуға көмегін беруге дайын кез келген азамат донор ретінде қан тапсырып, дәрігерлерден кеңес ала алады. Қан құю арқылы ғана өмірді сақтап қалуға болатын ауру түрі өте көп. Бұған гемофилия, қан аздығы, бауыр қатерлі ісігі пен күйік алу т.б. дерттерді қосуға болады. Аяқасты апат жағдайында немесе күрделі операция кезінде донор қанын құю қажеттілігі де жиі кездеседі. Әсіресе, донор қаны босанған ананың өмірін сақтап қалуға өте жиі қажет.