Kyzylorda-news.kz. Тағдыры сынап, жарымжандықтың тақсіретін тартып, тауқыметі мойнына ілінген балалар біздің елде де бар. Олардың жалпы саны 2017 жылғы дерек бойынша 144 783. Оның ішінде 96 555-і 6-18 жас аралығын қамтыса, 40 943-і алты жасқа дейінгі балалар. Ал Шиелі ауданында 2019 жылғы сәуір айындағы мәлімет 2321 жанның мүмкіндігі шектеулі екенін көрсетіп отыр. Бұл сандардың арасында І топқа жататын мүгедектер – 168, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулілер саны – 755 болса, ІІІ топтағылардың жалпы саны – 931. Оның ішіндегі 467-і 16 жасқа дейінгі балалар. Осы сандардан кейін мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуы және қоғам өміріне араласуы алаңдатады. Әрине, заң бойынша балалардың ғана емес кез келген азаматтың орта білім алуына құқы бар. Десек те, арқасына сөмке асынып, өздігінен мектеп табалдырығын аттай алмайтын бүлдіршіндер қалай және қайдан білім алады? 

Инклюзивті білім беру. Әуелі біздің ойымызға осы оралады. Себебі, бұл тек білім берумен ғана емес, денсаулығында кінәраты, ойында шектеуі бар бүлдіршінді қалыпты өмір сүру дағдысына баулиды. Инклюзия ең алғаш ХХ ғасырдың 70 жылдарынан бастау алған. Ал инклюзивті оқыту жайлы ереже 2006 жылдың 13 желтоқсанында БҰҰ-ның бас ассемблеясымен мақұлданып, «Мүгедектердің құқықтары туралы» ұйымның конвенциясына енгізілген. Бүгінгі таңда білім алуға деген мүмкіндікті кеңейтіп, мүгедек баланың ой-өрісін дамыту үшін өзге мемлекеттер әу бастан білек сыбана кіріскен. Мәселен, Ресей Федерациясы 1980-1990 жылдар шебінде-ақ инклюзивті білім беру мекемелерін аша бастаған. Ал Швецияда айрықша балалардың көбі оларға қолдау көрсететін қарапайым сыныптарға біріктірілген. Азуын айға білеген АҚШ-та мүмкіндігі шектеулі балаларға бар мүмкіндікті жасаған. Оның бірі – 1990 жылы қабылданған «Кемтарлығы бар тұлғалардың білім алуы туралы акт» заңы. Бұл бала қажеттіліктеріне жауап беретін халықтың білім беру жүйесіндегі тегін оқуға кепілдік береді. Аталған заң арнайы білім алуға құқық беріп қана қоймай, сондай-ақ қосымша қызметке ие етеді. Хорватия болса осы тектес заңды 1992 жылы қабылдаған. Бірақ мұндағы білім беру науқастың диагноз деңгейіне байланысты. Ауытқушылығы бар оқушылар жалпы немесе бейімделген бағдарлама бойынша  білім алады.  Алғашқы төрт сыныпта дамуы тежелген оқушылар қайта оқуға қала алмайды да, бір сыныптан келесісіне көшеді. Онда олар жекелей оқу бағдарламасы бойынша білім алуын жалғастырады. Бесіншіден бастап, сегізінші сыныпқа дейін арнайы білім беру мамандары және мұғалімдер баламен жұмыс істейді. Тағы айта кететін жайт, Хорватияда мүмкіндігі шектеулі мектеп түлектері ЖОО-ға түсуде басымдыққа ие. Олар өту балынан төмен көрсеткіш жинаса да, факультетке қабылдана береді. Мемлекет мұндай студенттің оқуын төлейді. 

Хош. Дүние жүзі бойынша инклюзияға сүйеніп, балалардың мүмкіндігін шектемеген біраз елді електен өткіздік. Енді Қазақстанда мүгедек балалардың білім алуы қандай деңгейде екенін саралап көрелік. Әлгінде қоғам өміріне етене араласа алмайтын балалардың жалпы санын сөйлеттік. Ал республикада сондай бүлдіршіндерге қызмет ететін 13 сауықтыру орталығы, 146 арнайы кабинет, 57 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес мекемесі бар. Ал арнайы оқу бағдарламасымен мектепте 88 899, мектепке дейінгі білімді 28 849 бала алып жатыр.  Сонымен қатар коррекциялық-педагогикалық көмек ерте жастан 4 360 бүлдіршінге көрсетілуде. Осындай қызметтердің арасында Шиелі ауданындағы ПМПК мекемесінің де үлесі бар. Бұл мекеме балалардың тиісті деңгейде білім алуын қамтамасыз етіп, арнайы мектептер мен мектепалды дайындыққа жолдама береді. Бүгінгі таңда аудандық кеңес мекемесі қараша айынан бастап 874 мүмкіндігі шектеулі баланы тіркеген. Олардың ішінде тірек-қимыл қызмет аппараты бұзылғандардың саны – 241, ал ақыл-ойы бұзылған балалар – 69, бұдан бөлек есту, көру қабілетін жоғалтқандар да осы мекеме қарауында. Сонымен қатар өзге де ауру түрлері бойынша тіркелгендер 206-ға жетеғабыл. Бүгінде ПМПК тіркеуінен өткен 155 балаға үйден оқытуға жағдай жасалған, ал әлеуметтік қызметті 110 бала көріп отыр. 874 баланың 93-і оңалту орталығында.  Орайы келгенде айта кеткен жөн, кейбір ата-аналар баласын кеңес мекемесіне тіркеуге асықпайды. Ата-ананың алаңсыз жүруінен баланың болашағына балта шабылып, сабақ оқу үрдісі төмендей беретінін ескерткіміз келеді. 

Жыл басында аудандағы мектептерге арнайы маман бөлінді. Бұл әрине, қуанарлық жайт. Себебі бұдан былай тілінің мүкістігі мен сөйлеу қабілеті нашар балалар білім ошағында жүріп-ақ қосымша сабақ алалады. Оларға арнайы логопед-дефектологтар көмектеседі. Сондай маманның бірі – Арайлым Бекмұханбетова. Ол қазіргі таңда №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінде жұмыс істейді. Өзінің айтуынша, сабақтан тыс уақытта 25-ке жуық оқушыны қабылдап, оларға әртүрлі жаттығулар жасатады. Сондай-ақ баланың ой-өрісін дамытып, есте сақтау қабілетін жақсарту үшін жаңылтпаштар жаттатуды да қолға алған. 

«Біз баланы 4 кезең бойынша оқытамыз. Оның біріншісі – дайындық уақыты, одан кейін дыбыстардың қойылуы. Осы екі кезеңнен соң дыбыстарды ажырату бойынша және машықтандыру тұрғысында жұмыс істейміз. Көбінесе балалардың «р», «қ», «ң» сияқты әріптерге тілі келмейді. Осыған орай әртүрлі жаттығу жасаймыз. Әр баланы кемінде жарты сағат қабылдап отырамыз. Егер кезең-кезеңнен өте алмаған балалар болса, оларды қайталап оқытамыз», – дейді логопед маман.  

Бүгінгі таңда баланың былдырлап шыққан тілі сол қалпында дамымай қалуы үлкен қауіпке айналып отыр. Бұрындары бір-екі әріпті айта алмау қалыпты жағдай саналса, қазір бұл бес қайнаса сорпасы қосылмайтын сөздердің бір-бірімен араласып кетуіне кесірін тигізеді. Сондықтан бала тілінің сауатты шығуын балабақшадан бастап қолға алу керек. Осы орайда аудандағы «Айналайын» және «Жадыра» балабақшалары да логопед-дефектолог маманмен қамтылған. 

Елімізде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы 97 мектеп бар, ал балабақшаның саны – 42. Десек те, бұл балалар үшін барлық жағдай жасалғанын көрсетпейді. Өйткені, қарапайым мектептерде мүгедектерге ыңғайлы пандус пен әжетхананың жайы сын көтермейді. Ал кабинетте арнайы жабдық жоқтың қасы. Сөз арасында дамыған мемлекеттерде инклюзивті білім берудің қаншалықты қолға алынғанын мысал еткенбіз. Ал бізде инклюзия әлі теория жүзінен аса алмай тұрғаны өкінішті.

Тағы да оқыңыз: