Kyzylorda-news.kz. Мүгедектіктің құрығына түсіп, жарымжандықтың тақсіретін тартып, тауқыметін мойнына іліп жүрген жандар қаншама?! Әрине, әркім өзіне тиесілі тағдырды таңдап алмайды. Қоғамда қанша адам болса, сонша тағдыр иесі бар. Кейбіреулері арбаға таңылып, қос аяғынан айырылып жатса, енді біреулері жанарынан, қолынан, я болмаса өзге де дене жарақаттарын алып жатады. Бірақ айналамызда 12 мүшесі сау болса да мүмкіндігі шектеулі жандай қаннен-қаперсіз жүретін адамдар да жоқ емес. Осындай да қайсысының нағыз мүмкіндігі шектеулі екен деп ойланып қаласың. Себебі өз еркімен жүріп-тұра алмайтын адамдардың әрқашан тырысып, жетістікке жетуге талпынып жатқанын жиі байқаймыз. Ал тепсе темір үзетін, денсаулығында бір кінәраты жоқ кей кісілердің өмірге деген талпынысын сезінудің өзі қиын. Сондықтан болар қазір қандай жұмыс атқарылатын болса да, мүгедектікі бар жандарды да ескерусіз қалдырмай келеді. Тіпті арнайы топ өкілдеріне арнап әртүрлі спорттық шаралар, концерттер мен байқаулар да ұйымдастырылуда. Бұл да кедергісіз қоғам қалыптастыруға талпыныс.
Әлгінде айтқанымыздай, өмірдің бір сарынды немесе бір түсті болуы мүмкін емес. Ақ пен қара бірге жүретін секілді, адамдардың арасында да әртүрлі жағдай болып жатады. Мәселен, Шиелі ауданында 2382 мүмкіндігі шектеулі адам тіркелгенімен, оның барлығын бірдей жұмысқа жарамсыз, яки төсекке таңылып жатып қалған деуге болмайды. Олардың өзі ішінара бірнеше топқа бөлініп, өздеріне тән кәсіппен, хоббимен айналысып келеді. Тіпті арасында 124 адам еңбекке қабілетті. Жылдың басынан бері оның 36-ы ақылы қоғамдық жұмыспен айналысса, үшеуі әлеуметтік жұмыс орындарына, бесеуі жастар практикасынан өтуге уақытша жұмысқа жолдама алған. Демек аты мен анықтамасы ғана мүмкіндігі шектеулі демесеңіз, өзгерелер сияқты олар да қоғаммен тығыз байланыста болып, ел қатарлы жұмыс істеуге қауқары жетеді. Қуаныштысы, олардың арасында «Мен арбаға таңылдым, яки мүгедекпін. Маған барлығы көмектесуге міндетті» деп алақан жайып отырған ешкім жоқ. Керісінше, білсем, көрсем, үйренсем деген талпыныстарын тез-ақ аңғаруға болады. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арасында 79-ы қазіргі кезде «Бастау-Бизнес» кәсіпркерлік негізінде оқыту курстарын онлайн түрде оқып, сертификат иегері атанған. Олардың ішінде 12-не қайтарымсыз грант тағайындалып үлгерді. Кәсіп ашамын деген жанның қолдаушысы бар екеніне бұл да бір дәлел. Бұдан бөлек 4 мекемеге 4 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.
Онсызда тағдыр шекесінен тартып, шаңышқысын шалт қадаған жандарды қоғам кеудесінен кері итермеуі керек. Иә, кейде айналамыз қатігезденіп денсаулығында кінәраты бар адамдарды қолын шошайтып көрсетіп, көңіліне тиер ауыр сөздерді де айтып жатады. Бірақ қазір мүмкіндіктер заманы. Технология қарыштап дамыған заманда «Мүмкін емес» деген сөзді айтуға болмайды. Тіпті мемлекеттің өзі тағдырдың сынына ұшыраған жандарды ерекше қамқорлығына алып, олар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға тырысып келеді. Мысалы, Шиелі ауданында «Үміт» мүгедектер қоғамдық қорымен келісім жасалып, жыл басынан бері үздіксіз әлеуметтік такси қызметі көрсетілуде. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін ғимараттарды пандустармен, бейімделген лифтілермен, дәретхана және көзі көрмейтіндерге арналған бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстар атқарылуда. Бұған қоса, 33 объектіні стандартқа сәйкес жөндеу де кезек күттірмейтін іс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан ешкімнің құқығын шектемеу керек» деп ерекше күтімді қажет ететін жандарға ыңғайлы орта қалыптастыру керегін тапсырған. Әрине, мүгедектерді жұмыспен қамту я болмаса кәсібін әрмен қарай дөңгелетіп алып кету оңай емес. Бірақ дамыған елдердің бәрінде еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандар қысылмастан жұмыс істейді. Бұл мемлекет үшін де, мүгедектер үшін де, қоғам үшін де тиімді. Алайда кейбір жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі десе бұрылып қарағысы да келмейді. Осыдан кейін олардың сағы сынып, өмірге деген құлшынысы құлдырайды. Сондықтан алдағы уақытта елімізде бұл мәселеге баса назар аударылып, әрбір жан үшін кедергісіз орта қалыптастыруға тырысу керек. Себебі олар мейірімді, көзқарасы, ой-тұжырымы, түйсігі бөлек жандар. Бойындағы күш-жігер, іштегі бұлқынысы оларды өмірді ынта-шынтасымен сүюге жетелейді. Ал қоғам сол жандардың жарық дүниеге деген махаббатын сөндірмей, керісінше серпін беруі керек.