Kyzylorda-news.kz. Халық санының өсуі – кез келген мемлекет үшін маңызды мәселе. Қай елдің болса да өркендеуіне халық саны ықпал етеді. Осы орайда Мемлекет басшысы да жыл сайынғы Жолдауының бiр тармағын үнемі демографиялық ахуалға арнайды. Статистикалық деректерге сүйенсек, халық санының өсуі бірінші кезекте туу көрсеткішіне және ана мен бала денсаулығына тікелей тәуелді. 

Қазақстанда соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25 пайызға артқан. Сондай-ақ күн сайын елімізде 1000-нан астам сәби өмірге келеді екен. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 400 мыңнан асып жығылады. Ана өлімі соңғы 25 жылда 4 есеге азайған. 1990 жылы 1 жасқа дейінгі 9696 бала қайтыс болған. Бұл сол жылы туған бала санының 26,4 пайызын құрайды. Дәл осы жылы тірі туған 100 мың балаға шаққандағы ана өлімі 55-ті көрсеткен. Ал 2016 жылы бала өлімі 8,6 пайызды құраса, ана өлімі туған 100 мың бала бойынша 12,7-ге сәйкес келген. Бірақ бұнымен көңіл көншіте алмаймыз. Себебі соңғы жылдары ТМД елдерінің ішінде сәби өлімінің тіркелуі бойынша Қазақстан алдыңғы қатарда. Дерек те әрқилы. Мысалы, елде сәбидің дүниеге келу дерегі артқанымен олардың шетінеп кету көрсеткіші көбейген. Демографиялық ахуалдың күрделенуі, халық санына да бұл фактордың әсері мол. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасы бойынша, Қазақстан ана өлім-жітімі санынан әлемде 42-орында, ал бала өлімі бойынша 79-орында екен. Сенбеске амал жоқ. Себебі облыста жыл басынан бері 3 ана өлімі тіркелген. Өткен жылы 10 ана, 2020 жылы 12 ана дүние салған. Ал Шиеліде биыл ана өлімі тіркелмеген, ал былтыр 1 ана ажал құшқан. Есесіне сәбилердің шетінеуі азаймай тұр. Мәселен биылғы 6 айдың өзінде ауданда 7 бала өлімі тіркелген, ал былтыр олардың саны 4-еу болса, 2020 жылы 9 сәби мерзімінен бұрын өмірден озған. Көпшілігі 2 жасқа дейінгі сәбилер. Статистикаға сүйенсек, негізінен анасының құрсағынан шыға салып, дүниемен қош айтысып жататындардың көбі жүйке жүйесінде ақауы бар шақалақтар екен. Одан соң туа бітті жүрек аурулары мен тыныс жолдары зақымдалған сәбилер жиі ажал құшатын көрінеді. 

Ақпарат үшін айта кетейік, аудан бойынша –  38775  әйел болса, оның 16435-і туу жасындағылар.  Ал биылғы жылыдң алғашқы 6 айында  998 ана босанып, 1009 сәби дүниеге келген. Былтыр тиісті мерзімде босанғандардың саны – 932. Дәл қазір аудан бойынша балалар саны – 27762-ні құрап отыр. 

Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Гүлназира Сүлейменова: Жүктіліктің жүгі ауыр

– Бала өлімінің ең басты себебі ерлі-зайыптылардың жүктілікті жоспарламауында. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған бағдарлама бойынша жүктілікті алдын ала жоспарлау керек. 3-6 ай бұрын фолий қышқылын ішу керек. Сол кезде балада ұрықтың даму ақаулары болмайды. Біздегі ең өзекті проблема – әйелдердің жүктілікті жоспарламауы. Мәселен әйел 2021 жылы алғашқы сәбиін босанса, келесі 2022 жылы қайтадан жүктілікпен келіп тұрады. Себебі бала зат емес, әйел босанған соң 3 жылға дейін демалу керек. Өйткені организмдегі физиологиялық құбылысты қайтадан қалыпына келтіру қажет. Жүктілік кезінде әйел бойындағы бүкіл қажетті витаминді бала өз бойына алады. Сондықтан өзі туған әйелдер 3 жыл, кесір тілігімен босанғандар 5 жыл  күтіну қажет. Біз әйелдер қабылдауға келген кезде жатырішілік зембілдер, контрацепция әдісін ұсынып, келесі жүктілікті жоспарлауды ұсынып жатамыз. Өкініштісі оны көбісі дұрыс түсінбейді. Нақты айтқанда жүктілікке жауапкершілікпен қарамайды. Ал жоспарсыз жүктіліктің соңы – қайғылы жағдайға ұласуы әбден мүмкін.

Жалпы біз қауіп тобындағы әйелдерді 9 топқа бөлеміз. Соның ең көп тараған тобы  – артериалық гипертензия. Қазір 2 әйелдің бірі осы жоғары қан қысымымен босанады. Бұл біздің жеген асымыз, ішкен суымыз, экологиялық ахуалымызға байланысты деп ойлаймын. Ең өкініштісі артериалық гипертензия бола тұрып, жыл сайын бала босанатындар азаймай тұр. Мәселен биыл тілкелген 7 бала өлімінің 4-еуі осы әйелдердің артериалық гипертензиядан толық емделмей, жүктілікті жоспарламауы салдарынан орын алған. Егер ана артериалық гипертензиямен босанған болса, келесі жүктілікке дейін толық емделу керек. Бірақ бізде керісінше, еш емделместен, араға бір жыл салып, қайта жүкті болып жатады. Ондай аналарды амалсыздан 23-24 аптада босандыруға мәжбүр. Себебі мұндай жағдайда миға қан құйылу қаупі өте жоғары. 

Сосын ауданда нәрстелердің ірі болып туылуы жиі кездесетін жағдай. Медицинада сәбидің салмағы 4000 граммнан артық туылса ірі болып есептеледі. Ірі салмақ анаға да, балаға да травма. Себебі әйелдің жатыры жиырылмай, қан кету қаупі 2 есе жоғарылайды. Ал баланың жатырдан шығуы қиын болады. Мұндай жағдайда көбіне кесір тілігіне жіберіп жатамыз. Сондықтан, аналар жүктілік кезде дұрыс тамақтануды қолға алса деймін.

Бала анасының құрсағында жатқанда пайда болған ауытқулардың кесірінен осындай жағдайға ұшырайды. Мәселен, жатырға инфекция түссе, тікелей баланың денсаулығына әсер етеді. Нәрестенің уақытынан бұрын туылуы немесе шетінеп кетуі осыған байланысты. Бұрын қыздар жастайы-нан тұрмысқа шығып, ерте жүктілікпен өміріне қауіп төндіретін болса, қазір жағдай керісінше өзгерген. 30-дан асқан ана алғашқы жүктілігімен келетін болса, дәрігерлер оларды арнайы бақылауда ұстайтын топқа жатқызады. Өйткені уақыт өте келе адам ағзасындағы гормондар азайып, элементтердің жетіспеуінен жүктілік кезінде қан қоюланады. Ананың қан қысымы қатты жоғарылап кеткенде, сонымен қатар қан қоюланып немесе қатты сұйылып кетсе, балаға оттегінің жетіспеушілігі пайда болады. Соның салдарынан ана да, бала да өлім құшады.

Ана мен бала өлімінің алдын алу үшін не істеу керек? 

Алдымен, емдеу профилактикалық шараларды іске асырушы мекемелерді үздік медициналық техникамен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет. Одан бөлек, маманның клиникалық дағдыларын жетілдіру де артық етпейді. Ана мен бала өлімінің алдын алуда дәрігерден бұрын, адамның өзіне деген жауапкершілігі үлкен рөл атқарады. Өйт-кені  жоғарыда аталған көп мәселенің бәрі уақытылы емдеу шарасын қолға алған кезде еш қиындықсыз шешімін табады. Тек уақытты ойын көріп, жүріп алмаған дұрыс. Ауылдық жерлерде уақыт тапшылығын алға тартып, дәрігерге көрінуді екінші орынға сырғыта салады. Жүктілікке бейқам қарау қайғылы жағдайларға ұшыратуы мүмкін.

Өткен жолы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та денсаулық сақтау саласы сараланған алқада өңірде ана мен бала өлімінің көбейгені алаңдатып отырғанын жеткізді. Келеңсіз көрсеткішті төмендету мақсатында дер кезінде тиісті іс-шаралар атқармаған денсаулық сақтау басқармасының басшысын қатаң сынға алды. Сондай-ақ, басқармаға мәселені шешетін кешенді жоспар әзірлеуге 10 күн уақыт берді.

– Тіркелген ана мен бала өлімі көрсеткішін тек табиғи факторларға, материалдық-техникалық базаға сілтеудің қажеті жоқ. Жауапкершіліктен құтылмайсыздар! Әрбір өлім-жітім – бір отбасының тағдыры, қасіреті. Бұл ретте, қысқа мерзімде көтерілген мәселе бойынша шұғыл және пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 10 күн ішінде ана мен бала өлімін төмендету мақсатында сала мамандарымен және ғылыми қауымдастық өкілдерімен мәселені жан-жақты зерделеп, кешенді жоспар әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Сонымен қатар, жүкті әйелдерге қауіп факторларымен және ауыр экстрагенитальды патологиямен кеңес беру үшін республика деңгейіндегі білікті мамандарды тарта отырып, консилиумдар ұйымдастыру қажет. Жүкті әйелдерді уақытында есепке тұрғызу және балаларға патронаж жасау жұмыстарын күшейтіп, әйелдер арасында жүктілікті жоспарлау бойынша түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Бұл мәселе 17 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да қызу талқыланғанын айту керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өкінішке қарай, сәбилердің өлімі көбейді. Ана өлімі де өсуде. Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды», – деді.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі перзентхананың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу күн тәртібінде. Себебі баланың шетiнеуi мен ананың бала үстiнен қаза табуының артуы – әлеуметтiк ахуалы төмен, экономикасы осал елдерге тән құбылыс. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жақында заманауи талаптарға сай перинаталдық орталықтар салынып, елдегі бүкіл перзентхана күрделі жөндеуден өтетінін хабарлады.

Министрдің айтуынша, кейінгі 10 жылда бала өлімінің көрсеткіші құбылып тұр. 2014-2015 жылдары күрт өсу тіркелген. Одан кейінгі 2 жылда қайта бәсеңдеп, 2019 жылы қайта өсім пайда болды. 

Ата-бабамыз әр отбасыға «өсіп-өн» деген тәлімді тілек жеткізуді ұмыт қалдырмаған. Неге? Өйткені «Адамның бір қызығы – бала деген». Баласының табанына кірген тікенді өзінің маңдайына қадалуын жөн көретін адам баласының перзент дегенде шығарда жаны бөлек. "Баланы анамен, ананы баламен сынамасын" деп күнде Жаратқаннан тілейтін де қазақ. Сондықтан әр шаңырақтан ананың аялы алақаны мен сәбидің сыңғырлаған күлкісі кетпесін.

Тағы да оқыңыз: