Kyzylorda-news.kz Ана мен бала денсаулығын сақтауға еліміздегі баса мән беріліп келеді. Бұл ретте медицинаның қарқынды дамуы өз септігін тигізуде. Бүгінде нәрестелердің айы-күні жетпей дүние есігін ашуы жиілеген. Ағзасы жетілмей дүние есігін ашса да, өмір сүруге ұмтылатын, оны жеңетін нәрестелер көп. Шала туған балалар – бұл медициналық және әлеуметтік проблема. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын олардың саны азаяр емес. Демек, дәрігерлердің көмегіне мұқтаж бөбектер қатары да көбейе түсуде.

Облыстық перинаталдық орталығында жыл басынан бері осы кезге дейін 400-ге жуық бала мерзімінен бұрын дүниеге келді. Орталықта шала туған сәбилерді күтуге, бағуға, оңалтуға қажетті жабдықтардың бәрі бар. 500-600 грамдық шақалақтарға өмір сыйлау дәрігерлердің дәстүрлі ісіне айналды десе болады. Айта кетейік, жыл басында бір жүкті ана 27 апта мерзімінде оперативті жолмен салмағы 570 грамм, бойы 32 сантиметр, алақанға сыятын шақалақты дүниеге әкелді. Өмір есігін ерте ашқан сәби ерекше күтімді, сапалы емдеуді, ұзақ уақыт бойы бақылауды қажет етті. Сол кезде ақ халаттылар баланың жанын сақтап қалу үшін барын салды. Ерекше күтімнің, білікті мамандардың, жоғары технологиялық құрал жабдықтардың арқасында аса ұқыптылықпен күтім жасалып, сапалы емдом жасалды. Үш айдан соң салмағы 2110 грамға жетіп аман-есен анасымен үйіне шықты. Міне, бұл орталықтағы жайттың бірі ғана.

  Неонатолог – сәби өміріндегі алғашқы дәрігер. Бұл мамандар жаңа туған нәрестелерді бақылап, емдейді. Шала туған нәрестелер жағдайында неонатологтар босануды қабылдап қана қоймай, басқа дәрігерлермен бірге сәбилердің өмірін сақтап қалуға атсалысады. Облыстық перинаталдық орталықтағы неонатология қызметі бойынша бөлім меңгерушісі Ләйла Бегалықызы: – Орталықта 500-600 грамнан басталатын шала туылған нәрестелер өмірге келді. Олардың терісі өте нәзік болады. Денесін ұстасаңыз, сол жер қызарып қалады. Шала туғандардың өздері мерзіміне қарай дәрежеге бөлінеді. Айталық, 500-999 грамдық сәбилер «экстрималды шала туған нәресте» деген дәрежеге жатады. Біздің аймақта бұл салмақта дүниеге келгендердің өмір сүру қабілеті 50 пайызды ғана құрайды. Әйткенмен осындай шақалақтарды аман алып қалу үшін күрестік. Оның өзі көп күшті қажет етеді. Оған қоса ата-анасының да ықпалы балаға тікелей әсер етеді. Туа салысымен балаға анасының уызын береміз. Іше алмаса да аузына тамызамыз. Арасында анасының кеудесіне де жатқызамыз. Өйткені бала оны сезіну керек. Жалпы аппараттағы емнен бөлек, осындай тәсілдерді пайдаланамыз. Өмірде нәрестенің шала туу себептері өте көп. Біріншіден, ол анасының денсаулығына тікелей байланысты. Мәселен, дені сау анадан дені сау бала дүниеге келеді. Дегенмен мерзімінен бұрын босануға түрткі болатын ең негізгі деген себептерді атап көрсетуге болады. Ең негізгілерінің бірі сыртқы факторларға, әсіресе, болашақ ана жұмысының химиялық, зиянды өндіріске қатыстылығына байланысты орын алады. Ұзақ уақыт тікесінен тік тұру, ұзақ жүру немесе бір қалыпта отыру өте зиян. Әйелдің ішкі жағдайы да, шектен тыс үрейлену, стресс, толқу тәуекелді еселендіре түседі. Сонымен қатар әйел мен ердің арасындағы жыныстық қатынас арқылы жұғатын инфекцияның түрі де себеп бола алады. Экологиялық аймақтың да әсері бар. Оған қоса әйел адам дұрыс тамақтанбаса да, әлеуметтік жағдай да үлкен рөл атқарады. Сондықтан болашақ ана бүкіл алаңдаушылықтар мен үрейлерді ысырып қойып, сабырлы болып, жақсы нәрсе ойлауы тиіс. Тағы бір айта кететін мәселе, жылданжылға шала туған шақалақтар саны азайып жатқан жоқ. Неге? Өйткені экологиялық аймақ болғандықтан әйелдердің денсаулығы да мәз емес. Ал босану жағына келсек, жыл артқан сайын оның саны төмендеп келеді. Карантиннің кезінде туу көрсеткіші жоғары болды. Бірақ одан кейін бұл көрсеткіш төмен түсті. Себебі қазір көбі жұмысбасты, күйбең тірлікпен жүр. Маман ретінде айтарым, болашақ аналар жүктілікті жоспарлау кезінде алдын ала дайындалу керек. Алайда көбіне қазақ әйелдері дайындала бермейді. Денсаулыққа қарамайды. Соның салдарынан шала туғандар саны артады, – деді бөлім меңгерушісі.

    Дені сау баланы өмірге әкелу үшін ананың денсаулығы маңызды. Болашақ аналар осыған баса көңіл бөлгені абзал.

– Мезгілінен бұрын босану – жатыр қабырғасынан дұрыс орналасқан плацентаның жартылай және толық бөлінуі, ұрық туылғанға дейін жүктілік немесе босану кезінде орын алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтауы бойынша егер жүктілік 22 апта және одан аса мерзімде тоқтатылса, ал нәресте салмағы 500 грамм және одан асса және жаңа туған нәресте 7 күн ішінде өмір сүріп кетсе, онда босану мезгілінен бұрын және іштегі нәресте салмағы экстрималды төмен болып саналады. Қазір мерзімінен бұрын босанып қалатын аналар саны көп. Әсіресе Жаңақорған, Арал, Қазалы аудандарында. Әрине, мұның түрлі себебі бар. Кейбірінің қан қысымы көтеріліп кетеді. Одан кейін уақытынан бұрын су кетіп қалуы мүмкін. Жалпы ерте босанып қоймас үшін әйелдер жүктілікті дұрыстап жоспарлауы қажет. Яғни денсаулықты күтуден бастау керек. Егер де оларда жүрек, бүйрек жағынан қосымша аурулары болмаса, әйелде ондай патология кездеспейді. Кей әйелдерде созылмалы бүйрек ауруы жиі кездеседі. Оған қоса қант диабетімен ауыратын нәзік жандар үшін де қауіпті. Сондай-ақ инфекция жұқтырған әйелдер емделмей келетін кездері де болады. Міне, соның салдарынан бала шала туылады. Тағы бір айта кететін мәселе, кей жағдайда босанған әйел баласын емізіп жүріп артынша тағы да көтеріп қойса, жатыр мойны жетіспеушілігі орын алады. Яғни жатыр мойны баланы ұстап түра алмайды. Мұның соңы ерте босануға алып келеді. Негізі мерзімінен ерте босанып қалған аналар ол үшін өздерін кінәламауы тиіс. Өйткені өзін кінәлау сезімі өмір шындығына шынайы қарауға кедергі келтіреді. Ал ананың жинақы әрі салқынқанды болуы бөбек үшін өте қажет. Ана сәбиге тыныштық, сүйіспеншілік, бәрі жақсы болады деген сенімділік бере алады. Себебі балалардың айналадағы құбылысты сезіп жататыны және біздің көңіл-күйіміздің оларға әсер ететіні белгілі. Сонымен қатар жас босанған анаға оның жақындарының, бөбектің әкесі мен өзге де туған-туыстарының қолдауы өте қажет, – деді акушер-гинеколог Сымбат Құлмағанбетова.

Аз салмақта туылған нәрестелерді күтіп-баптап, өмірге икемдеп, аман алып қалуда неонатолог-дәрігерлер мен балалар мейіргерлерінің еңбегі өлшеусіз.

– Өз тәжірибемде шала туған сәбилермен жиі кездестім. Есімде ерекше қалған бір жағдай бар. Бір нәресте 28-ші аптада туылып, салмағы шамамен 900 грамм ғана болды. Оған арнайы инкубатор мен тыныс алу аппараттары қажет еді, себебі өкпесі толық жетілмеген болатын. Осы сәбиге ерекше күтім жасалды, оның әрбір дем алысы мен дене қызуын қатаң бақылауда ұстадық. Содан ол шамамен екі жарым ай инкубаторда жатты. Осы кезеңде сәбидің салмағы 2 келіге дейін көтеріліп, өздігінен тыныс ала бастаған кезде ғана ауруханадан шығару мүмкіндігі туды. Нәресте ата-анасымен үйіне сау күйде оралуы үшін шамамен үш айдай күтім қажет болды. Шала туған сәбилер – бұл жүкті кезеңнің 37-ші аптасына дейін туған балалар. Олардың ағзасы толық жетіліп үлгірмегендіктен, ерекше күтімді қажет етеді. Сонымен қатар дене салмағының төмендігімен, тыныс алу жүйесінің толық қалыптаспауымен және иммундық жүйенің әлсіздігімен ерекшеленеді. Сол себепті біз әрдайым шала туған сәбилерге мұқият, арнайы күтім көрсетеміз. Бұл – біздің міндетіміз. Шала туған сәбилерге күтім жасау үшін ең алдымен жылы ортада ұстау, тыныс алуына көмектесу және тамақтандыру маңызды. Сәбилерді инкубаторда ұстау олардың дене температурасының тұрақты болуын қамтамасыз етеді, ал кейбіріне арнайы құрылғылар арқылы қосымша оттегі беріледі. Қоректендіру кезінде, егер олар өздігінен емізуді үйренбесе, зонд немесе арнайы бөтелкелер пайдаланылады. Сонымен қатар инфекциялардан қорғау үшін барлық процедуралар стерильді жағдайда жүргізіледі. Мерзімінен бұрын туған сәбилердің қалыпты дамып, жетілуі үшін ата-аналардың, дәрігерлер мен мейіргерлердің ынтымақтастығы өте маңызды. Осы бөлімде жұмыс істегендіктен әр балаға өз баламыздай қараймыз. Олардың өмірі үшін күресеміз. Кейіннен барлық қауіп артта қалып, олар үйіне аман-есен шығар кезде біз де қуанып жүреміз, – дейді мейіргер Айман Күлдеева.

Бүгінде әйелдер арасында темекі шегу «сәнге» айналды. Ол жүктілік кезінде нәресте денсаулығына теріс әсер етеді. Егер сіз жүкті болғанға дейін темекі шегіп, бірақ бала біткеннен кейін немесе жүктілік туралы білгеннен соң темекіні тастайтын болсаңыз, қиындықпен босану тәуекелі екі есе кемиді. Егер сіз жүкті бола тұрып, темекіні тастамасаңыз, нәрестеңіздің шала туу, әсіресе, 30 аптадан ерте туып қалу қаупі бар. Міне, осы мәселені де мамандар назардан тыс қалдырмады. Сонымен бірге әкенің темекі шегуі де қолайсыздықтар туғызады. Сондай-ақ болашақ ананың жасы да мерзімінен бұрын босану қаупін күшейтеді. Егер ол тым жас (15-18 жаста) немесе керісінше 35-40 жастан асқан болса, гормоналды теңсіздік салдарынан мерзімінен бұрын туу тәуекелі арта түседі. Жыныстық аурулардың да өзіндік салдарлары күшті. Сонымен қатар болашақ ананың диетасы, әсіресе, егер жүкті болғанға дейін ол ашығу тәсілін қолданып, арықтаумен айналысса, ол да айрықша назар аударуға тұрарлық. Мұндай әйелдерде гормоналдық қызмет зардап шегіп, күрт арықтау да көбіне-көп мерзімінен бұрын босану тәуекелінің факторына айналып жатады. Сондай-ақ, егер ананың жүрегі, бүйрегі немесе өкпесі ауырса, олар жиі асқынып тұрса, ол міндетті түрде бөбекке әсер етеді. Сондықтан ондай әйелдерге жүктілікті алдын ала жоспарлау және өз ауруларын мұқият емдету жөнінде кеңес беріледі. Жүктілік кезінде ота жасату мен жарақат алу, токсикоз да қауіпті.

Ал әлемдегі ең шала туған баланың салмағы – 244 грамм. Бір қуанарлығы, бала аман қалған. Сонымен қатар Германияда жүктіліктің 25 аптасында дүниеге келген, салмағы 250 грамм ғана болатын бөбекті аман алып қалудың сәті түскен. Ресейде бүгінде 500-700 грамм салмақтағы нәрестелерді аман алып қалуда.. Жоғарыда атап кеткендей, баланың шала тууы сирек кездесетін жағдай емес. Статистикаға сәйкес, жүкті әйелдердің 100 пайызының 5-10 пайызы шалабайларды дүниеге әкеледі. Осыдан біршама жыл бұрын шала туған балалардың тірі қалуы екіталай еді. Ал бүгінгі медицинаның қарқынды дамып жатқан уақытында салмағы аз, шала туған нәрестелер адам қатарына қосылып жатыр. 25 аптада, тіпті одан да аз аптада дүниеге келіп, небәрі 1000 грамм болып туатын балалар да бар. Медицинада мұндай балаларды «экстрималды шала туған нәресте» деп атайды екен.

Фото:bilim-all.kz

А.НҰРЛЫ

Тағы да оқыңыз: