Kyzylorda-news.kz. «Сақтауға қажет бір асыл болса – алдымен жүрегіңді сақта, өйткені өмір бастауы – сол жүрек» деген Уильям Гарвей. Әлбетте, адамзат ағзаның патшасы – жүрек екенін жақсы біледі. Оған келтірер күмән де, тағар айып та, туындар дау да жоқ. Әлгі кеудедегі жұдырықтай ғана жүректің жақсы болуы – саулықтың негізгі кепілі. Әсте, адам артқан жүкке, салған салмаққа қарамастан жүрек бәрін көтереді. Дей тұрғанмен, мұндай олқылықтар жиілейтін болса, дүрсілдің даусы да кеми бермек. Сайып келгенде, бүкіл сезім иірімдерін иіріп әкететін, оған иелік ететін жүрек болғандықтан, ол жай-күйге де әсер етпей қоймайды. Толқыныс пен қорқыныш, қобалжу мен уайым мұның бәрі организмді басқарып тұрған тірекке ықпал етеді. Асылында, көңілді толқытып, көкте қалықтатып жіберетін қуаныштың өзін естігенде «жүрегім жарылып кетердей болды» деп теліп айтар теңдессіз теңеуіміз бар емес пе?! Демек, қылп еткен сезімнің бәрі жұп-жұмыр жүректі айналып өтпейді. Сондықтан, біз ең батыл, ең нәзік деп қарастырған жүректің үздіксіз дүрсілі үзіліп кетпеуі керек.
Иә, адам ағзасындағы мотор өз жұмысын тоқтатын болса, өмір сапары тәмамдалды деген сөз. Түптеп келгенде, тірі адамның ең аяулы жері жүрек саналатындықтан сыздамағаны һәм жабырқамағаны орынды. Ағзада жүректің жүктеп алған қызметі көп, тіпті рөлі маңызды десек артық айтқандық емес. Мәселен, қан айналым жүйесі жүрекпен жапсарлас. Ал, күретамырдан шыққан қан бүкіл ағзаға тарауына түрткі болады. Сондықтан денсаулықта қандай да бір кінәрат табылса, дер кезінде ем жүргізуді қолға алған жөн. Бүгінде жүректен туындайтын аурудың түрі өте көп. Осы тұста салдары сан соқтырып, ақыры ажалмен аяқталмас үшін дәрігерлер дабыл қағып, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуде тартынған емес. 29 қыркүйекте дүниежүзілік жүрек күні жыл сайын бүкіл әлемде аталып өтеді. 1999 жылы Дүниежүзілік жүрек федерациясының бастамасымен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, ЮНЕСКО-ның және басқа да мүдделі ұйымдардың қолдауымен алғаш рет «Дүниежүзілік жүрек күні» ұйымдастырылды. Әлем бойынша инсульт, жүректің ишемиялық ауруы, перифериялық артериялар, ревмокардит, туа біткен жүрек ақауы, стенокардия және миокард инфарктісі секілді аурулар қатары өлім-жітімнің 16 % құрап, мүгедектіктің басты себебі болып отыр. Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шегетін 2 миллионнан астам адам тіркелген. Жыл сайын 40 мың қазақстандық инсульт алады екен. Сондықтан бұл көз жұмып қарай салатын, қолды бір сілтеп қоя салатын жеңіл сырқат емес. Тіпті, жеңіл деп қарағанның өзі асқынғанда аяқты аспаннан келтіріп, шыбын жанды көзіне көрсетпей ме?! Ендеше жүректен туындайтын аурудың соққысы қатты болады.
Халық саулығы қашан да басты назарда. Сондықтан облыстағы ақ халаттылар әл-ауқатты арттыру бойынша ауқымды істер атқаруда аянып қалған емес. Дүниежүзілік жүрек күнінің басты мақсаты – қалың жұртты өз денсаулығына назар аударту, оның маңыздылығын, құндылығын түсіндіру, өмір бойы салауатты өмір салтын ұстануды негіз ете отырып, жеке бастың денсаулығын сақтау мен нығайту, жүрек сияқты ағзаның құндылығы, оның адам ағзасындағы рөлі және оны сақтау қажеттілігі туралы хабардар ету. Медицина мамандары осы мақсатта миссиясын орындауды қолға алып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы мекемесінде, Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы және «Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС-нің ұйымдастыруымен «Сау жүрек – денсаулық кепілі» ұранымен кең ауқымды акция өткізгені көпке мәлім. Акцияға «Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС-нің мамандары, №1 және №3 қалалық емханалардың мамандарымен жасақталған дәрігерлер бригадасы денсаулық қалашығында адамдардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына, денсаулықты сақтау мен нығайту тәсілдері туралы ақпараттар ұсынып, түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатын. Мұнда дәрігерлер керекті кеңесімен ғана бөлісіп қоймай, артериялық қан қысымы мен бой-салмақ өлшеніп, Кетле индексі және қандағы қант, холестерин мөлшері анықталды.
Игі шаралардың легі мұнымен толастамады. Облыстық жастар денсаулығы орталығы «Сау жүрекке жол таңда» ұранымен «Сау жүрек – сау ағза» ұлттық бағдарлама аясында он күндік жариялап, облыс бойынша бірнеше іс-шаралар ұйымдастырды. Қаладағы және аудандардағы сауда үйлерде халық арасында насихаттау жұмыстарын жүргізу мақсатында Сыбаға базарында, теміржол вокзалында, теміржол вокзалының депосы мен №1, №10, №43 мектепте, аудандық емханалардың фойесінде кең көлемді 12 акция өткізіп, ақпараттық-танымдық материалдар таратылды, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сауда орнына келушілердің, емханаға келген халықтың және жұмыс орындарының мамандары мен мектеп ұстаздарының қан қысымы, қандағы қант мөлшері мен холестерин деңгейі анықталып, жалпы тәжірибелік дәрігер, гинеколог, уролог, кардиолог, дерматолог дәрігерлермен бірге психолог, валеолог мамандар кеңесі берілді. Жалпы білім беретін мектептер мен арнаулы орта оқу орындарында «Менің жүрегім, сенің жүрегің», «Жүрегіңізді сақтаңыз» тақырыптарында 64 семинар-сабақ өткізіліп, «Біз салауатты өмірді таңдаймыз, жүрегімізді сақтаймыз» ұранымен балаларға тыныс алу жаттығулары және спорттық ойындар жүргізілді. Сонымен қатар, жүрек қан тамыр ауруларын болдырмау мақсатында тұзды, майды, қантты шектеу мақсатында мектеп мұғалімдері мен ата-аналарына семинарлар мен кездесулер ұйымдастырылып, трансмайлар мен тұздың, қанттың зияны жөнінде ақпараттар беріліп, ақпараттық-танымдық материалдар таратылды және қан қысымдары анықталып, қан қысымы жоғары адамдарға орталық дәрігері тарапынан кеңестер берілді. Әлеуметтік желілер арқылы жүрек қан тамырлары аурулары жайында ата-аналарға, балаларға, жастарға арналған ақпараттық-танымдық материалдар салынып, қан айналым жүйесі aуруларының мінез-құлықтық қауіп-қатер факторларының алдын алу, яғни тұзды, қантты, майды дұрыс мөлшерде тұтыну, көкөністер мен жемістерді күнделікті пайдаланудың маңыздылығы, темекіні тастауға ниеттелгендерге «жедел желі» телефоны арқылы психологиялық көмек ұсынылды.
Салауатты өмір салтын сақтау әрбір адам үшін маңызды. Өмір қыл үстінде тұратындай қиындықпен бетпе-бет келмес үшін, асқынған аурудың зардабын, залалын тартпас үшін әуелі күтім керек. Тегінде, тіпті бала құрсаққа біткеннен шала күйініп, жарық дүние есігін аман-есен ашуы үшін шыр-пыр болатын халықпыз ғой. Ендеше еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін денсаулық хақында тәптіштеп түсініп, алдын-алу жолы мен емдік шраларға дейін беске білгені ләзім. Бұған медицина мамандары да қырын қарамай, халық игілігіне бағытталған шараларды жалғастырып келеді. Мәселен, Жаңақорған аудандық емханасында «Дүниежүзілік жүрек күніне» орай ашық есік күндері мен акциялар, кездесулер мен семинар т.б. іс шаралар өткізілді. Атап айтқанда, келіп емделушілеге жас аналар мен скининг кабинетінде «Темекіні тастаймыз», «Белсенді ұзақ өмір сүру», «Дұрыс тамақтану» тақырыптарында ақпараттық түсіндіру жұмыстары мен бой салмақ өлшеу, қан қысымын талдау мен анықтау, зиянды әдеттің алдын алу мен ішімдіктің қаупі, семіздік пен артық салмақпен күресу мен алдын алу жолдары, диеталық ем-дәм тағамдарын ережеге сай қолдану бойынша шаралар жасалды. Емханаға қаралушыларға дұрыс тамақтану мен салауатты белсенді өмір сүрудің адам өміріне оның ішінде ұзақ өмір сүруге қолайлы жағдайға алып келетіндігі түсіндірілді. «Дұрыс тамақтанудың 12 қағидасы» түріндегі үнпарақша таратылды. Сонымен бірге №51, №53, №86 жалпы орта мектептерінде «Сау жүрек, сау ұрпақ» ұранымен мектеп оқушыларына семинар мен лекциялар жүргізілді. Бала кезден денсаулыққа бей-жай қарамауға, салауатты өмір салтын ұстану мен сау болып жүрудің маңыздылығы, зиянды әдетке жақындамауға, зияны бар тағамдарды көп қолданбауға шақырды. жұмыстары жүргізілді. Ақпараттық-танымдық материалдары таратылды.
Сонымен қатар, Қазалы аудандық Жастар денсаулығы бөлімшесінің «Дүниежүзілік жүрек күні» ұлттық бағдарламасына орай «Жетес би» ДА-да «Жүрек қан-тамыр жүйесі ауруларының алдын алайық» тақырыбында семинар өткізді. Барлығы 22 адам қатысып, ақпараттық-танымдық материалдар таратылды. Сондай-ақ, аудандық емханада «Жүрегіңізді сақтаңыз» тақырыбында акцияға болды. «Мусаев» базарының радиоторабынан «Өз қан қысымыңызды бақылаңыз» тақырыбында лекция оқылып, ақпараттық-танымдық материалдар таратылды. Қармақшы ауданының Ақжар ауылдық емханасында
«Дүниежүзілік жүрек күніне» орайластырылған ұлттық бағдарламасы аясында бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Ақжар ауылдық емханасында келуші науқастарды назардан тыс қалдырмады. «Сау жүрек – денсаулық кепілі» тақырыбында акция ұйымдастырылды. Акция барысында Ақжар ауылдық ВОП дәрігері Ж.Жұбандықов, емхана кардиологы Б.Карикулов, ЖДО психологы Ә.Кетебаева, медбике М.Бекова, СӨСҚ маманы Д.Құлмырзаева және медицина қызметкерлері қатысты. Кардиолог-дәрігер дүниежүзілік жүрек күнінің аталуы, жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу, ЖИА, стенокардия аурулары, жүректі сақтау және алдын алу туралы кеңестер беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, кардиолог 67 ауыл тұрғынына жеке қабылдау жүргізді. Медицина қызметкерлері келушілердің қан қысымын өлшеп, ЭКГ, УЗИ жасалынды.
Жалағаш ауданы да халық жағдайына келгенде жалтарған емес. Аудандық емханада акция ұйымдастырылды. Халық көп шоғырланатын сауда орындары, Қазпошта, Қазақтелеком, Халыққа қызмет көрсету орталығы, автовокзал, темір жол вокзалында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Түйіндей келе, дер кезінде дабыл қағатын ақ халаттылар абыройын адал атқарса, халық саулығына сын да, медицина саласына мін де тағылмас.
Расында да, денені дендеп алатын дерттің қай-қайсысы да қауіпті. Сондықтан саулыққа салғырт және немқұрайлы қараудың өмірді қысқартатынын қаперде ұстаған жөн. Бастысы, сол жақ тұстың соғысы қалыпта болып, инедей шаншылмағаны игі.
