Kyzylorda-news.kz Медицинаның ажырамас бөлігіне айналған зертхана cаласында көпшілік біле бермейтін күрделі жұмыс жүйесі қалыптасқан. Адам ағзасындатүрлі ауру синдромы жайсыздық тудыратыны анық. Шындығында емхана дәлізінде ұшырасқан екі адамның біреуі денсаулығындағы кінәратты анықтау мақсатында қан сынамасын тапсырады. Күн сайын Сара Мұхамбетқалиқызы жетекшілік ететін лаборатория бөліміне 100-ге жуық адамның қан және несеп сынамалары әкелініп, нәтиже шығарылады. Бұл ретте үздіксіз қан талдауымен айналысып, адам жанының арашасына айналған Сара Ермағанбетованың негізгі қызметімен танысу үшін аудандық емханаға атбасын бұрған болатынбыз.
Биязы қалпынан таймайтын білікті дәрігер біз барғанда жұмыс үстелінде қан құрамына талдау жасап отыр екен. Кәнігі маманның нұсқаулығымен аядай ғана бөлімнің бірнеше бағытқа бөлінген қызметіне қанықтық. Үй мен жұмыстың екі ортасында жүріп, үздіксіз еңбек ететін абзал жанның жұмысы қай кезде де қауырт. Бүгінде үш бағыт бойынша зертхана қызметі үйлестіріледі. Алғаш ем-шара жасау бөлмесінен науқастан қан алынады. Бұдан кейін арнайы құтыдағы қанның құрамын зерттеу үшін мамандар негізгі жұмыс сатысына кіріседі. Қан талдау нәтижесі дайын болған жағдайда арнайы компьютерлік бағдарламаның көмегімен қан және несеп сынамаларының нәтижесі дәрігерге жолданады. Қазіргі таңда зертханада цифрлы технология жақсы дамыған. Автоматты гемотологиялық анализатор Sysmex XS-500-I аппараты арқылы қан құрамына бірнеше талдау жасалады. Аталған аппаратпен жұмыс істеуді Сара Мұхамбетқалиқызы жетік меңгерген.
Сонымен бірге биохимиялық анализатор ВА-200 Вio Systems аппараты бір мезетте 44 адамның қанын биохимиялық сынамадан өткізеді. Мұндай аппараттар сала мамандарының жұмысын жеңілдететіні рас.
Сара Ермағанбетова эпидемиология саласын таңдағанымен кейіннен зертхана қызметінде еңбек етуге ұйғарым жасапты. Осыдан 31 жыл бұрын Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын бітіріп келген жас маманға медицинаның нағыз майталманы Тұрғанбай Маханов зертхананың қыр-сырын меңгеруге кеңес береді. Қиындығы мол мамандықта жұмыс жасауға шешім қабылдаған абзал жан 1994 жылы Тереңөзек орталық ауруханасына клиникалық-диагностикалық лабораториясының дәрігері қызметіне қабылданады. Сол кездегі аурухананың бас дәрігері Рүстем Садықов табиғатынан барлық қызметке икемді жас маманға зор жауапкершілік жүктейді.
Шындығында алты ай бойы интернатурадан тәлім алған жас маман үшін зертхана әлемі бастапқыда таңсық көрінді. Қиындығы мол салада ауыртпалықты көтере білген дәрігер нағыз кәсіби маман ретінде дағдыланды. Ең бірінші жылдары қолындағы микроскоптың көмегімен қан талдауларын жасады. Терезеден түсетін саңылау жарыққа микроскопты жақындатып, сынама қорытындысына қол жеткізу оңайға соқпаған. 3 мың жылдамдықта айналым жасайтын құрылғыны қолдана отырып, қаннан сары суын ажырату керек. Сары су арқылы әрбір адамның сынама нәтижесіндегі өзгеріс анықталады. Кейде күн-түн демей, ауыр хәлде түскен науқастың қан талдауларын жасау үшін зертханадан табылады.
– Ең алғаш аурухана табалдырығын аттағанда жауапкершілігі жоғары мамандық иесі атанғанымды білдім. Медицинадағы салғырттықты кешірмейтін зертхана саласында кез келген адам еңбек етуге жүрексінеді. Себебі қан талдау барысында әр адамның тағдыры қолымызда екенін сезінеміз. Дұрыс нәтижеге қол жеткізу арқылы емдеуші дәрігерге айқын нұсқаулық көрсетеміз. Қай кезде де жедел әрекет ету үшін барымызды саламыз. Мен жетекшелік ететін ұжым қызметкерлі өте тәжірибелі. Айта кету керек, олардың жұмыс өтілі 10 жыл мен 30 жыл аралығын құрайды. Қазіргі таңда электронды аппаратпен жұмыс жасау тиімді. Дегенмен оны күтіп ұстау маңызды. Кейде бір тетігін дұрыс баспаған жағдайда аппарат істен шығады. Сондықтан арнайы білімін жетілдірген санаулы мамандарға аппаратпен жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Бұрынғыдай емес, микроскоп та электронды жүйеде жұмыс жасайды, – дейді білікті дәрігер.
Биохимия сынама нәтижелерін анықтаумен айналысатын аға зертханашы Назерке Омарқызы мен несеп және цитология сынамасының нәтижерін анықтайтын тәжірибелі зертханашы Гүлсім Қайранбаевамен қатар, зертханадағы тәжірибелі мамандар Сара Мұхамбетқалиқызының үнемі ақыл-кеңесіне жүгінеді. Күніне меңгерушімен бірге 200-ге жуық қан талдауларын сараптамадан өткізеді. Ең алдымен төзімділік пен ыждағаттылық мамандардан талап етіледі.
Осы күні тәжірибелі дәрігерге отбасы мүшелері үнемі қолдау көрсетеді. Беймезгіл уақытқа қарамастан зайыбы жедел шақыртулар болған кезде Фаридон әйелін жұмысына жеткізсе, анасымен бірге ұлы Нұртілеу ауыр хәлде түскен науқастың жазылып кетуін тілеп отырады.
Медицина қызметімен бар ғұмырын байланыстырған Сара Ермағанбетова бұған дейін бірнеше рет марапат төрінен көрінді. Ең бастысы халықтың алғысын арқалаған жан әрбір қан талдауының нәжижелі болуын қалайды. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесін зор қуанышпен қарсы алатын ақ халатты абзал жан мамандығымен мақтанады. Күн сайын білмегенін үйреніп, білгенін өзгеге үйретуге жалықпайды. Ол халық денсаулығын жақсару үшін күніне 24 сағат жұмыс жасауға дайын. Өйткені, тәжірибелі маман Гиппократ антына адал.