Kyzylorda-news.kz. Биыл 26 ​​сәуірі мен 6 желтоқсаны аралығында ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен "Самрұқ-Қазына" және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп  ауқымды әлеуметтік «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы әлеуметтік жобасы іске асырылуда.

Еліміздің барлық өңiрлерiне тоқтаған медициналық пойыз 18 қазан мен 3 қараша аралығында Қызылорда облысының елді мекендері тұрғындарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық көмек көрсетті.

Атап айтар болсақ, шалғайдағы станция тұрғындары негізгі медициналық мамандарынан, яғни білікті терапевт, стоматолог, офтальмолог, отоларинголог, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог дәрігерлерiнен тегін тексеру және емдеуден өттi.

Сондай-ақ, "Саламатты Қазақстан" жобасына алғаш рет биылдан бастап кәсіби және тәжірибелі медиаторлар мен заңгерлер тартылып, олар тұрғындардың әртүрлі топтарына медиация, заңгерлік және әлеуметтік тұрғыда тегін көмек көрсетуде.

Дәрігерлердiң аймақ тұрғындарына медициналық қызмет көрсету шарасына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мирзанова Мая Миранбайқызы да қатысып, мамандармен пiкiр алмасты. 

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен (УЗИ, флюорография және т.б.), шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған.

Медициналық пойыздың тағы бiр айта кетер ерекшелігі - мұндағы мамандар сақтандырылмаған тұрғындарға да тегін медициналық көмек көрсетедi.

Тағы да оқыңыз: