Kyzylorda-news.kz Сырдария аудандық ауруханасында «12 мамыр – Халықаралық медбикелер күні» аясында салтанатты іс-шара өткізілген болатын. Аталған іс-шараға «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақып, Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жалғасбек Үсенов, сала мамандары қатысты.
Еңбегімен халық алғысына бөленген медбикелердің құрметіне арналған іс-шараны ашқан Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жалғасбек Үсенов әріптестерін мерекемен құттықтады.
– Бүгін керемет іс-шарада бас қосып отырмыз. Тынымсыз еңбегімен көпке танылған медбикелердің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Біз сала мамандарын қашанда мақтан етеміз. Аудандандық ауруханаға қарасты емдеу мекемелерінде медбикелердің алатын орны ерекше. Науқасқа ем-шара жасап, жұмысқа тиянақтылық танататын Сіздерге құрметіміз ерекше. Әрқашан аудан медицинасының абыройын асқақтата береңіздер, – деді бас дәрігер.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясының аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақып сала мамандарына ақжарма тілегін жеткізді.
– Мамыр айынан алғашқы күндерінен бастау мерекелер желісі «12 мамыр – Халықаралық медбикелер күнімен» жалғасын тауып отыр. Әрине, сала мамандарының жұмысы көзге көрінбейтін, асқан қиыншылықпен келетін күрделі мамандық саналады. Осындайда біз Сіздердің қызметтеріңізді жоғары бағалаймыз. Әрбір отбасында қуаныш, береке орнап, жұмыста табысты бола беріңіздер, – деді Еркебұлан Жақып.
Бұл ретте, салтанатты іс-шарада талай жыл қажыр-қайратымен даралана білген, жұмыста абырой биігінен көрінген «Жалпы тәжірибелік» бөлімшесінің тіркеу мейіргері Маралкүл Қожақты, Аманкелді ауылдық дәрігерлік амбулотриясының мейіргері Лаура Әлімбетованы, «Перзентхана» бөлімшесінің кіші буын қызметкері Ақылай Шәденованы, Шаған ауылдық амбулотриясының кіші буын қызметкері Жұмабике Шандыбаеваны зейнеткерлік демалысқа шығарып салу рәсімі өтті. Табан аудармастан аудан медицинасында еңбек еткен сала мамандарына ерекше құрмет көрсетіліп, сый-сияпат ұсынылды.
Медицина мамандары Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Олжас Искаковтың, аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың, «SЕNIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерінің салалық кәсіподағының, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының, Қызылорда облысы бойынша мейіргер ісі мамандарының ассоциасы қоғамдық бірлестігінің, кәсіподақ ұйымының «Алғыс хаттарына» ие болды. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ұйымдастырылған жарыста үздіктер қатарынан көрінген сала мамандарына ерекше ілтипат жасалды.
Айта кетейік, салтанатты іс-шара кезінде аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті.