Kyzylorda-news.kz. Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жалғасбек Үсенов «12 мамыр – Халықаралық медбикелер күні» қарсаңында сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

Талай жыл емдеу мекемелерінде табан аудармастан еңбек ете білген бірнеше ардагердің қарашаңырағына барған бас дәрігер аяулы жандарға зор ілтипат көрсетті. Әрине, жылдар бойы науқастың жанынан табылып, қажыр-қайратымен танылған медбикелер бар құрметке лайық. Бұл ретте, саланың қыр-сырына қаныққан ардақты жандар жұмыс барысындағы орын алған оқиғаларымен, есті естелігімен бөлісті. Ізінен ерген жастарға ақылын айтты. Салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Маханбетов, білікті дәрігер Сара Ермағанбетова ардагерлерге амандық-саулық тіледі. Мереке мезіретін сезінген ардагерлерге сый-сияпат ұсынылды.

– Біз қашанда ардақты ардагерлерімізді құрмет тұта білуіміз керек. Мереке аясында аяулы жандарды мерейлі сәтімен құттықтап, ақ батасын алу – негізгі мақсатымыз. Осы ретте, сала ардагерлері қызмет еткен жылдары халық денсаулығын жақсартуға бағытталған тәжірибелерімен бөлісті. Медицинаның әр саласында қолтаңбасы қалған жандарға айтар алғысымыз шексіз, – деді бас дәрігер.

Тағы да оқыңыз: