Kyzylorda-news.kz Бұрындары аты жаман аурудан зардап шеккендер ядролық сынақ өткізілген жақтарда жиі кездесетін, қазір жер таңдамайды. Оның құлқынына жас та, жасамыс та жұтылып кетіп жатыр. Медицина қанша дамыса да аты жаман ауруды ауыздықтау оңайға түспей тұр.
Қатерлі ісік тез өсіп, дененің бір жеріне ғана тоқтамай, белгілі мерзім аралығында қан және лимфа тамырлары арқылы басқа мүшелерге тарайды. Қауіптілігі сол, ол пәле ә дегенде жанға бататындай белгі бермейді екен, ал білінген кезде басқа мүшелерге қанмен тез-ақ тарап кетеді. Бұл дерт аяқтары жан-жағына жайылып жатқан теңіз шаянына ұқсас. Сол себепті, атақты ғалым Гиппократ оны рак атаған. Ал онкология – грек тілінен аударылғанда «қатерлі ісік» деген мағынаны білдіреді. Яғни, қатерлі ісік ауруларының шығу тегін зерттейтін сала. Онкологиялық аурулар әлем бойынша жылына миллиондаған адамның өмірін жалмайды. Нақтырақ айтқанда, әрбір жетінші адам онкологиялық аурулардың кесірінен көз жұмады.
Қатерлі дерттің дер кезінде анықталып, алдын алу үшін шаралар жасалғанмен, аурудың жасарып бара жатқандығы ащы шындық. Ол балаларда да көптеп кездессе, ал 40 жастан соң ісікке шалдығу бейімділігі тіптен күшейе түседі.
Еліміздегі статистика да көңіл көншітпейді. Елімізде жыл сайын 37 мыңнан астам адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады. Өкінішке қарай, дертке шалдыққандардың жартысына жуығы, дәлірек айтсақ, 14 мыңнан астамы жарық дүниемен қош айтысады. Елімізде соңғы 20 жылдың ішінде онкологиялық аурумен ауыратындардың саны 25 пайызға артқан. Ал Шиеліде дәл қазір 567 адам аты жаман аурудан айыға алмай жүр. Олардың 26-сы жатыр мойнының қатерлі ісігіне шалдыққандар. Жыл басынан бері 83 шиеліліктен қатерлі ісік анықталса, оның үшеуі жатыр мойнының қатерлі ісігі.
ҚАТЕРЛІ ДЕРТКЕ КІМДЕР ЖИІ ШАЛДЫҒАДЫ?
Осыдан біраз жыл бұрын ғана қатерлі ісік біз үшін өте қорқынышты әрі сирек індеттердің бірі еді. Ал дәл қазір ол қазақ қоғамы үшін қалыпты құбылысқа айналып барады. Мамандар болса, оның себебін халықтың жиі күйзеліске түсетінімен түсіндіреді. Адамның эмоционалды жағдайымен рактың арасындағы байланыс екі мың жыл бұрын анықталған. Біздің дәуіріміздің ІІ ғасырында өмір сүрген римдік дәрігер Гален сол кездің өзінде рак ауруына жиі күйзеліске ұшырайтын, тұрмыс-тіршілігі нашар, өміріне көңілі толмайтын әйелдермен салыстырғанда көңілді, өмірі шат-шадыман әйелдер өте сирек шалдығатынын анықтаған.
1701 жылы ағылшындық дәрігер Гендерон өзінің рак ауруларының табиғаты мен пайда болу себептері трактатында «қайғы-қасірет пен жағымсыз жағдайлар, өмірлік трагедия рак ауруының пайда болу себептерімен тікелей байланысты» деген. Осы саланы зерттеген және зерттеп жүрген көптеген ғалымдар қатерлі ісік ауруы адамның эмоционалды деңгейіне тікелей байланысты екенін айтады.
Мамандардың сөзіне сенсек, ісіктің алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастыру арқылы оның 40 пайызының алдын алуға болады. Ол үшін кез-келген адам салауатты өмір салтын ұстанып, шылымнан бас тартып, дер уақытында вакцина қабылдап, дұрыс тамақтануы шарт. Бұл дерттің негізгі себептерінің басында – темекі тарту мен дұрыс тамақтанбау тұр.
ВАКЦИНАДАН ЕМЕС, АУРУ ТУДЫРАТЫН ВИРУСТАН ҚОРҚУЫМЫЗ КЕРЕК
Елімізде 11 жастан асқан қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салынады. Адам папилломасы вирусы қауіпті, өйткені ол тез таралады, обыр жасушаларын туындататын қоздырғышқа айналады және нәтижесінде қатерлі ісік дамиды дейді мамандар. Сондықтан бұл қазіргі өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Аталмыш вакцина туралы толық ақпарат беріп, елдің көкейінде жүрген сауалдарға жауап алу мақсатында аудандық емхананың онкологы Сәуле Жансаринамен сұхбаттасқан едік.
– Айтыңызшы, онкологиялық ауруды қалай анықтауға болады?
– Қатерлі ісіктің көбеюіне алкоголь, шылым шегу, қозғалыстың аздығы, тез дайындалатын тағамдарды көп тұтыну секілді зиянды әдеттердің әсері үлкен. Қазір аяғыңды аттап бассаңыз бургер, пицца секілді жылдам дайын болатын тағамдарды сататын орындарды көп кездестіреміз. Осының барлығы онкологиялық аурулардың пайда болуы-на әкеледі. Үнемі дұрыс тамақтанбау – асқазан қатерлі ісігінің дамуына соқтырады.
Елімізде онкологиялық аурулар бойынша жасалатын скринингтің дұрыс жолға қойылуы – ауруды ерте сатыда анықтауға мол мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта елімізде үш қатерлі ісікке скрининг жасалады: 40-70 жас аралығындағы әйел адамдар сүт безінің қатерлі ісігіне, 30-70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойнының қатерлі ісігіне, 50-70 жас ара-лығындағы ер мен әйелдер тоқ ішектің қатерлі ісігіне скринингтен өтеді. Скрининг дертті дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл науқастардың өмір сүру көрсеткішін ұзартуға септігін тигізеді.
– Түсінгенімізше қатерлі ісікпен ауыратынын адам біразға дейін сезбеуі мүмкін ғой?
– Қатерлі ісік ерте сатыда әдетте симптомсыз жүреді. Адамды ештеңе мазаламауы мүмкін. Оны арнайы тексеріс кезінде ғана анықтауға болады. Мәселен, жыл сайын қаншама әйелде скринингтің арқасында сүт безі мен жатыр мойнының қатерлі ісігі уақытылы анықталады. Сәйкесінше, ерте анықталған аурудың емі де оңай, нәтижесі де оң болады. Өкінішке қарай, емделушілердің арасында ауруын асқындырып алған соң келіп қаралатындар бар. Тегін скринингтің өзіне біздің адамдарды шақыру қиындық туғызады. «Неге уақытылы скрининг өтпедіңіз немесе алғашқы симптомдар пайда болғанда бірден дәрігерге бармадыңыз» деген сұраққа көбіне «уақытым болмады, жұмыстан қолым тимеді, балаға қарайтын адам жоқ» деген сияқты жауаптарды естимін. Жылына немесе тіпті 5 жылда 1-2 сағат уақытыңызды бөліп, тексерістен өтіп тұрсаңыз, аурудың алғашқы белгілері басталысымен дәрігерге жүгірсеңіз – өз өміріңізді сақтап қаласыз.
– Дәл қазір 11 жасар қыз балаларға салынатын екпе мәселесі қоғамда қызу талқыланып жүр? Осыған кеңінен тоқталсаңыз. Неге 11 жаста салынады? Не үшін салынады?
– Адам папиллома вирусы – кейде теріде және жыныс мүшелерінде сүйел тудыратын вирустардың 200-ден астам түрінің жалпы атауы.
АПВ вакцинациясы – папилломавирустық инфекцияның және АПВ-мен байланысты аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының алдын алудың танылған әдісі. Жаппай вакцинацияны беделді халықаралық медициналық ұйымдар қолдайды. Иә, бұл екпе неге 11 жасар оқушыларға салынады деген сауал ата-аналарды алаңдатып отыр. Себебі аталмыш вакцинаның ережесі бойынша қыздар жыныстық-қатынасқа түспей тұрып салынуы керек. Екпе оқушы қыздардың ата-анасының рұқсатымен ғана жүзеге асады. Адам папиллома вирусына қарсы вакцина әлемнің 100-ден аса елінде оқушыға қыздарға салынады. Кей мемлекеттерде екпе ұлдарға да салынады. Осы вакцинаны арқасында жатыр мойны обырына шалдығатын әйелдердің саны 80-90% төмендеген. Дәл қазір көрші мемлекеттер Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстанда да оқушы қыздар жасына сай екпе алып жүр. Біз вакцинадан емес, ауру тудыратын вирустан қорқуымыз керек. Өйткені жатыр мойны обыры 3-4 сатыға өткен кезде онымен күресу қиын және ол өмірді қысқартатынын естен шығармау керек.
Қазақстанда онкопатология құрылымында әйелдер арасында жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр.
– Сонда ересек әйелдерге қатерлі дерттен қорғанудың жолы жоқ па? Оларға вакцина әсер етпей ме?
– Бұл мәселе сарапшылар арасында тартысты тақырып. Ең дұрысы жыныстық дебютке дейін, яғни балалар мен жасөспірімдер вакцинациялануы керек. Өйткені вакцина инфекцияның алдын алады және бұрыннан қалыптасқан вирусты жоймайды. 2012 жылдың қазан айында ДДҰ ресми түрде қыздарға арналған HPV вакцинасын иммундау кестесіне енгізді. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басымдылығын мойындаған әлемдегі барлық елдер оның ішінде Ресей Федерациясы оны мойындайды. Қазіргі уақытта вакцинация үшін оңтайлы жас 9-13 жас болып саналады. Ересектердің вакцинациясына қатысты дау әлі де бар. Біздің елімізде 45 жасқа дейінгі қыздар мен әйелдерге вакцинация алу ұсынылады. Бірақ, өкінішке орай, міндетті емес.
– Елдің қорқатыны қызымды дерттен қорғаймын деп жүріп керісінше ауыртып аламын ба деген ой. Бұл вакцинаның жанама әсерлері болуы мүмкін бе?
– Қазір әлемде миллиондаған адамдар адам папилломавирусына қарсы вакцинацияланған. Кейде инъекция орнында қызару және ауырсыну пайда болуы мүмкін. Сирек жағдайларда температураның шамалы көтерілуі, бас ауруы мен айналуы, жүрек айнуы және естен тану пайда болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының вакцина қауіпсіздігі жөніндегі жаһандық консультативтік комитеті HPV вакциналарының қауіпсіздігі туралы дәлелдемелерді жүйелі түрде қарастырады, оның соңғы қорытындысы бойынша 2016 жылдың қаңтарында қолдағы бар дәлелдемелер денсаулыққа қауіп төндірмейді деп дәлелденген. Вакцинация HPV-мен байланысты аурулардың және жатыр мойны обырының алдын алудың ең жақсы тәсілі болғанымен, ол жатыр мойнының әдеттегі скринингін жоймайды. Біріншіден, жатыр мойны обырының кейбір сирек жағдайлары HPV-мен байланысты емес. Екіншіден, HPV-ден қорғау жақсы, бірақ абсолютті емес. Дегенмен, басқа вакцинацияларға ұқсастығы бойынша, вакцинацияланған адамдар ауырып қалуы мүмкін болса да, іс жүзінде аурудың ауыр ағымы немесе асқынулары болмайды.
– Оқырманға не айтар едіңіз?
– Салауатты өмір салтын ұстану. Осы сөзді барлығымыз естісек те, ол қағидаларды ұстанып жатқанымыз өте аз. Дұрыс әрі уақытымен тамақтану, дене шынықтырумен айналысу, көп қимылдау, көп жүру, таза су ішіп жүру, көкөніс пен жемістерді мол пайдалану, ет тағамдарын мөлшерінен тыс пайдаланбау керек. Сау адамдар жылына бір рет дәрігерге көрініп, түрлі тексерулер мен қараулардан өтіп отыруы керек. Әйел адам болсын, ер адам болсын профилактикалық тексерулерден өтіп отыру, анықталған ауруларды уақытында емдету – денсаулықтың үнемі мықты болып жүруіне септігін тигізеді. Ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол іздеуді әр адам өзіне мақсат тұтса нұр үстіне нұр болар еді.
Қазақтар қатерлі ісік дертін ажал үкіміндей қабылдайды. Дегенмен дер кезінде анықталса, бұл ауруды жеңуге болады. Сондықтан әр адам жылына тым болмаса бір рет медициналық тексеруден өтіп тұру қажет.
Ажал алдында адам біткеннің бәрі дәрменсіз. Десе де, ауырмауға ұмтылу, салауатты өмір салтын ұстану қолдан келетін жай ғой…
Гүлхан ЯХИЯ