Kyzylorda-news.kz. Райса Анасова мерейлі медбике қызметін атқарып келе жатқанына биыл 29 жыл толған. Өзінің жан қалауы, жүрек таңдауымен осы саланы меңгерген білікті маман өзінің жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. 1975 жылы аудан орталығында дүниеге келген ол Қызылдихан ауылындағы орта мектепте білім алған. Жастайынан тағдыр тауқыметін тартып, ата-анадан жастай айырылғанымен, өмірдің бұралаңдарына мойын бұрмауға тырысады. Өмір жолында кездескен кедергілер мақсаты айқын, арманы асқақ қыздың мықты әрі жігерлі болып өсуіне жол ашады.
Ағасы Сайфолланың қолында өсіп, тәрбиесін көрген Райса кішкентай күнінен адам жанына араша болған ақ халатты абзал жандарға қызығып өскен екен. Өзі де өскенде осы саланың қыры мен сырын меңгеруді арман еткен. Осы орайда 1992 жылы Қызылорда медициналық колледжіне оқуға түсіп, оқу ордасын екі жылдан соң үздік аятап шыққан. 1994 жылы алғашқы еңбек жолын бастап, күні бүгінге дейін медицина саласында абыройлы еңбек етіп келеді.
Қазір аға медбикенің қарамағында 400-ге жуық медбике бар. Аудандық ауруханадан бөлек, 13 елді мекен мен 17 мектеп медбикелерінің жұмысын Райса Анасқызы ұтымды ұйымдастырып, жүйелі жүргізіп келеді. Көпшілікке бас болып, шаруаны оңтайлы үйлестіру ерік-жігері мықты болмаса, нәзік жандылар үшін оңай болмасы анық.
Біреуге сырлас құрбы, біреуге ақылшы әпке болып жүрген жан әріптестерінің арасында да үлкен беделге ие. Мереке қарсаңында сәті түскен бұл мақаламызды жазбас бұрын да Райса Анасованың жақсы атын әріптестері аузынан естуіміз – сөзімізге дәлел. Кейіпкеріміз 1994 жылдан 2018 жылға дейін аудандық аурухананың жан сақтау бөлімінде аға мейіргер болып жұмыс жасап, тәжірибесін толықтырған. Кейін 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аудандық аурухананың бас мейіргері болып қызмет етуде.
– Осы саланы өзіміз таңдап, өзіміз қалап келдік. Қиындығы да, қуанышы да қатар жүреді деп айта аламын. Күн-түн деп жатпай, уақытпен санаспай жұмыс жасаймыз. Кейде жұмыстан басқаға уақыт таппай қалатын кездер болады. Бірақ мамандыққа деген адалдық бірінші орында. Себебі біз таңдаған жұмыстың ар жағында қаншама халықтың тағдыры, денсаулығы, өмірі тұр. Оған бей-жай қарауға болмайды. Мамандығымды мақтан тұтамын. Ауыр жағдайда келген науқастардың жүзіне қан жүгіріп, тәуір болғанын көргенде құлшынысымыз артып, бірге қуанамыз, – дейді Райса Анасқызы.
Медицина саласы да дамудың дара жолына бағыт алып келеді. Ал білікті мамандарға жаңашылдықты уақытылы игеріп, оны тәжірибеде қолдана алу маңызды. Аудан мейірбикелері әркез жаңа білімге ұмтылып, арнайы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады. Кейіпкеріміз алдағы уақытта осы мақсатты арқау еткен семинарларды аудан орталығында ұйымдастыру жоспары бар екенін айтты.
Бірде-бір аурухана медбикесіз жұмысын өрбіте алмайды. Адам жанына араша түсіп, денсаулық түзеу ісінде дәрігерлерден кем орын алмайтын аса жауапты мамандық иелері – медбикелер. Науқас жанына инесімен де, ақ көңілімен де шипа сыйлайтын жандар 12 мамыр күні кәсіби мерекесін атап өтеді. Мереке қарсаңында аталған мамандық иелеріне басымдық беріп, халықтың көзі мен тілі болған басылым арқылы адал еңбекті насихаттауды жөн санадық.
29 жыл бойы аталған салада абыройлы еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты медбике аудан, облыс көлемінде құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталған. Финляндия елінің Хельсинки-Тампере қаласында біліктілігін арттырғанын да айта кеткеніміз жөн. Қызметтегі жеткен жетістіктері үшін ұдайы басшылық тараптың алғысы мен марапатына ие болып, мәртебесі артқан маман отбасы деген шағын мемлекеттің де аяулысы болып отырған жайы бар. Бүгінде екі қыз тәрбиелеп, немере сүйген асыл әже, ардақты жар, аяулы ана әр ісіне жауапкершілікпен қарайды. Кәсіби мереке қарсаңында мерейлі мамандық иелерін құттықтай отырып, амандық, саулық, табыс тілейміз!
