Kyzylorda-news.kz. Денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсетудің сапасы көбінесе мейірбикелердің жұмысына байланысты бағаланады. Себебі, емдеу барысында мейірбикелер емделушілермен тығыз байланыста болады. Пациентпен сенімді қарым-қатынас орнату, емделушінің пікірін сыйлау, әрі науқас жайлы жеке ақпараттың құпиялылығы қамтамасыз етілуі тиіс. Облыста осы орта буын медицина қызметкерлерін даярлайтын колледж бар. 9 мамандық бойынша білім береді. Қазір колледжде 334 студент білім алуда.

«Қолданбалы бакалавриат бағдарламаны енгізу Жоғары колледж статусын алған 6 колледждің бірі ретінде 2014 жылдың қыркүйегінен Пилоттық жоба түрінде басталды. Алғаш рет, 2014-2015 оқу жылында 3,6 жыл оқу бағдарламасымен 21 студент, 2016-2017 оқу жылынан бастап 1,6 жыл жеделдетілген тәртіптегі оқу бағдарламасымен практикалық денсаулық сақтау саласында 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар мейіргерлер қатарынан 50 студент қабылданды. Біз облыстағы медициналық мекемелерді орта буын мамандармен 40 пайыз қамтуды межелеп отырмыз», – деді Қызылорда медициналық жоғары колледжінің қолданбалы бакалавр бөлімінің жетекшісі Лаззат Байғабылова.

Жанат Әбдіқұлова Қызылорда медициналық жоғары колледжінің түлегі. Еңбек жолын «Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығынан» бастады. Кейінгі жылдары Қызылорда заң колледжінде, облыстық қан орталығында мейірбике болып жұмыс жасады. Қазір облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас мейірбикесі болып қызмет етеді. Індетпен күресте аянбай еңбек етіп жүр. Тіпті айлап үйіне қайтпай науқастарға ем-домын жасады.

«Жалпы, мейірбике – ол кез келген аурухананың, емдеу орталығының жүрегі десек болады. Науқастың дертінен жазылып кетуі медициналық қызметтің сапасына байланысты. Сол қызметті негізінен мейірбикелер жүзеге асырады. Дәрі-дәрмегінен бөлек, жылы сөзімен, жылы шырайымен емін жасайды. Біздің мамандық мейірімділікті және жүректілікті қажет етеді деп ойлаймын. Індет үдеген уақытта қиналдық. Енді ондай жағдай қайталанбас үшін сақтық шараларын мән берсеңіздер», – дейді облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас мейірбикесі Жанат Әбдіқұлова.

«Бала кезімнен мейірбике болып, халыққа қызмет көрсетуді мақсат еткен едім. Жалпы, мейірбикелерге жүктеліп отырған жауапкершілік жүгі өте салмақты. Дәрігердің берген нұсқаулығы мінсіз орындалғанда ғана науқас дертінен сауығып, денсаулығы жақсарады. Ем алушының ауруынан жазылуы 80 пайыз мейірбикенің біліктілігіне байланысты деп ойлаймын. Осыған орай, ұдайы білімді шыңдап, біліктілікті арттырып отыру негізгі рөл атқарады. Өткен жылы коронавирустық пандемияның ушыққан тұсында үй көрмей жұмыс жасадық. Абырой болғанда, көптеген азаматтардың сауығып кетуіне атсалыстық. Сындарлы сәтте мінсіз жұмыс жасаған әріптестеріме ризашылығымды білдіргім келеді. Ең үлкен марапатым «Шапағат» төс белгісі. Бұл төсбелгі ҚР Президентінің жарлығына сәйкес табысталды», – деді облыстық психикалық денсаулық орталығының мейірбикесі Құндызай Баянова.

Тағы да оқыңыз: