Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында жыл басынан бері дерматомикоз ауруының 106 жағдайы тіркеліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 10 жағдайға жоғарылаған.

Аудандар кесімінде жоғары көрсеткіш Жалағаш, Жаңақорған аудандарына және Қызылорда қаласына тиесілі. Тіркелген аурудың 100 жағдайы немесе 94 пайызы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Кәсіби құрамы бойынша ауруға шалдыққандардың 54,8% – мектеп оқушылары, 34,1% – ұйымдаспаған топ, 7,3% – мектепке дейінгі мекеме балалары, 3,6% – зейнеткерлер, жұмыссыздар құрап отыр.

Эпидемиологиялық зерттеу барысында аурудың 90,4 пайызы ит-мысықтар арқылы, 9,5 пайызында қарым-қатынас арқылы жұқтырылған.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің мамандары дерматомикоздың алдын алу бойынша келесі іс-шараларды сақтауды еске салады:

– жеке гигиеналық заттарды қолдану;

– қоғамдық орындарға барып келгеннен соң қолды мұқият сабынмен жуу;

– иесіз, кезбе жануарлардан аулақ жүру;

Дерматомикоздың алғашқы белгілері – аяқ-қол тырнақтарының пластинкаларындағы патологиялық өзгерістер, теріде қызарған дақтар, бөртпелер пайда болу, дененің қышуы, ашуы пайда болған жағдайда тез арада дерматолог көмегіне жүгіну қажет.

Айта кетейік, дерматомикоз – бұл адамдар мен жануарларда паразиттік тіршілік ететін дерматофит саңырауқұлақтары тудыратын аурулар тобы.

Аурудың бұл түрімен ересек адамдар да, балалар ауырады. Инфекция көзі – ауру адамдар, үй жануарлары және жабайы кеміргіштер. Ауру алдымен терінің бұзылуы (қабыршақтану), тырнақтың сынуы, бастың шаш орналасқан бөлігінің тақырлануы түрінде байқалады. Шаштың түсуі көбіне жас бүлдіршіндерде кездеседі.

Тағы да оқыңыз: